Basty bet

Жаңа технология жаңаша дамуға бастайды

Дәл қазіргі уақыт мал бағып, шаруаның жайын күйттеген ағайын үшін қатал қысқа дайындық жұмыстарының қызған мезгілі. Бұл уақытта барлығы уақытпен санаспай жұмыс істейді. «Көктемнің әр күні жылға азық» дейтін болсақ, көктем мезгілінде шаруалар жерге дән сепсе, жазда сол алқапқа егілген өнімдерін орады. Қашанда баптай білсең, жер жомарт. Бабы келіскен жердің диқан қауымына мол өнім беретіні ежелден белгілі. Біз осы ретте Көкбастау ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Ержан» шаруа қожалығының сан-салалы тірлігі туралы әңгімелесек дейміз. Қосбөлтек ауылында орналасқан аталған шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған. Алғашқыда аз ғана жермен жұмысын бастаған шаруашылықтың жұмысы әртараптандыру әдісімен жалғасын тауып келеді. Иелігіндегі 600 гектарға жуық жерді баптап, бүгінде оған бидай, арпа, мақсары, қызылша, көпжылдық шөп, оның ішінде жоңышқа және эспарцет егілген. Тиісінше, одан алынатын өнім көлемін де жыл сайын арттырып отыр.

Дәстүрлі жасыл орақ науқанының аясында «Ержан» шаруа қожалығы да өз иелігіндегі 210 гектарға егілген көпжылдық шөпті оруды қызу бастап кетті. Шаруашылықтың орақ науқаны Қосбөлтек ауылы маңына егілген жоңышқа алқабынан бастау алғанын айта кетуіміз керек. Шаруа қожалығы мүшелерінің айтуынша, дәл қазір 210 гектар алқаптың 150 гектары орылып үлгерген екен. Қысы қатал болып келетін ауданымыздың табиғи жағдайын ескерсек, мал азығын дайындау жұмыстарында ешқандай кемшілік болмауы тиіс. Тиісінше, шаруа қожалығы 150 гектар алқаптан алынған шөптен 550 тонна сенаж, 6000 дана тайланған шөп дайындапты. Алдағы уақытта қалған алқаптар орылса, бұл көрсеткіш әлі де еселене түсетіні анық.
«Ержан» шаруа қожалығының жасыл орақ науқанына тыңғылықты дайындалғанын анық байқауға болады. Өйткені алқаптарда шөп оратын 2 дана КПС, 1 КПИ, «МТЗ-82» маркалы екі трактор, бір шөп тайлағыш жүйткіп жүр. Ағайынды Геннадий және Сергей Маравин шөпті орып жатса, Жеңісбек Сәбденбеков, Қанат Бақыбеков, Ерғали Оразбаев сынды тәжірибелері мол механизаторлар орылған шөпті турап, тайлап тасу үстінде екен. Бұл шаруашылық кейбір қожалықтар сияқты ешқайдан техника іздеп сабылмайды. Барлық қажетті техника өздерінен шығады. Осы орайда шаруашылықтың алты адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып отырғанын айта кеткен жөн сияқты.
Механизаторлармен сөйлесудің сәті түсіп, біз олардан жасыл орақтың барысы туралы сұраған едік.
– «Ержан» шаруа қожалығында жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Қосбөлтек ауылының тұрғынымын. Орақты бастағанымызға да көп бола қойған жоқ. Түсім жаман емес. Науқан кезінде уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Еңбегімізге алатын жалақымыз жақсы. Еңбекақыдан бөлек жем-шөп те беріп тұрады. Бұдан бұрын осы ауылдағы «Орталық» ЖШС-да жұмыс істегенмін. Еңбегімізді лайықты бағалап отырған шаруа қожалықтың басшысы Беріккүл апайға өз алғысымды білдіремін,- дейді механизатор Жеңісбек Сәбденбеков. Аталған шаруашылықта сегіз жылдан бері механизатор болып еңбек етіп келе жатқан Сергей Маравин де өз жұмысына риза екенін айтады. Екі механизатор да алдағы уақытта қожалық басшысымен өзара түсіністікте еңбек ете бермек ниетте екенін жеткізді.
«Ержан» шаруа қожалығының алға қойған мақсаттары айқын, атқарып отырған жұмыстары сан-салалы екенін мақаланың басында айтқанбыз. Қожалықта 110 бас сауынды сиыр бағылуда. Одан бөлек, 2011 және 2013 жылдар аралығында «Сыбаға» бағдарламасымен 5 миллион теңгеге қол жеткізіліп, қомақты қаржыға 100 бас асыл тұқымды сиыр сатып алынған екен. Зеңгі баба тұқымынан бөлек 120 бас жылқы, 400 басқа жуық ұсақ тұяқты мал бар.
Жаңашылдық, жаңа технологияларды ұдайы қолдану шаруашылықты алға бастыратыны бесенеден белгілі. Осы ретте аталған шаруашылықта жаңаша әдістер пайдаланылып отыр деуге толық негіз бар. Соңғы жылдардың өзінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан «МТЗ-82» және «МТЗ-1221» маркалы озық үлгідегі төрт дана трактор лизинг жүйесімен алынған екен. Шөп тайлағышы, басқа да техникалары жаңа.
Жем-шөп қорын дайындауда дәнді дақылдардың алар орны маңызды. Алқапқа бидайдың екі сорты, арпаның үш сорты егілген. Қожалық өткен жылы Ресейден арпаның төрт сортын сатып әкеліп, тиісінше, бұл сұрыптар 11 гектарға себіліп, одан мол өнімге қол жеткізілді. Агротехникалық шараларды қатаң жүргізудің арқасында жаңа сұрыптың жерсінгені көңіл қуантып отыр.
«Ержан» шаруа қожалығында атқарылып жатқан жаңаша жұмыстар туралы шаруашылық басшысы Беріккүл Айнабекова кеңінен айтып берді.
– Биылғы жылдың өнімі үшін 200 гектарға бидай мен арпа дақылын ектік. Жаздың әр күнін босқа жібермей, жем-шөп қорын молынан дайындап жатырмыз. Биылғы көктемдегі салқын ауа райына байланысты көпжылдық шөптің шығымы аздау болып отыр. Осыған да шүкір. Шөпті дер кезінде орып, жинап алу жұмыстарын қызу жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге 120 гектар алқапқа бидайдың бірнеше жаңа сұрыптары егіліп отыр. Тиісінше, одан да мол өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз. 80 гектарға арпа септік. Биылғы жылы қызылша алқабының көлемін қысқартып, есесіне 15 гектарға алғаш рет жүгері дақылын егіп отырмыз. Ресейден әкелінген арпаның жаңа сұрыптарын жерсіндіріп, алдағы уақытта шаруашылықты тұқым шаруашылығына айналдырсақ дейміз. Осы жолда әртараптандыру жұмыстарын нақты қадамдармен бастап отырмыз,- дейді қожалық басшысы Беріккүл Айнабекова.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ақылдаса-кеңесе отырып атқарған жүйелі жұмыстардың жақсы нәтиже беретіні анық. Осы ретте «Ержан» шаруа қожалығының мүшелері аянбай жұмыс жасап, алдағы уақытта асыл тұқымды малдың басын көбейтуді көздеп отырғаны құптарлық жағдай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close