Basty bet

Семей полигоны: тарих пен тағылым

Өткен жұма күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Коворкинг орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Семей полигоны: тарих пен тағылым» атты тағылымды іс-шара өтті.
Қасіретті тарихтың куәсі болған Семей ядролық полигонының жабылуы – халқымыздың тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі. Талай жыл бойы атом қаруының сынақтары жүргізілген қасиетті қазақ жері мен оның тұрғындары орасан зор зардап шекті. Сондықтан бұл тарихи датаның мәні – өткенді еске алумен ғана шектелмей, кейінгі ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін ұғындыруында.
Тағылымды жиынды аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесіп ұйымдастырды. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев, Семей ядролық полигонының ардагерлері, кітапхана оқырмандары, жастар және бөлім қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Семей полигонының тарихы, ядролық сынақтардың адам тағдырына, қоршаған ортаға тигізген зардаптары және оның жабылуының тарихи маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушыларға полигонның пайда болу тарихынан бастап, онда жүргізілген ядролық сынақтар мен халықтың басынан өткерген ауыр кезеңдері туралы құнды мағлұматтар берілді.
Семей ядролық полигоны 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы атом бомбасының сынақтан өткізілуінен бастап халқымыздың қасіретті тарихының бір парағына айналды. Жылдар бойы жүргізілген жүздеген ядролық сынақтың зардабы аймақ тұрғындарының денсаулығына ғана емес, табиғатқа да орны толмас зиян келтірді. Радиациялық әсер бірнеше ұрпақтың тағдырына салмақ салды. Полигонның жабылуы – ел тарихындағы айтулы белес.
Іс-шарадағы алғашқы сөз Әбуғали Ералиевке берілді.
– Бүгін біз халқымыздың тарихындағы аса маңызды әрі қасіретті кезеңдердің бірін еске алып, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай бас қосып отырмыз. Семей ядролық полигонының тарихы – халқымыздың жүрегіне жазылған қасіретті шежіре. 1949 жылдан бастап қазақ даласында жүздеген ядролық сынақ жасалып, оның зардабы бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер етті. Адамдардың денсаулығына зиян келіп, табиғатқа орны толмас залал келтірілді.
Ана мен баланың денсаулығы, қоршаған орта, елдің әлеуметтік жағдайы үлкен сынға түсті. Семей полигонының жабылуы Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ядролық қарусыздану тарихындағы маңызды оқиға болғаны анық. Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті таңдаған ел ретінде дүние жүзіне үлгі көрсетті.
Біз, аға буын өкілдері, осы тарихи оқиғалардың мәнін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парыз деп білеміз. Өйткені, өткенді ұмытпау – болашақты бағалаудың негізі,- деді Әбуғали Ералиев.
Әрі қарай сөз алған Семей полигонының ардагерлері сол бір күрделі кезеңнің естеліктерімен бөлісті. Ардагерлердің әңгімелері арқылы жастар өткен тарихтың қасіретін тереңірек түсініп, ядролық сынақтардың салдары жайында нақты мағлұмат алды. Өмірден өткен азаматтарды еске алып, олардың бастан кешкен қиындықтары мен ел үшін жасаған еңбегіне құрмет көрсетілді.
Кездесудің тәрбиелік мәні де ерекше болды. Жастарға бейбіт өмірдің бағасын білу, тарихи жадымызды сақтау, туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарау және ел болашағына жауапкершілікпен қарау жөнінде ойлар айтылды. Себебі, өткеннің сабағын білмей, болашаққа нық қадам басу мүмкін емес.
Кітапхананың қызметкерлері тақырыпқа орай арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, Семей полигонының тарихына арналған әдебиеттерді көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге тарихи-танымдық кітаптар, деректі материалдар мен мерзімді басылымдар қойылды. Оқырмандар өздерін қызықтырған мәліметтермен танысып, тақырып аясында пікір алмасты.
«Семей полигоны: тарих пен тағылым» атты іс-шарада барысында қатысушылар ядролық сынақтардың зардабы туралы ғана емес, Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы бастамалары жөнінде де ой бөлісті. Семей полигонының жабылуы – халықтың ерік-жігері мен елдің бейбітшілікке деген ұмтылысының айқын көрінісі екені атап өтілді.
Бүгінгі ұрпақ үшін Семей полигонының тарихы – қастерлі сабақ. Ол бізге соғыстың, ядролық қарудың адамзатқа әкелетін қасіретін еске салады. Сондықтан осындай тарихи оқиғаларды жас ұрпаққа насихаттау, олардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыру – баршаға ортақ міндет.
Бейбіт аспан астында өмір сүру – адамзат үшін ең үлкен құндылық. Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы да осы ойды тағы бір мәрте айшықтай түсті. Тарихты ұмытпау, өткеннен тағылым алу және бейбітшілікті бағалау – келешек ұрпақ алдындағы парыз.
Коворкинг орталығында өткен тағылымды кездесу қатысушыларға ой саларлық мазмұнды әңгімелерімен есте қалды. Мұндай шаралар тарихи сананы қалыптастырып, елдің басынан өткен маңызды кезеңдерді жас ұрпаққа жеткізуге, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін түсіндіруге зор мүмкіндік беретіні анық…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close