Ádebıet

ЕҢБЕКТЕРІ – мәңгі өшпес мұра

“Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi” деп әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымының зерттейтiн негiзгi категориясының бiрi – тәрбие.

Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтай отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзедi.
Адамгершiлiк тәрбиесi дегенiмiз – оқушылардың бойында мiнез-құлықтың белгiлi бiр сипаттарын қалыптастыру және оларға өздерiнiң бiр-бiрiне, жанұясына, басқа адамдарға, Отанға, мемлекетке деген қатынасын анықтайтын мiнез нормалары мен ережелерi.
Адамгершiлiк қасиеттердiң жетiлуi – тәрбие жүйесiнiң нәтижесi және тәрбие жұмысы тиiмдiлiгiнiң негiзгi критерийi. Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс тағы басқалары. Қазақ елінің ағартушысы Ы.Алтынсарин адамгершiлiктiң мынадай жеті қасиетін атап көрсетеді, яғни, имандылық, жоғарғы әдiлдiк, адалдық, ақкөңiлдiлiк, сыпайылық, момындық, адал ниетпен өсиет беру, жомарттық, қайырымдылық және дұрыс заңдылық. Яғни, жас ұрпақтың ақыл-ойын, сезiмiн үйлесiмдiлiкте ұстай бiлетiн, өнегелi мiнез қалыптастырып, адамгершiлiк қағидаларды меңгерген адам болып өсуiне барлық ынтасымен кірісе отырып, өзінің туындыларын сол бағытқа арнайды.
Балаға жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың ерте замандардан бері көп көңіл бөліп айрықша көтерген мәселесінің бірі болып саналса, солардың қатарында ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ даласынан оларға бірінші қазақ педагогы Ыбырай Алтынсарин үн қосады.
Мектеп бағдарламасында Ы.Алтынсариннің шығармашылығын меңгертуге бірнеше сағаттар бөлінген. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршін «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін жаттап өссе, кейінгі сыныптарда ұлы ағартушының тәрбиелік мәні өте жоғары әңгімелері мен лирикаға тұнып тұрған өлеңдерін оқып, үйренеді. Үйреніп қана қоймай, сол туындылардың астарында жатқан адамгершілік асыл қасиеттерді бойларына сіңіреді. Әр шығармасында Ы.Алтынсарин адамгершілікке сай келетін жақсылық істердің не екенін ашып беруге тырысады. Ол халық қамын ойлау, қоғам пайдасын өз жеке басының пайдасынан жоғары қою адамгершіліктің ең жоғары өлшемі деп санайды. “Кел, балалар, оқылық!” өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырады.
Ыбырай Алтынсариннің бір алуан өлеңдері әлеуметтік мәселелерге арналған. Бұған “Өсиет өлеңдер”, “Әй жігіттер” тәрізді т.б. өлеңдерін жатқызуға болады. Мұндай өлеңдері биік адамгершілік тұрғысынан ұрлықты, әділетсіздікті сынап, ескілікті салттардың зияндығын көрсетіп, адал еңбектің, адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын бейнелейді.
Қалай болғанда да жастарға дұрыс тәрбие беруде, олардың дүниетанушылық көзқарасын кеңейтуде «Қазақ хрестоматиясы» тек сол кезең үшін ғана емес, қазіргі таңда де мәні зор туынды. Бұл кітапқа енгізілген ағартушының әңгімелерінде еңбексүйгіштік, оқуға, өнерге ұмтылу, елін-жерін қадірлеу, талаптылық, қайрат пен ерік-жігерлілік, ізденімпаздық, кішіпейілдік, махаббат, қайырымдылық, жалпылай айтқанда, адамгершілік ұғымына тән тағы басқа жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды.
Ы.Алтынсарин өз өлеңдерінде, әңгімелерінде және хаттарында адамның жақсы мінезді, құлықты, адамгершілігі жоғары болу үшін тәрбиенің, әсіресе еңбек арқылы тәрбиелеудің маңызын баса көрсетіп отырады. Ол жастарды еңбексүйгіштікке баулиды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырады. Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі екенін айтады. Адамгершілік адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Міне, осы бағыттағы еңбектерінің орны бір төбе. Оның шығармаларының мұндай қасиеттері олардың жастарға да, үлкендерге де ортақ екендігін көрсетеді.
Оның өз халқын оқу-білімге, өнерге шақыруы, надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы, сол кездегі әлеуметтік өмірдегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі, жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның шығармашылығының халықтық жағы болып саналса, сонымен бірге қазақтың қазіргі проза жанрының және балалар әдебиетінің ең алғашқы негізін салушылардың бірі болып табылады.
Ыбырай атамыздың шығармаларындағы рухани-адамгершілік құндылықтар ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында сақтауда.
Оның қай шығармасы болса да, баланың тіл мәдениетін көркейтуге, дамытуға әсері мол. Оны балалар сүйіп, ынтыға оқиды. «Өзі өшсе де сөзі өшпейді» демекші, өзі жоқ болса да біз үшін оның еңбектері мәңгі өшпейтін мұра болып қалған. Ы.Алтынсариннің қай шығармасын алсақ та бізді тек әдептілікке, инабаттылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді.
Динара Аманкелдиева,
№19 Д. Қонаев атындағы
мектеп-гимназияның
қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close