El іshі

Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп дарқан даламызға Наурыз да жетті.
Ата-бабамыз Самарқанның көк тасы еріген, жыл басына балаған Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыздан үлкен үміт күткен.
Алтын құрсақты Ана, аудандық Аналар алқасының мүшесі, Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны Ранай Айымбетовадан мерекенің мәні мен маңызы туралы әңгімелеп беруін және жерлестерімізге арнап аналық ақ тілегін білдіруін өтінгенімізде, ол былай деді:
– Аумалы-төкпелі заманда аталарымыз ұрпағын сақтап қалу қамымен атажұрттан ауып келгенде, балығы көп жер деп Арал теңізінің арғы жағалауындағы Қарақалпақ АКСР-іне қарасты Мойнақ ауданының Үрге кентіне аялдап, тұрақтап қалған екен. Біз қанша жырақта жүрсек те, салт-дәстүрімізге берік болып, сан ғасырлар бойы атадан балаға берілген әдет-ғұрыптарды қатты құрметтедік. Тіліміз де қазақ, діліміз де қазақ болды.
Біз ол кезде атажұртқа аңсарымыз қатты ауатын. Ел жақтан жылт еткен бір жағымды хабар келсе, елеңдеп тұратынбыз. Қарақалпақ телевидениесінде «Замандас» деген қазақ тіліндегі бір сағаттық бағдарлама бар еді. Соның әр хабарын асыға тосып, көз айырмай, тамашалайтынбыз.
Қазақстанда Наурыз діни астары бар мереке деп тойлауға тыйым салынғанда, Қарақалпақстанда ол жария түрде аталып өтетін. Тіптен, мереке шығындарына шаруашылықтан арнайы қаражат бөлініп, үлкен қазан асылып, Наурыз көже дайындалатын. Көше тұрғындары көпшілік шараларға тайлы-таяғы қалмай атсалысатын.
Үргеде балық зауыты болды. Кент тұрғындары сонда жұмыс істейтін. Ол кезде үйлерде не шарбақ, не қоршау болмайтын. Ауызбіршілік бар еді. Бір үйде балық қуырылып жатса, бүкіл қауым сол үйге жиналатын. Мерекелерде жұрт үйме-үйді еркін аралап жүріп, сауық-сайран салатын, ән салып, думанды қыздырып жататын.
Әкем Жанғали ескіше сауатты, медресе бітірген, діни білімді кісі еді. Анам Ұлсары да аса тәрбиелі, өнегелі жан болатын. Ісмер, суырып салма ақын, ойын астарлы сөзбен жеткізудің шебері еді. Өзім де мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араластым.
Анамның айтқан өсиеттерін әрдайым жадымда ұстап, өмірлік мектебіме айналдырдым. Оны бүгінде өз балаларым мен келіндеріме, немере-шөберелеріме ылғи да айтып отырамын.
Балаға тәрбие отбасында берілуі тиіс. Біздің отбасында ылғи да дастарқан басында үлкен кісі бата бермей, ешкім орнынан тұрмайды. Оның берік дәстүрге енгені сондай, келіндерім табақ алған кезде иіліп сәлем беріп, алғысымды алады. Әр шаңырақта осындай оң үрдіс орын алса, ұлтымыздың көсегесі әлдеқашан көгеріп, тіліміз тұғырына қонып, діліміз де мұнша жүдемеген болар еді.
Біздің бала күнімізде Наурызда айтылатын ақ алғысты, терең мағыналы баталардың түрі көп болатын. Дәстүр бойынша Наурыз күні үлкендерден бата алу үлкен мәртебе саналатын. Оң тізесін бүгіп, екі қолды жоғары көтеріп алақан жая бата сұраған жігіттер мен балаларға ақсақалды аталар күн нұрындай сәулелі, жаныңды жадырататын мағыналы да мәнді бата беретін.
Біз тұрған Үрге кенті мен теңіздің арасында үлкен тау болатын. Қысы қытымыр аязды болатын. Аталарымыз әр наурыз сайын ойын балаларын тегіс жинап, топқа бөліп, ересек балаларды бас етіп, сай-саланы тазалауға, бұлақ көзін ашуға жіберуші еді.
Наурызда мал сойылмайды, қан шығарылмайды. Наурызкөжеге керісінше, ескі жылда сойылған малдың сүр еті қосылады. Оның негізінде «барлық ауыртпашылық ескі жылда қалсын, жаңа жылда тоқшылық болсын» деген ырым жатыр.
2003 жылы атажұртқа біржола көш түзедік. Мұнда келе сала, жергілікті халықпен қуана қауышып, тонның ішкі бауындай етене араласып кеттік. Өзіміздің көрген-білген, үйренген салт-дәстүрімізді ала келіп, жақсы қасиеттерімізбен сіңісіп кеткен жайымыз бар.
Аллаға шүкір, Құдай қосқан жарыммен бірге тату-тәтті тұрмыс кешіп, он төрт перзенттің анасы атандым. Елге келгеннен кейін Алтыннан алқа тақтым.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Пәле-жала жерге еніп,
Қайда барса жол болсын! – деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен. Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін!
Ендеше, мен де Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жолдауынан қанаттанып, Жаңа Қазақстан құруға бет бұрған отандастарыма арнап: «Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін! Ұлы халқым тоқ болсын, Көйлектерің көк болсын! Қайғы-уайым жоқ болсын, Қуаныштарың көп болсын!» деп аналық ақ батамды беремін, – дейді жетпістің бесеуіне келген кейуана риза кейіппен.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close