Basty bet

Отбасы – тәрбие мен берекенің бастауы!

Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат қазына, сүйіспеншілік пен жылулықтың мекені. Ол – адамның тұлғалық қалыптасуына, рухани дамуына және өмірлік құндылықтарының орнығуына ықпал ететін алғашқы тәрбие ордасы. Отбасында өзара құрмет, жауапкершілік, мейірімділік, сабыр мен кешірім секілді ізгі қасиеттер қалыптасады.
Отбасының берік болуы – қоғам тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі. Ата-анаға құрмет көрсету, перзент тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, ерлі-зайыптылардың бір-біріне түсіністікпен қарап, өзара сыйластықты сақтау – әрбір отбасы мүшесінің міндеті. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбиені насихаттау және ізгі дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – қоғамның рухани дамуына қосылған үлкен үлес.
Ислам діні қоғамды татулыққа шақырып, тыныштықта өмір сүруге жетелейді, ынтымақ пен бірлікке бастайды. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай–ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! Олай істер болсаңдар үрейге түсіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар сабыр етіңдер! Өйткені Аллаһ сабырлы жандармен бірге болады», – делінген. Өзара сүйіспеншілік пен қайырымдылық көрсетуге үндейтін, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыруда асыл дініміздің орны бөлек. Ал, Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистері мұның айқын дәлелі.
Мәселен, Алла Тағала Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер». Ал, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қашанда маңызды екендігін білдірген.
Ислам діні отбасын ерекше қадірлі құндылық ретінде қарастырады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сендер тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатқаны да – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят) деп баяндайды.
Бұл аят отбасының негізінде сүйіспеншілік пен мейірімділік жатуы керектігін көрсетеді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, қиындықта қолдау көрсетіп, кешірім мен сабырды серік етуі қажет. Шаңырақтағы татулық пен түсіністік – отбасы берекесінің басты себептерінің бірі.
Ата-ананың перзентіне деген мейірімі мен жанашырлығы – бала тәрбиесінің берік тұғыры. Ал, перзенттің ата-анасын құрметтеп, олардың ризашылығын алуға ұмтылуы – имандылық пен көркем мінездің белгісі. Алла Тағала Құранда ата-анаға жақсылық жасауды бұйырып: «Ата-анаға жақсылық жасаңдар» («Исра» сүресі, 23-аят), – деп ескертеді.
Отбасы – адам тәрбиесінің алғашқы мектебі, ал ата-ана – сол мектептің басты ұстазы. Перзентке қалдыратын ең үлкен мұра – дүние-мүлік емес, иман, көркем мінез, жақсы тәрбие мен өнегелі өмір салты. Сондықтан ата-ана баласына ақыл айтумен ғана шектелмей, өз іс-әрекеті арқылы үлгі көрсетуі қажет.
Өйткені, бала көбіне ата-анасының айтқанынан бұрын, жасаған ісіне қарап бой түзейді. Үйдегі әрбір жылы сөз, үлкенге көрсетілген құрмет, кішіге жасалған қамқорлық пен ізгі амал – бала тәрбиесіне берілген құнды сабақ.
Сонымен қатар, ұлттық дәстүр мен ислам құндылықтарын сабақтастыра білу – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндет. Жеті атаны білу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, туыстық байланысты сақтау, ағайын арасындағы татулықты нығайту – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрлері. Мұндай құндылықтар Құран мен сүннеттегі ізгілік, сыйластық және туыстық қатынасты сақтау қағидаларымен үндеседі.
Берекелі отбасы – тек бір шаңырақтың емес, тұтас қоғамның берекесіне әсер етеді. Отбасында көрген тәрбиесін бойына сіңірген бала ертең елге қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін саналы азамат болып қалыптасады.
Дін – отбасының берік болуына ықпал ететін рухани құндылықтардың бірі. Отбасында намазға, дұғаға, адал еңбекке, үлкенге құрмет пен кішіге ізетке мән берілсе, бала да рухани құндылықтарды табиғи түрде қабылдайды. Алайда діни тәрбие міндетті түрде көркем мінезбен қатар жүруі керек. Өйткені, имандылықтың белгісі – адамның айналасына зиян келтірмей, жақсылық жасауынан көрінеді.
«Дінің тұрсын дін аман» деген сөздің мәнін де осындай рухани жауапкершілікпен байланыстыруға болады. Дін аман болуы – адамның иманын, ар-ұятын, адамгершілігін сақтауы. Ал оны сақтаудың ең алғашқы мектебі – отбасы.
Отбасы – тәрбие мен берекенің ғана емес, иман мен ізгіліктің де бастауы. Ата-ана өз баласына дұрыс тәрбие беріп, діни және ұлттық құндылықтарды қатар дәріптесе, елдің болашағы да жарқын болмақ. Берекелі шаңырақта өскен бала ата-анасын қадірлейді, дінін құрметтейді, елін сүйеді және қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылады.

Есет Таласбаев,
аудандық “Толымбайтегі Зиябек” мешітінің бас имамы.
Ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close