Basty bet

Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс!

«Тазалық – саулық негізі» демекші, тазалықтың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екені баршамызға белгілі. Дегенмен, осыны біле тұра табалдырықтан басталатын тазалықты қоршаған ортада сақтай бермейміз. Ол біздің әлі де мәдениетіміздің төмендігін, санамыздың, жанымыздың рухани таза еместігін білдіреді. Ауылдың келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығында. Ал, тазалық – әрбір ауладан, отбасыдан басталады.
Шыны керек, көктем шықса көгеріп, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетіміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине, бұл олардың тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғынның да туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілігі болуы керек. Сондықтан ортақ іске бөле-жара қарап, жауаптыларға жауапсыздық арқалатпай, түсінген адамға ауылының тазалығына ортақтасатын кез келді. Еш болмаса үйдің сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді.
Мыңбұлақ ауылдық округінде де көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиевтың айтуынша, елді мекенде күзгі екі айлықта атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспары жасалып, барлық мекемелерге жеткізілген. Сонымен қатар, елді мекендердің әрбір тұрғын үй иесіне аулаларын таза ұстау, тұрғын үйдің сырт келбетін, қоршауларын жөндеу, сырлау әктеу және әр аптаның соңында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хабарламалар таратылып, ескертілген.
Округ аумағындағы барлық елді мекендер, мекемелер мен ұжымдар күзгі екі айлыққа байланысты әр аптаның соңында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында сенбіліктер ұйымдастыру қажеттігі ескертіліп, ұйымдастырылуда.
Бүгінгі күнге әр тұрғын үй иелері мен мекемелер өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыс аптасына бір рет тасымалдау арқылы шығарылуда.
Сырт көз –сыншы. Ауылдың тазалығын сыртынан бақылап, елді мекендегі күзгі екі айлық жұмыстарының жүргізілу барысын көріп қайттық. Ауылдың тазалығы оның кіреберісінен байқалатыны белгілі. Одан әрі қарай бет алғанымызда жолдың бойы тазартылып, талдардың әктелгенін де байқадық. Жалпы ауылдың ішінен кез келген жерде бей-берекет шашылған қоқыстар байқалмайды. Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тек жауапты мекеме қызметкерлері ғана емес, ауыл тұрғындары да атсалысқаны абзал. Жалпы, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі тазалық жұмыстарын жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ әлі де жұмысты ширатып, атқарылар істің бар екенін айтқымыз келеді. Ауылдың тазалығы, көркеюіне көлбастаулықтар біркісідей атсалысады деп сенеміз!

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close