Basty bet
Межелі міндеттер түсіндірілуде
Ел аумағында енгізілген карантин және шектеу шараларына қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауын кеңінен насихатталу үстінде. Халық асыға күтетін дәстүрлі Жолдауды түсіндірушілер де әр саланың мамандары. Олар өз кезегінде тұрғындарға жылдың бас құжатынан туындайтын міндеттерді жан-жақты түсіндіру үстінде.
Апта ішінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ауданға арнайы келіп, Нұрлыкент ауылында тұрғындармен кездесу өткізді. Ауылдық әкімшілік ғимаратында өткен жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдаудың ерекшеліктеріне және қазіргі ахуалға байланысты жарияланып отырғанына кеңінен тоқталып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, кездесу аясында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер мен бағыт-бағдарлар сөз болып, пікірлер алмасылды.
Комиссия мүшелерімен кездесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалуына байланысты Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов №207 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдағы өтетін сайлаудың ерекшеліктерін атап өтті.
Серғали Өмірзақұлы сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/199 қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі» нұсқаулыққа сәйкес дауыс беру рәсімі үшін сайлау учаскесін жарақтандыру және комиссияның жұмысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды Нұрлыкент ауылдық әкімдігімен бірлесе отырып атқару керектігін айтты.
Сонымен қатар, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін жағдайлар жасау жұмыстарын қолға алу қажеттілігіне тоқталды. Жақын арада сайлау комиссияларының сайлау өтетін күні санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтау бойынша іс-әрекеттерінің алгоритмі ұсынылатынын ескертті.
Сондай-ақ, Серғали Өмірзақұлы учаскелік сайлау комиссиясының барлық жұмыстары 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес атқару керектігіне ерекше тоқталды.
«Jańa ómir»-ақпарат