Basty bet

Атқарылған жұмыс түпкілікті нәтижеге бағытталуы тиіс!

Апта басында аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылып, онда Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің атқарған жұмыстарының барысы, нақты айтқанда, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы туралы бірқатар маңызды мәселе қаралып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелгенін баса айтқан жөн.

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші мәселе – Жуалы ауданында 2025 жылдың көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының қорытындысы және күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанына дайындық туралы мәселе және екінші – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының өңірде іске асырылуы туралы мәселе қаралды.
Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұхамед-Али Бекбауов баяндама жасап, есепті мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Президенттің Жарлығымен және Үкіметтің Қаулысы негізінде бекітілген 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының биылғы жұмыс барысы аяқталды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Жамбыл облысы әкімдігінен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының жасағы – 117 адамды құрайды. Оның ішінде: ҚР ҰҚК ШҚ – 17 азамат (17 әскерге шақырылушы жөнелтілді), ҚР МКҚ – 1 азамат (1 әскерге шақырылушы жөнелтілді ), ҚР ҚК қатарына – 65 азамат (50 әскерге шақырылушы жөнелтілді ), ҚР ҰҰ қатарына – 32 азамат ( 40 әскерге шақырылушы жөнелтілді). Көктемгі шақыру науқанында ауданнан жалпы
108 шақырылушы әскер қатарына жөнелтіліп, жасақ – 93 % орындалды.
Ал биылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Есеп бойынша 18-27 жастың аралығындағы – 2 368 азамат бар. Оның ішінде, 250-і шақырылуға жататын азамат. Нәтижесінде, 148 шақырылушымен жан-жақты сұхбат жүргізіліп, оның ішінде,
42-сі өз еркімен әскерге баруға ниет білдірді. Атап айтқанда, ҰҚК ШҚ-на – 20 азамат, МКҚ – 4, ҚР ҚК қатарына –11, ҰҰ қатарына – 7 азамат. Зерделеу жұмыстары жалғасады,- деді бөлім бастығының міндетін атқарушы М.Бекбауов.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров ауқымды баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды.
– 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспарына сәйкес, елді мекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Акция аясында өткізілген іс-шараларға тұрақты ақпараттық қолдау көрсетілуде. Медиа кеңістікте 235 материал жарияланып, оның ішінде баспа басылымдарда 30 мақала, әлеуметтік желілерде 205 пост жарық көрді. Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі іске қосылып, Телеграмм-бот арқылы өтінімдер қабылдануда. Бүгінгі күнге 25 өтінім түсіп, олар толық орындалды.
Аталған экологиялық акцияның аясында 500 тоннадан астам түрлі күл-қоқыс пен қалдықтар шығарылып, аудан көлемінде 15 рет сенбілік жұмыстары және 10 мәрте түрлі акция ұйымдастырылды. Одан бөлек, сенбілік жұмыстары аясында аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық автожолының бойындағы және Б.Момышұлы ауылына кіреберіс екі автомобиль жолының бойындағы ағаш екпелерінің арасы тазаланса, осыған ұқсас жұмыстар өңірге қарасты ауылдық округтің елдімекендерінде де жүргізілді. Жалпы аталған экологиялық акцияның аясында – 38 020 дана ағаш отырғызылды.
Биыл аудан бойынша 2025 жылдың 1 қыркүйегі мен 31 қазан аралығында елдімекендерде күзгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Өңірде орналасқан ауылдық округтер мен мекемелерді аталған жұмыстарға белсене араласуға шақырамын,- деді жауапты бөлімнің бас маманы М.Дамиров.
Кезекті аппарат кеңесін қорытындылаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза жиналғандардың назарын жұмысты сапалы ұйымдастыру керектігіне аударып, қай салада да атқарылған жұмыстың түпкілікті нәтижеге бағытталуы қажет екенін қатаң ескертті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close