Basty bet
«Мектепке жол» акциясы: әлеуметтік қолдау – басты назарда
Биылғы аталған акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Игі шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық барысында әлеуметтік көмек көрсету. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайына байланысты балалардың мектепке бармауының алдын алып, әрбір баланың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету – акцияның басты міндеттерінің бірі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық акциясы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға нақты көмек көрсетуге бағытталған. Қайырымдылық шарасы аясында оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Осыған орай Жуалы ауданындағы білім беру ұйымдарында акцияны ұйымдастыру және өткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Барлық мектептерде іс-шаралар жоспары әзірленіп, акцияның жүзеге асырылуына жауапты тұлғалар, оның ішінде әлеуметтік педагогтер бекітіліп, қазіргі таңда жұмыстар жоғары деңгейде жүруде. Акцияның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында оның басталғаны туралы ақпараттар білім беру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында тұрақты түрде жариялануда.
Мектеп әкімшіліктері, әлеуметтік педагогтер мен сынып жетекшілері бірлесіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын зерделеу, санаттарын нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте әрбір баланың қажеттілігі жеке қарастырылып, нақты көмек көрсету жолдары айқындалуда.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде аудан бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруге қажеттіліктері бар, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың 203 бала акция аясында әлеуметтік қолдау көмегімен қамтулуда.
Сонымен қатар акция барысында келіп түскен өтініштер мен әлеуметтік сипаттағы сигналдар назардан тыс қалмай, білім беру ұйымдары тарапынан зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әрбір сигнал бойынша жағдайды анықтау, баланың қажеттілігін бағалау және мүмкіндігінше нақты көмек көрсету бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Қажет болған жағдайда ата-аналарға әлеуметтік және құқықтық сипаттағы кеңестер беріліп, тиісті мемлекеттік органдармен және жауапты мамандармен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда акция аясында демеушілер мен қайырымды азаматтар өздеріне берілген білім мекемесінің оқушыларын мектепке керек оқу-құрал жабдықтармен қамтамасыз етуде. Одан бөлек, қайырымдылық шараларының ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және әлеуметтік серіктестермен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту көзделіп отыр.
«Мектепке жол» – тек оқу жылы қарсаңында көмек көрсету шарасы ғана емес, қоғамдағы мейірімділік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Баланың білім алуға деген құқығын қамтамасыз ету, оның мектепке алаңсыз барып, толыққанды білім алуына жағдай жасау – баршаға ортақ міндет.
Жуалы ауданында акция барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірде-бір баланың назардан тыс қалмауына басымдық беріледі. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мұқтаж оқушыларды қажетті оқу құралдарымен және басқа да керек-жарақтармен барынша толық қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғаса береді. Қазіргі таңда аудан орталығындағы орталық мешіт, «Отбасын қолдау» орталығы және пробация қызметінің қызметкерлері, білім мекемелері «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін қосуда.
Білім – болашақтың негізі. Ал балаға жасалған қамқорлық – елдің ертеңіне жасалған инвестиция.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»