Basty bet
Кедергісіз орта – кемел келешектің кепілі
Он екі мүшесі сау адамның өмірге деген құштарлығы жоғары болатыны заңдылық. Ал тағдырдың сынағына түсіп, бір мүшесі кем жаратылған жандардың өмірге деген құлшынысы мен ерік-жігері кейде көпшілікке үлгі болады. Олар бойындағы қиындыққа мойымай, жігерін шыңдап, өмірге деген сенімін жоғалтпай келеді. Қимыл-қозғалыстары шектеулі болғанымен, олардың арманы асқақ, талпынысы биік, мақсаты айқын.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар» деп атағанымызбен, қоғамда мүмкін еместі мүмкін етіп жүрген жандар аз емес. Қандай қиындық болса да қажыр-қайрат танытып, тағдыр тауқыметіне төтеп берудің үлгісін дәл осы азаматтар көрсетіп келеді. Әсіресе, өмірге құштар мүмкіндігі шектеулі балалардың еш мойымай, алға ұмтылуы баршаға өнеге.
Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамнан оқшауланбай, керісінше, қоғаммен бірге өмір сүріп, өз орнын табуы тиіс. Осы бағытта ауданда жүйелі жұмыстар қолға алынған. Солардың бірі – «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы. Орталық 2019 жылы аудан әкімдігінің әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімімен бірлескен әріптестігі аясында қоғамдық бірлестік ретінде ашылған.
Бүгінде мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы 25 балаға тегін әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Балалар ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінген. Атап айтқанда, ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар тәрбиеленеді. Орталықта тәрбиеші, күтуші, логопед, дефектолог, психолог және басқа да білікті мамандар қызмет етеді. Орталықтың меңгерушісі – Дамира Жолшанқызы.
– Бұл орталықты ашудағы негізгі мақсат – ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, оларды жан-жақты оңалту және өмірге икемдеу.
Мұндай балалармен жұмыс істеу үшін ең алдымен оларды түсіне білетін, мейірімді әрі жауапкершілігі жоғары мамандар қажет. Сондықтан қызметкерлерді іріктеуде кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілік қасиеттеріне де ерекше көңіл бөлінді. Орталыққа келген балалар ең алдымен өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренеді. Олар ортаға бейімделіп, қатарластарымен қарым-қатынас жасауды, бір-бірімен сыйластықта болуды меңгереді.
Орталықтың жұмысы таңғы сағат 08:00-де басталып, кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Балалар арнайы инватакси арқылы аудан орталығы мен шалғай ауылдардан тасымалданады. Тәрбиеленушілерге күніне бес мезгіл тамақ беріледі. Ас мәзірі әр баланың денсаулық ерекшелігіне қарай мұқият әзірленеді. Себебі, кейбір балалардың белгілі бір тағам түрлеріне аллергиясы немесе денсаулығына байланысты шектеулері болуы мүмкін. Осыған байланысты алғашқы уақытта әр баланың ағзасына бейімделуі мұқият бақыланып, кейін ас мәзіріне қажетті өзгерістер енгізілген.
Орталықта тазалық мәселесіне де айрықша көңіл бөлінеді. Әр баланың жеке киімі мен гигиеналық құралдары тек өзіне ғана пайдаланылады. Өйткені, тәрбиеленушілердің басым бөлігінің шаңға, күн сәулесіне, әтір иісіне немесе гүл тозаңына аллергиялық сезімталдығы жоғары. Сондықтан балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін артық заттардың барлығы алынып тасталған. Мұндағы басты мақсат – балалардың оңалуына ешқандай кедергі келтірмейтін қолайлы жағдай жасау.
Арнайы мамандар әр баламен бекітілген кестеге сәйкес жеке-жеке жұмыс жүргізеді. Себебі ерекше балаларды ұзақ уақыт бір орында ұстап отыру оңай емес. Бір балаға шамамен 40 минут уақыт бөлінеді. Оның жартысы ойын түрінде өтсе, қалған бөлігінде түзету-дамыту сабақтары ұйымдастырылады. Мұндай балалар өзіне көңіл бөлгенді, мақтау естігенді ерекше жақсы көреді. Сондықтан әр жетістігі дер кезінде бағаланып, қолдау көрсетіледі.
Балалардың көңілін жаралауға болмайды. Олар мерекелік концерттерге қатысып, сыйлық алғанда алғаш көргендей шынайы қуанады. Кейде бүгін үйренген дүниесін ертең ұмытып қалуы мүмкін. Бұл – олардың ерекшелігі. Әрине, бұл жұмыстың қиындығымен қатар қызығы да мол. Мамандар балалармен бірге қуанып, олардың әр жетістігін ортақ жеңіс деп қабылдайды. Орталық ұжымы үшін ерекше бала мен дені сау баланың еш айырмашылығы жоқ.
Ойын залында балалар түрлі дамытушы ойындар ойнайды. Жатын бөлмеде олардың тынығуы үнемі бақылауда болады. Белгіленген уақытқа сәйкес массаж жасалып, емдік дене шынықтыру жаттығулары өткізіледі. Арнайы тренажерлармен жұмыс жүргізіліп, әр баланың денсаулық жағдайына қарай жеке оңалту бағдарламасы жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда орталықта өз ісінің білікті мамандары еңбек етеді. Атап айтқанда, психолог, логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру (ЛФК) нұсқаушысы, массажист, медициналық мейіргер, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, санитар және басқа да мамандар бірлесе отырып, балаларға кешенді қызмет көрсетуде. Әрбір маман тәрбиеленушінің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оның даму әлеуетін арттыруға бағытталған түзету және оңалту жұмыстарын жүргізеді.
Орталық осы уақыт аралығында бірқатар нәтижелі жетістіктерге қол жеткізді. Жүйелі жұмыстың арқасында тәрбиеленушілердің қарым-қатынас жасау дағдылары едәуір жақсарып, әлеуметтік ортаға бейімделуі артты. Сонымен қатар олардың өзіне деген сенімі нығайып, өздігінен шешім қабылдауына, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын меңгеруіне және қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік жасалды.
Дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі емнің басты кепілі. Ерекше балалармен аяушылық танытқан адам емес, оларды шын жүректен жақсы көріп, баламен балаша тіл табыса алатын жан ғана нәтижелі жұмыс істей алады. Мұндай баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың еңбегі мен төзімін де ерекше бағалау қажет.
Балалардың оң өзгеріске ұшырап, ортаға бейімделгенін көру – біздің ең үлкен жетістігіміз. Орталықтың барлық бөлмелері тұрақты түрде кварцталып, ауасы залалсыздандырылып тұрады. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назарымызда, – дейді Дамира Жолшанқызы.
Орталық ашылған күннен бері мамандар кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Олар түрлі семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруде. Соның нәтижесінде тәрбиеленушілерге заманауи талапқа сай сапалы әлеуметтік және оңалту қызметтері көрсетіліп келеді.
Орталық басшысы алдағы уақытта да балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жаңа жобалар мен жоспарлардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтады. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырып, жарқын болашаққа жол ашу – ортақ міндет.
Бүгінде қоғамда ерекше жандарға деген көзқарас біртіндеп өзгеріп, өркениетті ұстаным қалыптасып келеді. Ең бастысы – олардың жалғыз еместігін сезіндіру, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Өйткені, олар да осы қоғамның ажырамас бөлігі.
«Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында атқарылып жатқан жұмыстар осынау мақсаттың нақты көрінісі деуге болады. Алдағы уақытта да қамқорлыққа мұқтаж балаларға сапалы әлеуметтік қызмет көрсетіп, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру жолындағы игі істер жалғасын табатыны сөзсіз. Бұл жолда орталық ұжымының кәсібилігі, сабырлылығы мен табандылығы әрдайым серік боларына сенім мол.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»