Basty bet

Мамандықты дұрыс таңдап, жетістікке жете білейік

Абыройлы, атақты, сыйлы болып жетістікке жету кімнің де болса арманы. Бірақ сол абырой деген адал еңбекпен, қаншама талпыныспен, жеңіс пен жеңілістен, маңдай термен және шыдамдылықпен келетінін көп адамдар біле бермейді.
Атақты ағылшын драматругі әрі ақыны Уильям Шекспирден «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету» деген қанатты сөз қалған. Мағынасы терең осы сөзді талдайтын болсақ, біріншіден, өзгелерден артық білу, үнемі ізденісте болу – ол өзіңіздің өмірлік қуатыңыздың мәнін арттырып, мақсатыңызды айқындайды. Екіншіден, өзгелерден көп еңбектену, өзіңізді жетілдіріп отыру – бұл арқылы сіз әлемді басқаша көзқараспен көре аласыз. Басқалар демалып жатқанда сіз жұмыс істеңіз, басқалар не істеймін деп ойланып отырғанда, сіз мақсат құрып талпынып, жетіске жете аласыз. Үшіншіден, өзгелер күткеннен азға үміт ету, қанағатшылдық – бұл жетістікке жетудегі ең басты нәрсе. Барға риза болып, нәпсіге ермесеңіз, үлкен белестерді бағындыру сіз үшін түк емес.
Жетістікке жетелер бастаманың түп қазығы – төзімділік. Биік белестерге жету үшін адам ең алдымен өзін жеңуі тиіс. Сіз алдымен өзіңізді жеңсеңіз, жетістікке бір табан жақын боласыз. Бұл тұрғыда көп жастар қателесіп жатады. Олардың ең үлкен қателігі мамандық таңдай алмауда болып отыр. Кейбір жастар оқуға ата-анасының таңдауымен түссе, кейбіреулері жанындағы жолдасы қандай мамандық таңдаса сол мамандыққа оқуға түсе салады.
Ал, біреулері «Мына мамандықта ақша көп екен» деп алып, түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Бұл жағдайда жолы болып кететіндер де бар, бірақ сол істі игере алмай қалатындар да қаншама. Сол үшін барлығымыз мамандығымыз өз қалауымызбен таңдай білейік. Ол біздің өміріміздің мәнді болуына септігін тигізеді. Сүйіп таңдаған мамандығыңмен оқу оқып, жұмыс істесең одан бір нәтиже шығатыны сөзсіз. Ондай кезде жан-тәніңмен жұмысқа білек сыбана кірісіп, жетістікке жетуге талпынасың. Міне, сонда біздің мақсатымыз, арманымыз орындалатынына сенім білдіремін. Қандай жағдай болмасын алдыңызға мақсат қойып, сол мақсатқа жете біліңіз. Сонда ғана ешкім бағындыра алмаған биіктерден көріне аласыз.

Әнел Әлімбекқызы,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.
Талапты ауылы

Таңдаулы материалдар

Close