Basty bet
Патриоттық-танымдық әдеби кеш өтті
Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні қарсаңында Абай атындағы орталық кітапхана ғимаратында «Тіл – ең асыл құндылық» атты патриоттық-танымдық әдеби кеш өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және жастардың бойында отансүйгіштік сезімді оятуға бағытталған мазмұнды шараны Жамбыл ауданы бойынша шекара тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Сержан Абеуғалиев, кітапхана меңгерушісі Камила Әбсеметова ұйымдастырды. Рухани жиынға ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл ауданы бойынша басқармасының әскери қызметшілері мен №5513 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Жыл сайын 5 қыркүйекте атап өтілетін Қазақстан халқының тілдері күні — еліміздегі ұлттардың татулығы мен бірлігінің, өзара түсіністігінің символы. Сонымен қатар, бұл күн ұлт ұстазы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған.
Рухани кештің бағдарламасы әсерлі өнер нөмірлері мен танымдық көріністерге ұласты. Атап айтқанда, Сәуле Базаргелдинованың орындауындағы «Туған ел» әні мен Майлықожаның термесі жиылған қауымға ерекше рух сыйлады. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мен сарбаздар қазақ поэзиясының классиктерін шабытпен оқыды. Ал, Нұрасыл Жақия ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақ тілі» өлеңін мәнерлеп оқыса, Елдар Ерқасыл ақын Мұқағали Мақатаевтың әйгілі «Үш бақытым» поэмасын жеткізді. Жамбыл ауданы шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы мобильді іс-қимылдар бөлімінің маманы ефрейтор Жамбылбек ақын Ілияс Жансүгіровтің «Ана тілі» өлеңін тебіреніспен орындады. Сондай-ақ, кеште ефрейтор Нұрдәулет Жамбылбек арнайы сөз сөйлеп, ана тіліміздің маңыздылығы мен қадір-қасиеті туралы өз ойымен бөлісті.
Шарада қатысушылардың тіл мен әдебиет саласындағы білімін шыңдауға арналған интерактивті айдарлар өтті. Әскерилер мен оқырмандар «Мақал-мәтелді жалғастыр» және «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» атты сұрақ-жауап сайыстарына белсене қатысып, қазақ тілінің тарихы, грамматикасы, мемлекеттік тілдің заңнамалық мәртебесі және қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар туралы білімдерін ортаға салды.
Кеш соңында кітапхана төрінде арнайы дайындалған «Тіл – ұлттың тірегі» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Мұнда ана тіліміздің тарихын, рухани мұрасы мен әдебиетін насихаттайтын құнды басылымдар қойылды.
Тіл – халықтың жаны, тарихы мен шежіресі. Әскери қызметшілер мен өскелең ұрпақты ана тілін ардақтауға, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндеген бұл әдеби кеш жоғары деңгейде қорытындыланды.