Basty bet

ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ – БҮГІНГІ ЖАУАПТЫ ТАҢДАУДА

Жаңа Конституцияның қабылдануы – еліміздің болашағына бағытталған маңызды тарихи қадам. Өйткені Негізгі заң – мемлекеттің басқару жүйесін ғана емес, әрбір азаматтың құқығы мен міндетін, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізгі қағидаларын айқындайтын басты құжат.
Жаңа Негізгі заңда ана мен бала, әкелік және отбасы институтының мемлекет қорғауында болуы нақты көрсетілгені ерекше мәнге ие. Бұл – бала өмірі, оның денсаулығы, қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың маңызын арттырады. Отбасы – қоғамның негізі болса, баланың тәрбиесі – сол қоғамның ертеңін қалыптастыратын ең жауапты міндет.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, балаға жастайынан адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенге құрметті, кішіге ізетті, жауапкершілік пен мейірімділікті сіңіру – ата-ана мен тәрбиешінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан баланың бойына дұрыс құндылық қалыптастыруға жұмсалған әрбір еңбек – елдің болашағына салынған берік негіз.
Бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын қолдау арқылы біз елдің тұрақтылығы мен бірлігін де нығайтамыз. Ал мемлекеттің дамуы заңның үстемдігі мен әділеттілікке тікелей байланысты. Заңға құрмет бар жерде тәртіп орнайды, тәртіп бар жерде береке болады. Азамат пен мемлекет арасында өзара сенім қалыптасқан кезде әрбір адам өз еңбегінің бағаланатынын сезініп, қоғамның дамуына белсенді үлес қоса алады.
Осы тұрғыдан алғанда, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы да ел болашағы үшін маңызды саяси науқанның бірі. Бұл – азаматтардың өз таңдауын жасап, еліміздің алдағы даму бағытына қатысты азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды мүмкіндік. Әсіресе бүгінгі шешімдердің ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер ететінін ескерсек, сайлауға жауапкершілікпен қатысу – әр азаматтың ел алдындағы азаматтық парызы.
Дауыс беру – тек бүгінгі таңдау емес, болашақ ұрпақтың ертеңіне жасалған жауапты қадам. Біз қандай қоғамды қалыптастырсақ, балаларымыз сондай ортада өмір сүреді. Сондықтан әрбір дауыс – әділетті, тұрақты, қауіпсіз әрі мүмкіндігі мол Қазақстанды қалыптастыруға қосылған үлес.
Жаңа Конституциядағы отбасы мен балаға қатысты кепілдіктер бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені баланың бүгінгі қауіпсіздігі мен тәрбиесі – елдің ертеңгі тұрақтылығы. Әр бала сапалы тәрбие мен білім алып, мейірім мен қамқорлықта өссе, оның бойында Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет етуге деген ұмтылыс қалыптасады. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Елдің болашағы бір ғана адамның емес, баршамыздың ортақ ісімізге байланысты. Әрқайсымыз өз міндетімізге адал болып, заңды құрметтеп, отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарасақ, әділетті, берекелі әрі жарқын Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.
Шекеева Асима Қалмаханқызы,
“NU BALABAQSHA” ЖШС директоры, жеке кәсіпкер.

Таңдаулы материалдар

Close