Basty bet
Шаруашылықта мал азығының берік қоры жасақталған
Ауылдың тыныс-тіршілігі таңның атысы мен күннің батысына дейінгі тынымсыз еңбекпен өлшенеді. Жердің бабын тауып, төрт түліктің қамын күйттеу – ауыл адамы үшін жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілік. Себебі шаруаға бейнеті мен берекесі қатар жүреді. Қашанда маңдай термен келген несібенің қадірі бөлек.
Осындай еңбекті өмірінің мәніне айналдырып, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан өңірдегі еңбегі өнімді шаруашылықтардың бірі – Диқан ауылындағы «Жазира» шаруа қожалығы. Тамыры тереңнен бастау алатын қожалық бүгінде мал мен егін шаруашылығын қатар дамытып, ауылдағы еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып келеді.
Аталған шаруа қожалық 1997 жылы құрылған. Сол жылы колхоздан төрт отбасы бөлініп шығып, өз алдына жеке шаруашылық құрады. Бұл – елде нарықтық қатынастар орнығып, ауыл шаруашылығында жаңа кезең басталған аласапыран уақыт еді. Жаңа заманның талабына бейімделіп, жеке шаруашылық құру оңай болған жоқ. Дегенмен, ауыл адамдары өз еңбегіне сеніп, жер мен малдың бабын табуға бел буды.
Уақыт өте келе төрт отбасының әрқайсысы өз алдына жеке шаруа қожалық ашып, шаруаларын бөлек жүргізе бастады. Соның бірі – Ақсай ауылдық округіндегі «Жазира» шаруа қожалығы.
Қазіргі таңда қожалықтың тізгінін Жарасбек Сармурзин ұстап отыр. Диқан ауылында дүниеге келген ол бала күнінен ауыл тіршілігімен етене араласып өсті. Қайрат ауылындағы орта мектепті тамамдаған соң жоғары оқу орнында білім алды.
Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін еңбек жолын Тараз қаласында жалғастырып, экскаватор машинисі болып жұмыс істейді. Қалада еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ж.Сармурзин еңбегі мен ел арасындағы абыройының арқасында Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Алайда туған жердің топырағы, ауылдың тыныс-тіршілігі оны үнемі өзіне тартып тұрды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 1988 жылы туған ауылына қайта оралып, колхозға жұмысшы болып орналасады. Еңбекке ерте араласқан Жарасбек Сармурзин қарапайым жұмысшыдан бригадирлікке дейін көтерілді. Бұл кезең оның ауыл шаруашылығының қыр-сырын терең меңгеруіне үлкен жол ашты.
Еңбек жолының келесі кезеңі білім беру саласымен байланыстырды. Ол 1997-2005 жылдары ауданға қарасты Ақбастау ауылындағы №16 кәсіптік-техникалық колледжде шебер болып еңбек етті. Жұмыс барысында жастарға кәсіптік білім беріп, олардың еңбекке араласуына үлесін қосты. Кейін аталған колледждің директоры қызметін төрт жыл атқарып, зейнеткерлікке шықты. Ол білім саласында да ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Білім саласындағы қаншама жылғы еңбегі еш кетпей, жоғары бағаланып “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталған. Бүгінде шаруашылықта мал мен егін шаруашылығы қатар дамып келеді.
– «Жазира» шаруа қожалығының негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығы. Қазіргі таңда қожалықтың иелігінде 40 гектар егістік және суғармалы жер бар. Диқан үшін жердің құнарын сақтап, одан мол өнім алу – басты міндет. Сол себептен біз егістік алқабын тиімді пайдалануға баса мән береміз. Атап айтқанда, 10 гектар алқапқа жоңышқаның бірнеше түрін егеміз. Мәселен, биыл – италиялық «Джулио», «Джейта» және түріктің «Мутлу» сұрыптары егілді.
Жоңышқа – мал азығы үшін аса қажетті дақыл. Сондықтан оның сапалы әрі мол болуы мал шаруашылығын дамытуға да тікелей әсер етеді. Бір гектар жоңышқа алқабынан 300-400 түк шөп жиналды. Қалған егістік алқаптарға арпа мен бидай себіледі.
Егіннің жайын жақсы білетін шаруа үшін көктемгі егіс науқаны – жылдың ең жауапты кезеңдерінің бірі екенін біледі. Жерді дайындау, оған тұқым себу, егістікті күтіп-баптау, уақтылы жинау секілді жұмыстардың әрқайсысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір жылдық еңбектің нәтижесі ауа райына да, жердің бабына да, шаруаның тиянақтылығына да байланысты екені анық.
Сондықтан қожалықтағы егін шаруашылығына қажетті жұмыстардың барлығын белгіленген мерзім ішінде атқаруға тырысамыз. Қожалықтың техникалық базасының қалыптасуы да бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр,-дейді шаруа қожалық басшысының ұлы Нұрлан Сармурзин.
Ауыл тіршілігін малсыз елестету қиын. «Жазира» шаруа қожалығы да егін шаруашылығымен қатар мал өсіруге ерекше көңіл бөледі.
Қазіргі таңда қожалықта 60 шақты бұқа бордақыланады. Сонымен бірге 30-40 бас шамасында тана-торпақ бар. Ал сауынды сиырдың саны – 25.
Малдың күйін келтіріп, бабын жасау, оған уақтылы жем-шөбін дайындау, қора-жайын күтіп ұстау – күнделікті атқарылатын жұмыстар. Әсіресе қыс айларында мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындаудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан алғанда, шаруашылықтың өз егістігінде жоңышқа өсіруі – мал азығын қамтамасыз етудің бір тиімді жолы. Қазіргі таңда қожалықтың екі жұмысшысы бар.
Сауынды сиырлар қолмен де, арнайы аппараттың көмегімен де сауылады. Сауылған сүт «Бурненское сыр» зауытына өткізіледі. Малдың күтімі, азығы, тазалығы мен сауу тәртібі өнімнің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан шаруашылықта бұл мәселеге де тиісті көңіл бөлінеді.
Қазіргі ауыл шаруашылығын қуатты техниканың көмегінсіз атқару мүмкін емес. Уақыт талабына сай еңбек өнімділігін арттыру үшін заманауи техниканың болуы аса маңызды. «Жазира» шаруа қожалығы қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл егістік жерлерді өңдеуден бастап, мал шаруашылығына қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға дейінгі көптеген шаруаны уақытылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді.
Техникасы сайланған шаруашылықтың жұмысы да өнімді. Себебі көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін науқаны кезінде уақыттың әр сағатының маңызы зор. Бір істің уақытында орындалуы келесі жұмыстың нәтижесіне әсер етеді. Шаруашылықтың бүгінгі жетістіктерінің бірі де – еңбекке қажетті техникалық мүмкіндіктердің қалыптасуы. Бұл, ең алдымен, шаруашылықты жүргізуге деген жауапкершіліктің және алдағы күнге деген сенімнің белгісі.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Бұл ұлағатты сөз шаруа қожалықтың бүгінгі тіршілігіне де сай келеді.
Қазіргі таңда шаруашылықтың күнделікті жұмысын Жарасбек Сармурзиннің үлкен ұлы Нұрлан Сармурзин жүргізіп келеді. Әке бастаған істі жалғастырып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігін одан әрі дамыту – жас буынның қолында.
Ауыл шаруашылығы бір күнде қалыптасатын сала емес. Оның артында жылдар бойғы тәжірибе, маңдай тер, төзім мен табандылық жатыр. Әкеден балаға жалғасқан еңбек дәстүрі шаруашылықтың тұрақты дамуына да жол ашады.
Еңбекқор азамат Нұрланның шаруашылық жұмыстарын қолға алуы – әке еңбегінің жалғасып, отбасы кәсібінің кейінгі буынға беріліп отырғанын көрсетеді. Бүгінде ол малдың жайын, егістіктің бабын бақылап, шаруашылықтың күнделікті жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысып келеді.
Ауылдағы әрбір шаруашылықтың өзіндік тарихы бар. Оның артында талай адамның еңбегі, төккен тері, күткен үміті тұрады.
1997 жылы төрт отбасының бастамасымен құрылған шаруашылықтың бүгінде мал мен егін шаруашылығын қатар алып келе жатқаны – тұрақты еңбектің нәтижесі. Қожалықтағы 40 гектар егістік пен суармалы жердің игерілуі, жоңышқа, арпа, бидайдың өсірілуі, ірі қара малдың бағып-күтілуі – ауылдағы тынымсыз тіршіліктің бір көрінісіндей.
Диқан ауылындағы жұмысы жүйелі, берекесі тасыған шаруа қожалықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі де осыны аңғартады. Бір кездері колхоздан бөлініп шығып, өз алдына шаңырақ көтерген төрт отбасының бастамасы бүгінде өзіндік бағыты қалыптасқан шаруашылыққа айналды. Елдің еңсесін көтеретін де, ауылдың ажарын ашатын да – осындай қарапайым еңбек адамдары. Жерге дән сеуіп, төрт түліктің бабын жасап, тіршіліктің берекесін еселеп жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Шаруа қожалықтың алдағы мақсаты да – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мал басын көбейтіп, егін шаруашылығын дамыту, ең бастысы, атакәсіптің қадірін арттыру. Өйткені, ауылдың берекесі – еңбекте. Ал жерге деген құрмет пен еңбекке деген адалдық бар жерде берекелі тіршілік те, мол ырыс та бар…