Basty bet

Қауіпсіздікке жауапты маман

Кез келген өндіріс саласында қауіпсіздік – ең басты құндылықтардың бірі. Әсіресе, су шаруашылығында еңбек ететін мамандардың қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі мен еңбек талаптарының сақталуы ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып жүрген тәжірибелі мамандардың бірі – «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалына қарасты «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері Ербол Қаңтарбаев.
Ербол Болысбекұлы 1966 жылы Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыл тіршілігімен етене өтіп, алғашқы білімді туған ауылындағы сегізжылдық мектептен алады. Кейін Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы мектепте 9-10 сыныптарды тамамдайды.
Ал, 1983 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтына оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын игере бастайды. Алайда студент кезінде әскер қатарына шақырылып, Германияда екі жыл әскери борышын өтейді. Азаматтық міндетін абыроймен атқарып келген соң оқуын қайта жалғастырып, жоғары білім алады.
Осылайша 1991 жылы Жамбыл былғары комбинатына инженер-технолог болып жұмысқа орналасқан жас маман өндірісте мол тәжірибе жинақтайды. Дегенмен, еліміздегі экономикалық қиындықтардың салдарынан кәсіпорын жұмысын тоқтатып, 1998 жылы туған ауылына оралады. Мұнда бұрынғы Кеңес ауылындағы «Кеңес» өндірістік кооперативінде қойма меңгерушісі қызметін атқарып, ауыл шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдай түседі.
Кейін кооператив те жұмысын тоқтатқан соң, 2007 жылы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына қоныс аударады. Ал, 2011 жылы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалына қарасты «Ақсай» өндірістік бөлімшесіне жүргізуші болып орналасады. Осылайша су шаруашылығының тыныс-тіршілігімен етене танысып, өндірістегі жұмыс барысын жан-жақты меңгереді.
Іскерлігі мен тиянақтылығының арқасында 2018 жылы еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері қызметіне тағайындалды. Содан бері өндірістік бөлімшеде еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қадағалап, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға үлес қосып келеді. Оның қызметі құжат жүргізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.
– Біз еңбек жолымызда талай қиындықтарды бастан өткердік. Алғаш еңбекке араласқан жылдар еліміздің Тәуелсіздік алған кезеңімен тұспа-тұс келді. Экономикалық қиындықтарға байланысты көптеген кәсіпорындар тоқырауға ұшырап, кейде жалақысыз еңбек еткен, жұмыссыз қалған кездеріміз болды. Соған қарамастан елдің ертеңіне сеніп, адал еңбектен қол үзбедік. Мемлекеттің дамуына әр азамат өз ісімен үлес қосуы тиіс деп түсіндік. Ауылда жұмыссыз жүрген уақыттар да кездесті. Бірақ отбасы алдындағы жауапкершілік бізді әрдайым алға жетеледі. Қандай жағдай болса да адал еңбек етіп, отбасымды асырауды басты парызым санадым, – дейді Ербол Болысбекұлы.
Оның айтуынша, «Ақсай» өндірістік бөлімшесіне келгеннен кейін су шаруашылығының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінген.
– Су шаруашылығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Егіннің бітік шығуы, шаруалар еңбегінің нәтижелі болуы дер кезінде жеткізілген ағын суға тікелей байланысты. Сондықтан біздің мақсатымыз – шаруаларды қажетті сумен уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету.
Бөлімшеге қарасты каналдарда күн-түн демей еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан жұмысшыларға техника қауіпсіздігінің талаптарын үнемі түсіндіріп, сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертіп отырамыз. Себебі, әр қызметкердің өмірі мен денсаулығы бәрінен қымбат, – дейді ол.
Ербол Қаңтарбаев қазіргі заман талабына сай еңбек ету үшін мамандар өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет екенін айтады.
– Бүгінде техника мен технология қарыштап дамып келеді. Сондықтан, әрбір маман жаңа құрал-жабдықтар мен заманауи әдістерді меңгеруге ұмтылуы тиіс. Су шаруашылығының болашағы кәсіби білімі терең, өз ісіне адал мамандардың қолында, – дейді ол.
Ол үшін өмірдегі ең үлкен жетістік – отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесі. Жұбайы Гүлсім Қаңтарбаева аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Екеуі өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, өнегелі әулеттің ұйытқысына айналған. Бүгінде олар үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, сегіз немеренің қызығын көріп отыр. Балалары да ата-анасының еңбекқорлығы мен жауапкершілікке негізделген тәрбиесін жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Аслан асабалық қызметпен айналысса, Ерлан Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы балалар өнер мектебі директорының орынбасары. Кенже ұлы Ерасыл Алматы қаласындағы Көлік академиясының 4-курс студенті. Ал, қызы Аида жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Су шаруашылығы – елдің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты маңызды сала. Осындай жауапты жұмыста өз ісіне адал, тәжірибелі мамандардың еңбегі өндірістің тұрақты жұмысын ғана емес, ұжымдағы қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуын да қамтамасыз етеді. Ербол Қаңтарбаевтың өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың, елдің игілігі жолындағы қызметтің жарқын үлгісі.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close