Basty bet
ЖИ: Білім беру жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктер
Цифрлық дәуірдегі ұстаз құзыреті ұлттық құндылықпен өзара сабақтасуы тиіс
Осы бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «AI педагог: білім берудегі цифрлық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуда жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалану, педагогтің цифрлық құзыреттілігі, білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы дәріптеу және жоғары білім жүйесін трансформациялау мәселелері талқыланды.
Конференцияның күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында айқындалған цифрлық жаңғыру, жасанды интеллектіні дамыту және бәсекеге қабілетті маман даярлау міндеттерімен үндесті. Президент белгілеген стратегиялық бағыт жоғары оқу орындарына технологияны меңгерумен шектелмей, оны білім сапасына, ғылыми нәтижеге және нақты тәжірибеге айналдыру талабын қояды. Тараздағы халықаралық басқосу осы міндеттердің педагогикалық және ғылыми мазмұнын ашуға арналған маңызды алаң болды.
Конференцияны М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы-ректоры Ләззат Еркінбаева ашты. Ал пленарлық отырысты Сансызбай Мәдиев жүргізді.
Түркия, Португалия және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысқан жиында университет педагогінің өзгерген рөлі, ұлттық құндылық пен цифрлық мәдениеттің сабақтастығы, тіл үйретудің жаңа әдістері, білім алушының ойлау дербестігі және технологияның оқу нәтижесіне ықпалы жан-жақты талқыланды.
Түркиядағы Кастамону университетінің өкілі Кутай Октай «AI оқытушы ма, әлде AI көмекші ме? Университет педагогінің рөлін қайта анықтау» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Португалияның Браганса политехникалық институтынан Адриано Дос Сантос Силва да осы мәселеге тоқталып, «AI Educator or AI Assistant? Redefining the Role of the University Educator» тақырыбын ұсынды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Фаузия Оразбаева «Заманауи ұстаз мәртебесі: дәстүр және инновация» тақырыбындағы баяндамасында педагог мәртебесі мен жаңашылдықтың өзара байланысы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, цифрлық ортада ұстаздың кәсіби беделі, әдістемелік шеберлігі мен адами қасиеттері білім сапасының негізгі өлшемі болып қала береді. Сондықтан технологиялық жаңарумен қатар мұғалімнің шығармашылық әлеуетін, педагогикалық мәдениетін және білім алушыға деген жауапкершілігін дамыту да маңызды.
Ұлттық тарих пен технологиялық даму сабақтастығы конференцияның тағы бір маңызды бағыты болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова «Ұлттық тарих пен өркениеттік сабақтастық: жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің трансформациясы, тарихи жады және технологиялық даму» тақырыбындағы баяндамасында технологиялық өзгерістердің адамзат өміріне ықпалын тарихи тұрғыдан саралады.
Ғалым қазіргі кезеңнің цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйелер және ғылыми жетістіктердің күнделікті өмірге жедел енуімен ерекшеленетінін атап өтті. Оның пайымдауынша, жоғары білім жүйесінің трансформациясы тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмей, тарихи тәжірибені, ұлттық танымды және өркениеттік сабақтастықты сақтаумен қатар жүруі қажет. Ұлттық тарихты зерделеу, тарихи жадыны сақтау және ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыру цифрлық дәуірде де өз маңызын жоғалтпайды. Керісінше, ақпарат ағыны күшейген уақытта тарихи деректерге сыни көзқараспен қарау, ғылыми дәлдікті сақтау және ұлттық мұраны жаңа технологиялар арқылы таныту қажеттілігі арта түседі.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шынар Құрманбаева қазақ тілі мұғалімінің цифрлық құзыреттілігіне назар аударды. Cambridge School мектебінің өкілі Стенли жасанды интеллект арқылы тіл сабақтарында ауызша сөйлеу еркіндігін дамыту мәселесін Нигерия мен Қазақстан тәжірибесі аясында қарастырды. Бұл баяндамалар тілдік қатынасты дамыту, білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіру және креативті ойлауын қалыптастырудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.
Облыс әкімдігі білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Шахризада Өсерова мен әдіскер Айсұлу Нұрмолдаева қазақ тілі сабақтарында жасанды интеллектіні пайдалана отырып, эссе жазу арқылы оқушылардың сыни ойлауын, рефлексивтік дағдылары мен эмоционалдық интеллектісін дамыту мәселесін көтерді. Баяндамашылар цифрлық білім беру жағдайында оқушының ақпаратты жай қабылдаушы емес, оны саралайтын, бағалайтын, өзіндік көзқарасын дәлелдейтін және өзгенің сезімін түсіне алатын тұлға ретінде қалыптасуына басымдық берді. Эссе жазу жұмыстарының танымдық, тілдік және эмоциялық дамудағы мүмкіндіктері талданып, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне кіріктірудің әдістемелік жолдары ұсынылды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілі Меруерт Иманқұлова «Қазақ тілі мен әдебиеті маманын даярлаудағы пәндік білім мен цифрлық құзыреттілікті интеграциялаудың педагогикалық моделі» тақырыбында баяндама жасады. Ол білім беру жүйесіне электрондық платформалар, интерактивті тапсырмалар, виртуалды орта мен жасанды интеллект құралдарының енуі оқытудың мазмұнына, студенттің оқу әрекетіне және педагогтің кәсіби қызметіне жаңа талаптар қойып отырғанын атап өтті. Білім сапасын цифрлық құралдардың санымен немесе технологияның жаңалығымен өлшеу жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың қандай педагогикалық міндетті шешетіні, білім алушының қандай дағдысын дамытатыны және нәтижесі қалай бағаланатыны. Осы тұрғыда болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау барысында пәндік білім мен цифрлық құзыреттілікті өзара кіріктіру қажеттілігі айтылды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадірова «Цифрлық дәуірдегі қазақ әдебиеті: дәстүрлі талдау және жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама оқыды. Әдебиетті оқытуда көркем мәтінді терең түсіну, авторлық идеяны тану, ұлттық дүниетанымды зерделеу және шығарманың эстетикалық құндылығын бағалау міндеттері жаңа технологиямен ұштасқанда ғана мазмұнды нәтиже береді. Жасанды интеллект әдеби шығармаларды талдауға, қосымша материалдар жинақтауға және оқу үдерісін түрлендіруге мүмкіндік бергенімен, көркем туындының мазмұнын сезіну, авторлық ойды түсіну мен өзіндік пікір қалыптастыру оқушының жеке танымдық әрекеті арқылы жүзеге асуы тиіс.
Конференцияда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Асқар Абдуалы, қоғам қайраткері Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыс бойынша филиалының директоры Латифа Қожамжарова сөз сөйледі. Ғылыми қауымдастық пен өңірлік білім беру саласының өкілдерінің бір алаңға жиналуы университеттің қоғамдық және кәсіби әріптестік кеңістігін кеңейтіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді.
Басқосуда М.Х.Дулати университеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Cambridge School мектебімен де өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Бұл келісімдер жоғары оқу орны, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі және мектеп арасындағы байланысты күшейтудің институционалдық негізін қалыптастырады.
Әсіресе дуалды оқыту элементтерін дамыту тұрғысынан мұндай серіктестіктің маңызы зор. Болашақ педагог университетте игерген теориялық білімін нақты мектеп ортасында сынақтан өткізіп, тәжірибелі мұғалімдермен бірлескен сабақ, әдістемелік талдау және практикалық жұмыс арқылы кәсіби дағдысын жетілдіре алады. Университет оқу-өндірістік базаларын дамытуға, дуалды оқыту элементтерін енгізуге, бірлескен зерттеулер мен практикалық даярлықты күшейтуге басымдық береді. Конференция аясында жасалған келісімдер осы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Университеттің ғылыми және халықаралық әлеуеті мұндай бастамаларға тірек болып отыр. Дулати университеті академиялық ұтқырлықты, халықаралық ғылыми байланыстарды және бірлескен жобаларды дамытып келеді. Erasmus+ аясындағы HWCA, TEX4FUTURE және 2026 жылы іріктелген EUPSM жобалары халықаралық жобалық жұмыстың нақты мысалдары саналады. EUPSM мемлекеттік басқару, тиімді мемлекеттік қызмет және цифрлық трансформацияның еуропалық тәсілдерін зерделеуге бағытталған. Бұл жобалар университеттің цифрлық жаңғыруды оқу үдерісімен қатар ғылыми және институционалдық дамумен байланыстыратынын көрсетеді.
2026 жылғы тамыздағы университеттің есептік жиынында академиялық сапа, ғылым мен инновация, цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлік әріптестік басым бағыттар ретінде белгіленген болатын. «AI педагог» конференциясы осы міндеттерді білім беру саласында тоғыстырды. Халықаралық ғылыми пікірталас, педагогикалық әдістеме, мектеппен байланыс, кәсіби біліктілікті арттыру және цифрлық білім беру мүмкіндіктері бір бағдарламаның аясында өзара сабақтастық тапты.
Түстен кейінгі секциялық отырыстар филология ғылымдары, инновациялық оқыту әдістері мен жасанды интеллект, жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бағыттарын қамтыды. Пәнаралық талқылаулар жасанды интеллектінің бір ғана пәннің немесе мамандықтың мәселесі емес, тұтас білім беру жүйесінің сапасына әсер ететін құбылыс екенін көрсетті. Конференция аясында «Ұлттық руханият және цифрлық дәуір: кітап және жасанды интеллект» тақырыбында кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Тараздағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мәні – цифрлық технология туралы жалпы пікір айтумен шектелмей, оны ұстаз мәртебесімен, ұлттық құндылықпен, тілдік қатынаспен, креативті ойлаумен және педагог даярлаудың тәжірибелік тетіктерімен байланыстыруында. Жасанды интеллект білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер әкелгенімен, оның тиімділігі педагогтің кәсіби білігіне, технологияны орынды қолдануына және білім алушының дербес ойлау қабілетін дамытуға бағытталуына байланысты.
Дулати университеті ғылыми диалог пен нақты серіктестікті бір арнаға тоғыстырып, өңірлік білім беру жүйесі үшін маңызды бастамаларды алға шығарды. Жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті университеттің әлеуеті технологияны қаншалықты жылдам енгізгенімен ғана емес, оны адам капиталының дамуына, ұлттық танымның нығаюына және білім сапасының артуына қаншалықты нәтижелі жұмсағанымен өлшенеді.