Basty bet
Салық саласының саңлағы
Мемлекеттік кірістер саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып,мемлекет қазынасының молаюына еселі еңбегімен үлес қосқан білікті маман, ардагер салықшылардың бірі – Нұрғали Ералиев. Алдыңғы қызметтерін айтпағанда, оның 50 жылға жуық еңбек өтілінің 26 жылы салық саласының дамуына арналған.
«Сіз салық саласында ұзақ жылдар бойы білім-біліктілігіңіз бен жоғарғы жауапкершілігіңіздің арқасында ел экономикасының жақсаруына қомақты үлес қостыңыз!» деп жазылыпты Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Нұрғали Әбдәліұлының 60 жасқа толуына орай жолдаған Құттықтау хатында.
Жуалы ауданының Көлтоған ауылындағы орта мектепте оқыған Нұрғали Ералиев есепке жастайынан жүйрік болатын. Ол анау-мынау есепті қағазға жазып жатпай ауызша-ақ қағып тастаушы еді. Сол зеректігінің арқасында оныншы сыныпты бітіргеннен кейін Жамбыл есеп-санақ техникумына оқуға түскен Нұрғали Әбдәліұлы 1986 жылы аталған оқу орнынан бухгалтер мамандығын алып шыққан. Оның осыдан кейінгі ғұмыры ауданның есеп-қисап саласына байланысты өрбіп келеді.
Ауылдық кеңесте, одан кейін шаруашылықта бухгалтер болып қызмет атқарған Нұрғали Ералиев 1993 жылдан Жуалы ауданында бұрынғы ауданаралық мал бордақылау бірлестігінің бас бухгалтері, Жуалы аудандық қазынашылық бөлімінде бас ревизор-тексеруші болып қызмет атқарған. Ал 2000 жылы аудандық мемлекеттік кірістер (салық) басқармасына қызметке келгенде ол осы саланың қыр-сырын әбден жақсы білетін білікті маман болып қалыптасқан еді. Талапты жас күнделікті еңбекті біліммен ұштастыра отырып, кейіннен Алматы экономика статистика академиясын есепші-экономист мамандығымен сырттай оқып бітіріп алған.
Еліміз нарықтық экономикаға көшкен алғашқы кезеңде салық саласының қызметінде әжептеуір қиындықтар болды. Кәсіпкерлікке жаңадан қадам басқандар салық төлеуде көптеген қателікке жол беріп алатын. Нұрғали оларды айыппұлмен төпелемей, тұрғындарға салық саясатын түсіндіруге баса назар аударатын. Кейбіреулеріне кешіріммен қарап, оларға салық төлеудің жолдарын, декларацияны уақтылы тапсыруды тәптіштеп түсіндіруден жалыққан кезі жоқ. Салық төлеушілермен түсіністікте жұмыс істегенінің арқасында бюджетке кірістің ойдағыдай, қалыпты түсуіне қол жеткізілді деуге әбден болады.
Салық қызметі сауаттылықты талап етеді. Нұрғали Ералиев – осы талап үдесінен шыққан салықшы. Нәтижесінде ұзақ жылғы қызметі жеміссіз емес. Ол өз кезегінде «Мемлекеттік кірістер органының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасымен және әр жылдары облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Құрмет грамотасымен, сонымен қатар, аудандық салық комитетінің Алғысхатымен марапатталуы мамандығының майталманы болғанына дәлел.
Оның еңбегі, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, бірнеше рет аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттарымен де атап өтілген. Аудан және облыс дамуының қай саласында болсын, өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибесі мол ардагер азаматтардың ақыл-кеңесін орынды пайдалана білсек, жас буынға да молынан үлгі-өнеге болатыны анық. Ядролық сынақтарға қатысқан ардагер азамат Нұрғали Ералиев «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерінің иегері және бірнеше медальмен марапатталған.
Салық саласының саңлағы, бірнеше орден, төсбелгі және медальдің иегері, айтулы азамат – Нұрғали Ералиев 2025 жылы 25 тамызда зейнет жасына толып, өзі ұзақ жыл қызмет атқарған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында тағы бір жыл мерзімге жұмысқа қалдырылған болатын. Өмірлік жинаған мол тәжірибесі мен қаржы-салық, мемлекеттік кірістер саласындағы біліктілігін сала жұмысының дамуына және осындағы жас маман-салықшылардың қалыптасуына арнаған ол мекемеде тағы бір жыл қызмет атқарды. Жақында бір жыл мерзімнің аяқталуына байланысты аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының ұжымы сала ардагері, «Мемлекеттік кірістер органының үздігі»төсбелгісінің иегері Нұрғали Ералиевқа сый-сияпат көрсетіп, құрметпен зейнет демалысына шығарып салды. Жиында ең алғаш болып басқарма басшысы Алтайбек Серікбаев құттықтау сөз сөйлеп, зейнеткер Нұрғали Әбделіұлына ізгі тілек білдіріп, оның осында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған үлгілі еңбегін құрметпен атап өтіп, сала ардагерінің отбасына амандық-саулық тілейтінін жеткізді.
Ел мен туған өңірдің дамуына еңбек сіңіріп, салық саласының дамуына қомақты үлес қосқан мемлекеттік кірістер органының белсенді ардагеріне қоғамдық қызметте табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!!!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»