Basty bet

Өмір жолы еңбекпен өрілген

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еңбек – елдің ең басты құндылықтарының бірі, адал еңбек еткен адам әрдайым құрметке лайық» деген мазмұндағы тағылымды сөздері бар. Шын мәнінде, елдің дамуы мен қоғамның алға жылжуы тек үлкен қызметтегі азаматтардың еңбегімен емес, күнделікті тіршілікте маңдай терін төгіп, өз міндетін адал атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының қажыр-қайратымен де өлшенеді. Адал еңбегімен айналасына сыйлы болып, отбасына сүйеу, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі. Осындай елге қызмет етуді үлкен атақпен емес, күнделікті еңбегімен көрсетіп келе жатқан жандардың бірі – Шолпан Керімбаева.
Шолпан Керімбаева 1971 жылы Шақпақ ауылдық округінің “Шақпақ” станциясында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен тығыз байланысты өтті. 1988 жылы Шақпақата ауылындағы бұрынғы С.Киров атындағы орта мектепті тамамдап, сол жылы Целиноград медициналық техникумына оқуға түсіп, технолог мамандығын меңгеріп шығады.
Оқу орнын тамамдағаннан кейін сол жылы аудандағы «Алтын дән» акционерлік қоғамына технолог болып жұмысқа орналасады. Өндірістің қыр-сырын меңгеріп, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Жауапкершілігі мол салада ерінбей еңбек ете жүріп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білді.
Кейін ол өз бастамасымен сол мекеменің ішінен наубайхана ашып, нан өндіру ісін қолға алады. Бұл оның еңбек жолындағы батыл қадамдарының бірі еді. Нан – халқымыз үшін өте қасиетті тағам. Сондықтан нан өндіру ісіне араласу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шолпан Мәдіханқызы технолог мамандығының қыр-сырын пайдалана отырып, наубайхана жұмысын ұйымдастырып, халыққа сапалы әрі дәмді нан өнімдерін ұсынуға күш салды.
Өз кәсібін қолға алу арқылы ол тек өзінің тәжірибесін арттырып қана қоймай, ауылдағы еңбекке деген белсенділігін де таныта білді. Бұл кезең оның іскерлігі мен табандылығын айқындаған уақыттардың бірі болды.
1991 жылы Ақбастау ауылына келін болып түскен кейіпкеріміз, отбасылық өмірдің жаңа кезеңін бастайды. Отбасының берекесін сақтай жүріп, еңбек жолын осында жалғастырады. 2001 жылы отбасымен бірге аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп келеді.
2010 жылдан бастап Б.Момышұлы ауылы әкімшілігінде техникалық қызметкер болып еңбек етіп келеді. Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, мекеменің тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етуде өзіндік маңызы бар. Шолпан Керімбаева өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып, еңбекке адалдығын күнделікті ісімен көрсетіп келеді.
Ол бүгінде – төрт баланың аяулы анасы, төрт немеренің сүйікті әжесі. Отбасы мен ұрпақ тәрбиесін өміріндегі басты құндылықтардың бірі санайды. Балаларына еңбекқорлық, адалдық пен қарапайымдылық сияқты қасиеттерді дәріптеп келеді.
– Өткен өміріме көз жүгіртсем, еңбекпен өткен жылдарыма ризамын. Қандай жұмыс істесем де, оған барынша адал болуға тырыстым. Менің бар тілегім – балаларым мен немерелерімнің жақсы адам болып өсуі. Адамға керегі де осы – артында жақсы аты, тәрбиелі ұрпағы және елге жасаған еңбегі қалса, одан артық бақыт жоқ, – дейді Шолпан Мәдіханқызы.
Осындай адамдардың ғұмыры қоғам үшін маңызды. Өйткені, елдің берекесі мен бірлігі тек үлкен жетістіктерден ғана құралмайды. Ол әр шаңырақтағы татулықтан, әр адамның адал еңбегінен, әр отбасының дұрыс тәрбиесінен басталады.
Шолпан Керімбаева үшін еңбек – тек күнкөріс көзі емес, бұл өмір – салты. Қандай қызмет атқарса да, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, қарапайым қалпынан айнымай келеді. Оның бойындағы еңбекқорлық, сабырлылық, жауапкершілік пен отбасына деген қамқорлық – кейінгі буынға үлгі боларлық ізгі қасиеттер.
Президенттің еңбек адамын құрметтеу, адал еңбекті бағалау жөніндегі ұстанымдары да осындай жандардың қоғамдағы орнын айқындай түседі. Елдің өркендеуі үшін әр азамат өз орнында сапалы еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізуі қажет. Кейіпкеріміздің ғұмыры осы қағиданың қарапайым да айқын мысалы.
Бүгінде төрт баланың анасы, төрт немеренің әжесі атанып отырған Шолпан Керімбаева өмір жолына ризашылықпен қарайды. Себебі, оның артында адал еңбекпен өткен жылдар, тәрбиелеп өсірген балалары, сүйіп отырған немерелері және елге жасаған еңбегі бар.
Осындай еңбек адамдарының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені, елдің ертеңін қалыптастыратын үлкен күш – күн сайын өз ісін үнсіз әрі жауапкершілікпен атқарып жүрген қарапайым жандардың еңбегінде. Шолпан Керімбаеваның өнегелі өмір жолы да – осының айқын дәлелі.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close