Basty bet
Антына адал офицер
«Ердің ісі – елге мұра, ұрпаққа ұран». Халқымыздың осы бір қанатты сөзі ел қорғауды өмірлік мұрат еткен азаматтарға арналып айтылғандай. Тәуелсіздіктің тұғыры – тыныштық болса, тыныштықтың тірегі – мемлекеттік шекараның беріктігі. Ал шекараның қырағы күзеті – өз антына адал, ел мүддесін бәрінен биік қоятын офицерлердің еңбегі. Осындай азаматтардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, аға лейтенант Қайрат Бәйтіков.
Әскери адамның өмірі сырт көзге бірқалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ оның әр күні тәртіппен, жауапкершілікпен және сертке адалдықпен өріледі. Қайрат Ноқанұлының ширек ғасырға жуық еңбек жолына көз жүгірткенде осы қасиеттердің барлығы анық байқалады.
1981 жылдың 28 қазанында батырлардың мекені – Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген Қайрат Ноқанұлы еңбекқорлық пен қарапайымдылықты жастайынан бойына сіңіріп өсті. Елге қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы деген ұғымды ата-анасының тәрбиесінен санасына тоқып өскен ол кейін Тараз мемлекеттік университетінде жоғары білім алады. Алайда оның жүрегі әскери қызметті қалады. Себебі, ел тыныштығын қорғаудан асқан мәртебе жоқ екенін ерте ұқты.
2000 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарында мерзімді әскери борышын өтеуге аттанған жас сарбаз үшін бұл өмірдің жаңа мектебі болды. Әскер оған төзімділікті, тәртіпті, жауапкершілікті ғана емес, адамды тануды, қиындыққа мойымауды үйретті. Мерзімді қызмет аяқталған соң азаматтық өмірге бет бұрудың орнына әскери қызметті өмірлік жолы ретінде таңдап, келісімшарт негізінде қатарда қалды.
Қызметін Тараз қаласындағы 2035 әскери бөлімінде коменданттық ротаның аға атқышы болып бастаған ол адал еңбегімен және табандылығымен көзге түсті. Бір жылдан кейін бөлімше командирі болып тағайындалса, кейін ұзақ жылдар бойы коменданттық ротаның старшинасы қызметін атқарды. Бұл жылдар Қайрат Ноқанұлы үшін тәжірибе жинақтап, нағыз әскери маман ретінде қалыптасқан кезең болды.
«Еңбек түбі – береке» дейді халқымыз. Оның қызмет жолындағы әрбір жоғарылау лауазым емес, сенімнің белгісі еді. 2005 жылы Алматы қаласындағы 2021 әскери бөлімінде прапорщиктерді даярлау дивизионында білімін жетілдіріп, сол жылы ҰҚК Шекара қызметі директорының бұйрығымен прапорщик әскери атағын алды. Бұл оның кәсіби деңгейінің өскенін айқындаған маңызды белес болды.
Кейін коменданттық ротаның взвод командирі, күзет тобының офицері қызметтерінде шыңдалды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының бұйрығымен алғашқы офицерлік әскери атақ – лейтенант шені берілді. Ал, бұл сенімнің артында 20 жылдан астам уақыт бойы мінсіз атқарылған еңбек жатқан еді.
2023-2024 жылдары Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасына қарасты «Шөлдала» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары болып қызмет атқарған Қайрат Ноқанұлы ұйымдастырушылық қабілетімен, талапшылдығымен және адамгершілік қасиетімен ерекшеленді. Бүгінде тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері ретінде жас шекарашылардың бойына патриоттық рухты сіңіріп, әскери тәртіптің сақталуына, ұжымдағы ауызбіршіліктің нығаюына еңбек етіп келеді.
Тәрбие – әскери қызметтің өзегі. Себебі, қару ұстауды үйрету оңай болғанымен, Отанды шын жүректен сүюді қалыптастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қайрат Ноқанұлы осы жауапкершілікті терең сезінеді. Әріптестері оның қарапайым мінезін, әділдігін және адаммен тіл табыса білетін қасиетін ерекше бағалайды. Жас сарбаздар үшін ол тек басшы ғана емес, ақыл-кеңесін аямайтын тәлімгер.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді дана халқымыз. Қайрат Бәйтіковтың адал еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол әскери бөлім командирінің, Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасы бастығының, Жамбыл облысы бойынша департамент бастығының және ҰҚК Шекара қызметі директорының атынан бірнеше мәрте Алғысхаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды. 2017 жылы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталуы – оның еңбегінің өңір деңгейінде де лайықты бағаланғанының дәлелі.
Сонымен қатар, офицер «Мінсіз қызметі үшін» І, ІІ және ІІІ дәрежелі медальдарының, «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» І, ІІ және ІІІ дәрежелі медальдарының иегері. Ал, биылғы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының бұйрығымен «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері» медалімен марапатталуы – көп жылғы мінсіз қызметтің заңды жемісі.
Дегенмен, Қайрат Ноқанұлы үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы мен халықтың сенімі. Әскери адам үшін халықтың алғысы кез келген марапаттан қымбат.
Қызметтен тыс өмірде ол – өнегелі әке, қамқор жар. Жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп отырған офицер отбасында да әскери өмірдегі басты қағидаларды ұстанады. Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенді құрметтеуді және Отанды сүюді үйретуді өмірлік парызы санайды.
Қазақта «Туған жердің түтіні де ыстық» деген сөз бар. Сол туған жердің әр қарыс топырағын қорғау – әрбір шекарашының қасиетті міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Қайрат Ноқанұлының еңбек жолы кейінгі буын әскери қызметшілер үшін үлкен өнеге.
Елдің тыныштығы – көзге көрінбейтін мыңдаған әскери қызметшінің адал еңбегінің нәтижесі. Олар мерекеде де, демалыста да, түнде де, күндіз де өз қызметінен жаңылмайды. Өйткені, олардың жүрегінде бір ғана ұғым бар. Ол – Отан.
«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» дейді халық даналығы. Еліне адал қызмет етуді өмірінің басты мақсатына айналдырған Қайрат Бәйтіков секілді елжанды азаматтар барда мемлекеттік шекараның беріктігі де, елдің ертеңіне деген сенім де нығая түсері анық.
Камила Әбсеметова,
кітапханашы