Basty bet

Ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасады

Ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы белгіленген тәртіппен өтті. Кәріқорған, Қоңыртөбе және Шыңбұлақ ауылдарында орналасқан сайлау учаскелерінде таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұран шырқалып, сайлау комиссиялары өз жұмысын бастады. Сайлау күні ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасау үшін учаскелерге келді.
Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің ғимаратында орналасқан №189 сайлау учаскесінде барлығы – 613 сайлаушы тіркелген.
Учаске төрағасы Еркебұлан Қойбақовтың айтуынша, мұнда Кәріқорған және Тасбастау ауылдарының тұрғындары дауыс береді. Кәріқорған ауылында 113 аулада 581 тұрғын, ал Тасбастау ауылында 117 аулада 629 тұрғын тұрады.
– Бүгін ауылымыз үшін маңызды күн. Себебі, тұрғындар өз ауылының болашағына жауапты азаматты таңдауға мүмкіндік алып отыр. Әрбір сайлаушы өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады, – дейді Еркебұлан Қойбақов.
Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып ауылдың ардагерлері Бекназар Болтаев, Құрманбек Айтбаев және Рүстем Қожаназаров келіп, өз таңдауларын жасады. Алғашқы дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беруге 7 сайлаушы өтініш берген.
Ал, Қоңыртөбе ауылындағы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің ғимаратында орналасқан №188 сайлау учаскесінде бес комиссия мүшесі сайлаушыларға қызмет көрсетті. Учаске төрағасы Ләззат Әбдірасилованың мәліметінше, мұнда барлығы 377 сайлаушы тіркелген. Денсаулық жағдайына байланысты 23 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Бұдан бөлек, шалғайда орналасқан қыстақтардағы сайлаушылардан да 7 өтініш түскен. Учаскеге алғашқылардың бірі болып Алмас Сартаев келіп, дауыс беріп, оған арнайы естелік сыйлық табысталды.
Қоңыртөбе ауылында әртүрлі этнос өкілдері де тұрады. Атап айтқанда, ауылда шешен ұлтының өкілдері тұратын 14 аула және орыс ұлтының өкілдері тұратын 16 аула бар. Сайлау барысында өзге этнос өкілдері де белсенділік танытып, азаматтық таңдауын жасады.
Ал, Шыңбұлақ ауылындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің ғимаратында орналасқан №206 сайлау учаскесі де таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеді. Бұл учаскеге Майбұлақ, Қосмұрат және Шыңбұлақ ауылдарының тұрғындары келіп, дауыс берді.
Сайлау учаскесінің төрағасы Майра Бексейітова тұрғындардың белсенділігіне тоқталды.
– Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып жатыр. Әрқайсысы ауылдың көркеюі мен дамуына үлес қосатын азаматты таңдауға ниетті. Учаскеде бес комиссия мүшесі жұмыс істеп отыр. Үш ауылда жалпы 1 171 тұрғын бар, оның ішінде 631 сайлаушы тіркелген. Үйден дауыс беруге 4 адам өтініш білдірді, – дейді Майра Бексейітова.
Сайлау учаскесіне алғаш болып Мұрат Әбдікаримов келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар Ауған соғысының ардагерлері, ауыл қариялары, жастар және өзге этнос өкілдері де сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Жалпы, Жетітөбе ауылдық округіндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру үдерісі тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасап, округтің алдағы дамуына үлес қосатын әкімді сайлауға атсалысты.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close