El іshі
Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны
1997 жыл – Қоғамдық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгіленді. Жыл сайын 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. 1937-1938 жылдары болған сол бір зобалаңның жазықсыз құрбаны болғандардың қатарында Бақалы ауылынан қожа Сапарғалиұлы Зейнолла ишан болса, Қызыларық ауылынан 1929 жылғы колхоз құрылысының алғашқы ұйымдастырушыларының бірі де бірегейлері, еті тірі, адал перзенттер – Қасымбек, Пірнә, Қырбас, Кәдірлер еріксіз «халық жауларының» тізіміне ілігіп, 10 жыл түрмеге жабылған.
Сол дәуірде:
Аспаннан түскен жасын-ды,
Жасынға тіктім басымды.
Теңізден сүзген маржандай,
Сүзіп те алды-ау асылды.
Қаптай да көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, о жалған!
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, о жалған! – деген зарлы жоқтау айтылған.
«Алжир», «Карлаг» түрмелерінде 8000 әйел қамалған. Түрмеде 1507 бала өмірге келген, үш жасқа толғанда оларды анасынан бөліп, балалар үйіне әкеткен. НКВД әйелдердің аяғының ауырлығына қарамаған. Сәби жарық дүниеге келмей құрсақта жатып-ақ теміртордың дәмін татқан.
Бір мысал, 15 жасар Коля мектепте ойнап жүріп М.Калининнің суретін жыртып алған. Оны №58-статьямен «халық жауы» деп түрмеге жапқан. Осындай жауыздықты фашистер ғана істейді деуші еді. Осындай фашистер социализмді орнатпақ болып жүрген өзіміздің коммунистік қоғамда да болған екен. Лагерьде не үшін отырғанын да білмейтін әйел болған. Тергеуші: -Сенің күйеуің троцкист деп айғайлаған. Сонда байғұс әйел: -Жоқ, ол ешқашан тракторист болған емес, бригадир болған,- деп жауап берген екен.
Тұтқын әйелдер жалаңашкөлден қамыс орып тасыған. Жолай оларды қазақтар «ақ таспен» ұрған дейді. Онысы шын мәнінде кәдімгі құрт екен. Айдауылдар: -Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма? – деп мазақ еткен. Қазақтар түрмедегілер жүретін жолдың жиегіне, ши түбіне нан, ет, құрт, ірімшік қойған. Олар кейін үйреніп, әлгі тамақтарды жеген. Орыс, өзге ұлт әйелдері кейін еліне қайтпай, қазақтарға ерленіп, қалып қойған дейді.
Осындай қуғын-сүргіндердің құрбаны болған өз дәуірінің жоғары діни білімді, біліміне парасаты сай азаматы Зейнолла Сапарғалиұлы еді. Ол 1884 жылы Түлкібас ауданына қарасты Көкбұлақ ауылында туған. Татарстанда Қазан медресесін бітірген.
Тәңірім сен! Жаббар саған табынам, Жалбарынам, жалғыз саған жалынам. Патша тәжі жолда жатса, қайырылмай, Теуіп өтіп, тап алдыңа табынам,- деп халықты имандылыққа, адалдық пен шыншылдыққа ұйытқан жүрген Зейнолла 1937 жылы 1 наурызда Жуалы ауданының «Қызыл диқан» колхозында еңбек етіп жүрген жерінен озбыр топтың құрығына ілініп, 10 жылға сотталған.
Дін – халыққа берілетін пайдалы нұсқау. Дін базар емес. Иманды саудалауға болмайды, иман – мұсылманның ұяты, абыройы. Зейнолла, адамдарды өзге де қожа-молдалар халықты екі дүниенің қырын, сырын білуге, табиғаттың тылсым сырларын білуге жетелеп тәрбиелейді. Олар өз дәуірінің, өз заманының адал ұлдары еді.
Зейнолла қожаның әкесі Сапарғали мағзом 1921 жылы Талас ауданының Ойық ауылында мешіт салдырған және сонда тұрып халықтың арасында діни сауат ашып, жастарды имандылық рухында тәрбиелеген. Ал бабасы Шаһахмет хазірет 1875 жылы Созақ ауылында үлкен мешіт салдырған. Совет үкіметі кезінде мешіт үйі дін иелерінен тартып алынып, дән сақтайтын қамба етсе, кейін оны клуб үйі ретінде пайдаланған.
Зейнолланың немересі Ахан молда 1999 жылы Ойық ауылына Сапарғали мағзомның салдырған мешітіне және сондағы қабіріне зиярат етіп барғанын былай әңгімелейді:
-Мешіт шырақшысы Мұрат мені ауылдың қадірменді қариясының үйіне ертіп әкелді, таныстырды. Сонда қария өткен күнді былай деп еске алды:
-1997 жылы 15-17-лер шамасындағы жеткіншек едік. Ауылға Сапарғалиұлы Зейнолла қожа келді. Халық мешітке жиналып, намаз оқылды. Қожаны әр үй шақырып, қонақ етті. Ол осында үш-төрт күн жатып Жуалыға қайтты. Артынша екі күннен соң ауылға қызыл әскер толып кетті. Үйлерге тінту жүргізілді. «Қожа қайда, кімнің үйінде болды, кіммен сөйлесті, не айтты?» деп елдің бәрінен сұрақ алып, тергеу жүргізді. Осы сұраққа нақты жауап ала алмаған соң бәрімізді кеңсе үйіне жинап, сонда тағы тергеді. «Қожа совет өкіметіне қарсы қандай үгіт-насихат айтты?»- деген сұрақтар сондағысы.
Біз сол жылы комсомолға мүше болып өтуіміз керек болатын. Шындарыңды айтпадыңдар,-деп бізді сол жылы комсомолға өткізбей қойған еді. Қожа Зейнолланы осы көруіміз соңғы көру еді. Бұдан соң ол кісіні Алла бізге көруге жазбапты,- деп қария мұңайған еді.
Үлкен апамыз Марфуға жарықтық та айтып отырар еді:
– 1937 жылдың көктемі еді. Қазіргі Бақалы ауылының жоғарғы жағында тұратынбыз. Теріс өзені тасып жатқан. Өзеннен жалдап өтіп салт атты адам тура біздің үйге келді. Келді де: -Қожеке, тез мына атқа мініңіз де, қырғыз асып кетіңіз. Қазір қызыл әскерлер келіп, Сізді тұтқындап алып кетеді,- деді. Бірақ ол кісі қашпады. Артынша айтқандай, Зейнолланы тұтқындап, Бурное елді мекеніне алып кетеді. Оны сельсоветтің атына мінгізіп әкетеді. Атты алып қайту үшін Сатыбалдиев Райымбекті (15 жастағы) артына мінгестіріп алады.
Жолда бара жатып Райымбекке «Елге сәлем айт, мына ақшаны үлкен ұлым Қалымханға бер»,- деп қоштасып, сонда қала береді. Пойызбен Тараз түрмесіне алып кетіп, сол әкеткеннен мол кетіп, сотталып Коми АССР-нің орталығы Сыктывкар қаласына алып кеткен,- дейді апамыз. Марфуға апай төрт ұл, бір қызбен жесір қалып, көп қиыншылық көрген.
Зейнолла, Ғарифолла, Қырықбай аталарымыз Сапарғали мағзомнан дәріс алып, кейіннен үлкен молда болған. Марфуға төрт ұл, бір қызбен жесір қалған соң Көкбұлақта, Куйбышевте, Қызылдиқанда, Күйікте т.б. жерлерде болып, колхоздың әртүрлі жұмыстарын атқарып, қиыншылықты жеңе білген. Әкесіз жетім қалған балаларын өсіріп, ел қатарына қосқан.
Атам Болатбек қажының айтуы бойынша, 1950 жылдары Марфуға апамыз Бақалы ауылына тұрақты тұруға көшіп келеді. Онда азаматтардың дені соғыстан оралмаған. Жесір әйел, жетім бала. Бейсенбі, жұма күндері шешеміз күн бата бізді Зейнолла атаның жесірі Марфуға апамызға зікір салуға ертіп баратын дейді. Ораза, намаз, зікірге тыйым салынған заман болса да, шешелеріміз сондай ашқұрсақ, қиын заманда ораза, намазын, қаза етпейтін. Зікір салып, Аллаға жалбарынып, Алладан жақсы заманды, имандылықтың қайта оралуын тілеп бата жасайтын. Бір түтіннен қалған бір тұяқтың амандығын тілеп, ел тыныштығы, жұрт ынтымағы мен бірлігінің сақталуына ықылас білдірер еді. Біздің шыншыл да адал, еңбекқор боп өсуімізді Алладан тілеп, солай болу болмысына тәрбиелеген болатын деп еді атам.
Зейнолланың үлкен қызы Сүйінтай Созақта дамылдап жатса, үлкен ұлы Қалымхан Бақалыда мәңгілік мекенінде. Ұлы Отан соғысына қатысқан соғыс ардагері Әлімхан (Әлтай) Көкбұлақта дүние салған. Зарифулла (Зепен) тыл ардагері болатын, ол да дүние салды. Үлкен үйде, қара шаңырақта Зейнолла қожаның немересі Ахан, Батыр Ана Бекзадамен бірге тұрып жатыр. Олар 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Ата жолын қуып, елді имандылыққа жетелейді.
«Ислам діні – ең таза ғылыми дін. Имандылық, ізгілік дін сыйлаудан өркен жаяды. Жалғандықтың бетін шарпып, күйдірер шындық оты да Ислам дінінде. Ата-бабаларымыз қадірлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бет бұрған ұрпақтарымыздың ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін»- деп жазады Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Рухани жолда ислам ғалымдарының адамдық, имандылық жолы ғана ғаламды сақтап қалып тұр,- деген қағида бар. Дін барлық уақытта да халық бірлігіне, елбасының амандығына, ел тыныштығына ынта-ықыласын салады.
Жақсыдан қалған жәдігер, тұлпардан қалған асыл тұяқ Ахан молда бастап, өткен жылы Бақалы ауылынан ақсақалдар, ауылдың жанашыр азаматтары Ермек Шымырбайұлы мен Шерхан Пертайұлы салып берген мешітте жұма намазынан қалмай қатысады. Онда имандылық насихат айтылып, Алладан ел амандығы мен тыныштығын тілеп, дұға жасалынып, бата беріледі.
«Әйелі азған елде келешек жоқ», «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді қазақ атамыз айтқан. Бұған біздің қосарымыз тәртіп – ерден, тәрбие – анадан. Ендеше, әйелді тәртіпке шақырудың алысты көздеген үлкен мәні бар. Имандылық мәселесі мешіттегі әр жұмада тақырып аясы болып тұрады. Жалған ғылым жаңғырық, Жалт етер де жоқ болар. Құран Кәрім мәңгілік, Ұғынсаң, көңілің тоқ болар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: -Біз тегіміз Түркі, дініміз Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Халық Алласына, Тәңірге сеніп, ертеңгі күнін ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед пайғамбарымыздың (салла аллейһи уә сәллам) хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін», -деп жазды бір еңбегінде.
Абай айтқандай, «…Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» жаның шошып әрі қорқып ата-баба ұстанған жолмен жүру ләзім. Ата-баба сыйлап өскен халық сол жолмен жүрсе адаспайды.
Айлин Қайыпбек,
№16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.
Бақалы ауылы.
Мақала Болатбек қажы Қайыпбекұлының айтуымен және ақпараттық сүйемелдеуімен жазылған.