Basty bet

Бақалы ауылына таза ауызсу берілді

Еліміздің өркендеу жолында жүзеге асырылып жатқан әрбір игілікті іс – Тәуелсіздіктің жемісі. Егемен елдің еңсесін көтеріп, ауыл-аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – ел болашағына бағытталған нақты қадамның айғағы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Көкбастау ауылдық округіне қарасты Бақалы ауылында таза ауызсу жүйесінің салтанатты ашылуы өтті. Елді мекен үшін маңызды жоба «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» аясында жүзеге асырылды.
Аталған жобаның шеңберінде ауыл аумағына жалпы ұзындығы 5,3 шақырым магистралды су құбыры тартылды. Жұмыстарға 459 млн 37 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Компания IMPULSE-LTD» ЖШС атқарса, техникалық қадағалауды «QTB Progress» ЖШС, авторлық қадағалауды «TCS Astana» ЖШС жүзеге асырды.
Жаңа ауызсу жүйесінің іске қосылуы – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұған дейін ауызсу мәселесін күтіп келген тұрғындар енді сапалы ауызсуды тұрақты пайдалануға мүмкіндік алып отыр. Нәтижесінде, Бақалы ауылындағы 90 аула, яғни 400 тұрғын таза ауызсумен қамтылды.
Қуанышты сәтке ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары ақжолтай жаңалықтың куәсі болып, ел игілігіне арналған істің жүзеге асқанына ризашылық білдірді.
Жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза да қатысып, ауыл жұртшылығын айтулы жаңалықпен құттықтады.
– Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауылдарыңызға жүргізілген ауызсу жүйесін пайдалануға беріп отырмыз. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде ауданымыздағы 49 елді мекеннің барлығы 100 пайыз ауызсумен қамтылып отыр. Өткен жылы Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биыл Көлбастау және Бақалы ауылдарындағы ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылды. Бүгінгі іске қосылған ауызсу жүйесі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға өз септігін тигізеді деп сенемін. Бұл – елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам – деді аудан әкімі.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұлұлы да ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. – Бүгін ауылымыз үшін үлкен қуаныш. Көптен күткен таза ауызсудың тұрғындар игілігіне берілуі – елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі істердің нәтижесі. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтуға да ықпал етеді. Қазіргі таңда ауылымызда көше жарығы жүргізіліп, интернет желісі қолжетімді болды. Балаларға арнап шағын ойын алаңшасы салынып, ол бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Енді міне, ауылымыз таза ауызсумен қамтылып, тағы бір маңызды мәселе өз шешімін тапты. Мұның барлығы – ел Тәуелсіздігінің, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асып жатқан игі істер, – деп ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізді.
Жиында «Компания IMPULSE-LTD» ЖШС директоры Қуат Ахатаевқа да сөз берілді. Ол ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, атқарылған жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
– Әрбір игілікті істің артында адал еңбек, жоғары жауапкершілік пен тиянақты жұмыс тұрады. Бақалы ауылындағы таза ауызсу жүйесінің құрылысы да – бірнеше тараптың бірлескен еңбегі мен өз ісіне деген жауапкершілігінің нәтижесі. Бүгін осы жұмыстың аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілгеніне қуаныштымыз. Біз үшін ең бастысы – атқарған еңбегіміздің нақты нәтижесін көріп, оның халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі. Осы жобаны жүзеге асыру барысында бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс білдіремін. Жаңа ауызсу жүйесі ауыл тұрғындарының игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етуіне тілектеспін, – деді Қуат Ахатаев.
Жиында ауызсу жүйесін ел игілігіне беру рәсімі өтті. Ауызсу жүйесінің лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашып, игі бастаманың берекелі болуына тілектестік білдірді. Осыдан кейін жиналған көпшілік жаңа ауызсу жүйесінің жұмысымен танысты.
Жалпы, Бақалы ауылында ауызсу жүйесінің іске қосылуы – елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Тұрғындардың таза әрі сапалы ауызсуға қол жеткізуі – олардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдың одан әрі дамуына да оң ықпал етпек.

Таңдаулы материалдар

Close