Basty bet

Өңірде іске қосылған алғашқы су стансасы

Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес саланы дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 8,6 миллиард кВт сағатқа жетіп, бұл еліміздегі электр энергиясы өндірісінің жалпы көлемінің 7 пайызын құрады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2022 жылы ЖЭК объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 5,11 миллиард кВт сағатты құраса, оның елдің жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі 4,5 пайыз деңгейінде болды. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы белгіленген межеден асыра орындалды: жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өсті.
Қол жеткізілген нәтижелер «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды. Өсімнің негізгі факторлары қатарында жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықтарды өткізу, салаға инвестициялар тарту, сондай-ақ жаңартылатын энергетика объектілерін пайдалануға беру бар.
Өткен жылы жалпы қуаты 503,5 мегаватт болатын 9 жаңартылатын энергия көзі нысаны пайдалануға берілді. Биыл жалпы қуаты 245 мегаватт болатын 10 жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 жел электр стансасын, 5 күн электр стансасын және 1 су электр стансасын пайдалануға беру көзделген.
Ал облысымызда күн, жел және су электр стансаларын орнатуға бар жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін де өте тиімді. Жалпы, елімізде бүгінде барлығы 3032,12 мегаватт қуатты құрайтын 153 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 нысан бар. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.
Облыс тарихында алғашқы су электр стансасы ең алдымен Т.Рысқұлов ауданында жүзеге асырылған. Бүгінде Қарақыстақ ауылдық округіндегі тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы жұмыс істеуде. Стансаның жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайды. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, станса 2013 жылы іске қосылған. Оның жобалық құны 1 миллиард 007,9 миллион теңге. 2013 жылдың 14 маусымында ашылған станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде.
– Табиғи қуат көздері – жел, күн мен су энергиясынан алынатын қуат көзін пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес экономиканы қалыптастыруға көшкен. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің үш пайызын немесе 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» сектордың дамуына бөледі. Сонымен қатар АҚШ «жасыл экономиканы» дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергияны жетілдіру жолын таңдады. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те ізденісін тоқтатқан емес. 2013 жылдан бастап «Жасыл экономиканы» дамыту ісін белсенді қолға ала бастады.
«Қарақыстақ» су электр стансасы сол кездегі «жасыл экономиканың» алғашқы қарлығашы десе де болады, – дейді ол.
Елімізде «жасыл экономиканы» өркендетуге мүмкіндік мол. Оған әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді ұлан байтақ жер мен климаттық жағдай қолайлылық туғызады.
«Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған 2013 жылғы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес бүгінде облысымызда түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біздің алдымызда алдағы уақытта судан алынатын энергия көзін арттыру жоспары тұр. Біз тұжырымдама аясында жүктелген міндеттерді орындау арқылы экологиялық өнімнің үлесін арттыратын боламыз» деп жоспарымен бөліскен серіктестік директоры, судан өндірілетін мегаватт көлемін арттырмақ ниетте.
Бүгінде стансада 15 адам жұмыс істейді. Судан өндірілген өнім КЕГОГ-тың біртұтас энергия жүйесіне берілуде.
Жалпы елімізде жасыл экономиканы өркендетуге мүмкіндік мол. Қазақстанның кең байтақ жері мен қолайлы климаттық жағдайы су, күн, жел энергиясын өндіруге барынша ыңғайлы. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған 2013 жылғы тұжырымдама аясында облыста түрлі жобалар кезең кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта судан алынатын энергия көзінің көлемін ұлғайту жоспарланған. Бұл тек энергетикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық өнім үлесін арттыру арқылы табиғатқа жанашырлықпен қарауға жол ашады.
Қорыта айтқанда, Қарақыстақ су электр стансасы – еліміздің жасыл экономикаға бағытталған саясатының жарқын үлгісі. Ол табиғатты қорғаумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, ұлттық энергетика жүйесіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Мұндай жобалардың артуы Қазақстанның тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігінің кепілі болмақ.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close