Basty bet

Ата Заң – сапалы өмір сүрудің кепілі!

ҚР Конституциясының жаңа жобасы тұрғындарға кеңінен түсіндірілу үстінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында 2026 жыл халық өмірінде Парламенттік реформалармен есте қалатынын атап өткені белгілі.

Осы тақырыпты толықтырар болсақ, Президент биыл Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында: «Біз Ата Заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс» деп тағы бір нақтылап өтті. Осыған сәйкес, былтыр қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, күні кеше ғана бұл құзыретті құрылым Жаңа Конституцияның жобасын халыққа ұсынды.
Иә, Ата Заң – мемлекеттің негізгі тірегі, халықтың қауіпсіздігі мен сапалы өмір сүруінің, жас ұрпақтың жарқын болашағының бірден-бір кепілі де дәл осы құжат десек, қателесе қоймаспыз. Апта басында ел болашағына қатысты маңызды құжаттың жобасын қолдауға байланысты аудандық әкімдікте жиын өтті.
Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, Конституциялық реформаның жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне кеңінен жол ашатынын және Ата Заңның халық өміріндегі маңызды тұстарын атап өтті.
– Барлығыңызға белгілі, еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын ең маңызды тарихи құжат. Конституциялық реформа – Тәуелсіз еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бастамасынан туындаған қадам. Жаһандық даму үдерісінде және халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, ең бастысы, ел болашағын дұрыс бағамдау ісінде мұның маңызы өте зор.
Жаңа Конституцияның жобасында халықтың және қоғам өкілдерінің барлық ұсыныс-тілегі терең ескеріліп, ел дамуына қатысты көптеген нормалар көрініс тапқан. Мұның ішінде атап өтерлігі, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын терең орнықтыру, экология мен қоршаған ортаны қорғау, ең бастысы, адами капиталдың басты орынға қойылып, құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуін ерекше бөліп айтуға болады. Әлбетте, заң мен тәртіп үстемдік құрмаған мемлекетте ешқандай экономикалық даму, әлеуметтік өрлеу және саяси ілгерілеу болмайды. Мұны біз күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқына ұсынылған жаңа Конституцияның жобасында әлемдегі қазіргідей тұрақсыз кезеңде тұрақты экономиканы қалыптастырып, сол арқылы халықтың мүддесін қорғап, әл-ауқатын арттыру басты мақсатқа айналып отыр. Конституция жобасын өңір халқына жан-жақты түсіндіріп, оларды толыққанды ақпараттандыру – біздің басты мақсатымыз болуға тиіс,- деді Жалғас Әлижанқызы.
Әкімдік жиынында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жаңа Конституцияның жобасындағы құқықтық өзгерістерге тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіретінін жеткізді.
– Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындағанын жақсы білеміз. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған жаңа Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын. 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымның өкілдері енгізілді.
Талқылауларға белсенді азаматтар қосылып, олар пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдай бастады. Осылайша, жаңа реформаны кеңінен әрі қарқынды талқылау жұмысы шамамен алты айға созылды. Осы кезеңнің ішінде жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, саралап, жүйелеп шықты деуге деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформаның аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40-бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтсе, жұмыс барысында өзгерістердің көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда, 130 адам енгізілді. Осылайша, Комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылғаны белгілі.
Конституцияның жаңа жобасы қоғам мен мемлекеттің дамуындағы стратегиялық міндеттерге жауап береді әрі Қазақстан мемлекетінің негізін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, Конституция жобасындағы ережелер «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының қағидасына сай келетінін, елдің одан әрі дамуы үшін мызғымас негіз қалыптастыратынын баса айтқан жөн.
Жаңа Ата Заңның мәтіні қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, халықаралық беделді, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы Қазақстанның айқын басымдығын анық көрсетеді,- деп атап өтті Сейітхан Шерелханұлы.

***
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету» деп атап өткеніндей, жаңа Конституцияны халыққа дұрыс түсіндіріп, сапалы ақпараттандыру – басты міндеттердің бірі болмақ. Осыған сәйкес, апта ішінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Мұндағы басты мақсат – жаңа Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, жұртшылықты дұрыс ақпараттандыру.
Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесу жиынына ауыл қариялары мен тұрғындар шақырылған. Аудан басшысы Жалғас Мұртаза жиналғандарға Ата Заңның халық өмірі мен ел дамуындағы биік орнын айта келіп, халыққа ұсынылған жаңа Конституцияның жобасында көрініс тапқан негізгі оң өзгерістерді кеңінен атап өтті. «Заң және тәртіп» қағидатынан туындайтын міндеттер, инновация, ғылым мен технологияның дамуына жағдай жасау, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өзгертулер, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, т.б. маңызды тақырыптар әңгіменің арқауына айналды.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза келесі кезекте Б.Момышұлы ауылындағы Спорт кешенінде болып, өңірдің спорт және дене шынықтыру саласының өкілдеріне жаңа Конституция жобасы туралы пайдалы ақпараттар ұсынып, оң өзгерістердің бірқатарын атап өтті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close