Basty bet
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аудан көлемінде ұйымдастырылуда. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.
Табиғат – адамзаттың баға жетпес байлығы. Сондықтан туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі перзенттік парызы. Осы игі бастама аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында ғана емес, барлық ауылдық округте де тұрақты түрде жалғасып келеді.
Акция аясында ауыл көшелері, саябақтар, қоғамдық орындар, білім беру ұйымдарының аулалары мен тарихи-мәдени нысандардың аумақтарында сенбіліктер ұйымдастырылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлері, ардагерлер кеңесі, жастар орталығы, еріктілер, кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары белсенді қатысуда. Нәтижесінде көптеген көше абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылып, арық-атыздар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Экологиялық акцияға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары ерекше үлес қосып келеді. Олар ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп түрлі тазалық іс-шараларын ұйымдастыруда.
Осындай игі шаралардың бірі Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында өтті. Онда жастар мен ауыл әкімдігі аппаратының қызметкерлері қоғамдық жұмысшылармен бірге Шерхан Мұртаза атындағы әдеби-мемориалдық музейдің аумағын қоқыс пен арамшөптен тазалап, айналасын ретке келтірді.
Мұндай жұмыстар Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде де жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлер қоғамдық орындарды тазалап, ағаштарды әктеп, сырлау жұмыстарын жүргізді.
Одан бөлек, тазалық жұмыстары ауданға қарасты басқа да ауылдық округтерде ұйымдастырылуда. Мәселен, Нұрлыкент ауылдық округінде тазалық жұмыстары жүйелі жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында ауылдық округте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауыл көшелері мен қоғамдық орындарда сенбіліктер ұйымдастырылып, арық-атыздар тазартылып, қураған ағаш бұталары мен тұрмыстық қалдықтар шығарылуда. Сонымен қатар тұрғындар, жастар, қоғамдық жұмысшылар және мекеме қызметкерлері көше бойларын абаттандыруға, ағаш көшеттерін отырғызуға белсенді қатысуда.
Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа– Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің аудан аумағынан өтетін бөлігінде де санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, жол жиегіндегі қоқыстар мен қураған ағаштар тазартылды. Бұл жұмыстарға Нұрлыкент, Көкбастау, Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындары мен жастар белсенді атсалысты.
Ал, Қошқарата ауылдық округінде қоғамдық орындар көркейтілуде. Округте акцияның аясында жүйелі тазалық жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Ауыл тұрғындары, жастар және мекеме қызметкерлері көшелерді, саябақтарды, балалар ойын алаңдарын және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктеп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, арық-атыздар тазартылып, санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде қолға алынған. Округ тұрғындары туған жердің тазалығын сақтауға белсенді үлес қосып келеді.
Одан бөлек, Көкбастау ауылдық округінде игі бастамалар жалғасуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер тұрақты өткізіліп келеді. Ауыл жастары, еріктілер, қоғамдық жұмысшылар мен ауыл әкімдігі аппаратының қызметкерлері көшелерді тазалап, жол жиектерін ретке келтіріп, көгалдандыру жұмыстарына қатысуда. Сонымен қатар, халықаралық автожол бойындағы санитарлық тазалық жұмыстарына да округ тұрғындары белсенді атсалысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуда.
Ал, Ақсай ауылдық округінде де тазалық жұмыстары қарқын алуда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауылдық округте жүйелі тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Акция барысында ауыл көшелері, қоғамдық орындар, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың аумақтары қоқыстан тазартылып, арық-атыздар ретке келтірілуде. Сонымен қатар қоғамдық жұмысшылар, ауыл әкімдігі аппаратының қызметкерлері, жастар және ауыл тұрғындары сенбіліктерге белсенді қатысып, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосуда.
Сондай-ақ округте ағаш көшеттерін күтіп-баптау, арамшөптерді отау, көше бойларын абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде.
Тазалық – баршаға ортақ іс. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, туған жерімізді таза әрі көрікті ұстауға атсалысса, ауылымыздың ажары арта түсері сөзсіз.
Жалпы, акция басталғалы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдардың көрнекті орындары тазартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ардагерлер, жастар және ауыл тұрғындары туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.
Дегенмен, аудан орталығында әлі де назар аударуды қажет ететін орындар бар. Кейбір көшелер мен сайлардың бойында, көпқабатты тұрғын үйлердің айналасында арамшөптер мен тұрмыстық қалдықтар көптеп кездеседі.
Мәселен, Жамбыл көшесіндегі бұрынғы «Құлантау» тойханасының аумағы біраз уақыттан бері күтімсіз қалып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы жол жөндеу жұмыстарынан кейін қалған ескі асфальт үйінділері әлі күнге дейін толық тазартылмаған. Бұл аумақтарды ретке келтіру, ағаштарды бұтап, қалдықтарды шығару ауыл келбетінің жақсаруына оң әсерін тигізері анық.
Сол сияқты аудандық орталық аурухананың маңындағы жаңа көпқабатты тұрғын үйдің айналасында да арамшөптер өсіп кеткен. Балалар ойын алаңдарының тазалығы мен күтімі де тұрақты бақылауды қажет етеді. Бұл мәселеге тұрғындардың өздері де белсенді атсалысса, нәтижесі әлдеқайда тиімді болмақ.
Тағы бір өзекті мәселе – отырғызылған ағаш көшеттерінің күтімі. Жыл сайын қомақты қаржыға сатып алынған көшеттердің бір бөлігі дер кезінде суғарылмағандықтан немесе күтім жасалмағандықтан қурап қалады. Сондықтан тек ағаш отырғызумен шектелмей, олардың тұрақты күтіміне де ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Бұған дейін «Жастар аллеясының» тазалығы жөнінде де мәселе көтерілген болатын. Белгілі бір жұмыстар атқарылғанымен, кейбір жерлерде тазалау және жөндеу жұмыстары әлі де аяқталмаған.
Әрине, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Күн сайын көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Дегенмен, тазаланбай қалған немесе реттелмеген орындар тұрғындардың назарына бірден ілігеді. Сондықтан басталған жұмыстар толық аяқталып, олардың сапасына тұрақты бақылаудың жасалғаны жөн.
Экологиялық акцияның аясында жастардың белсенділігі ерекше қуантады. Еріктілер тұрғындар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін ұдайы насихаттап келеді.
Білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге арналған ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, сурет байқаулары және ағаш отырғызу акциялары тұрақты ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай ортақ іске жұмыла атсалысу адамдарды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Әрбір егілген ағаш пен тазаланған көше – туған жерге деген құрметтің нақты көрінісі.
«Таза Қазақстан» – бір реттік сенбілік емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалыс. Сондықтан туған жердің тазалығы әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
Таза ауыл – дені сау қоғамның кепілі. Ал таза Қазақстан – жарқын болашақтың негізі. Ендеше, туған жердің тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет!