Basty bet
Саяси реформалар – елдің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған 2025 жылғы Жолдауында экономикадағы, мемлекеттік басқарудағы және әлеуметтік салаларда, бір сөзбен айтқанда, ел дамуы мен халықтың тағдырына қатысты алға қойылған ең негізгі деген межелі міндеттерді оңтайлы шешу үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған және кешенді реформаларға негізделген бағдарламаны халыққа ұсынғаны белгілі.
Соның ең негізгісі, қазір күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі – Парламенттік реформаны жүзеге асыру. Бұл туралы Жолдауда: «Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады. Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе?
Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін. Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз» Президент Қ.Тоқаев.
Әлемде қалыптасқан дәл осындай шиеленіскен күрделі саяси кезеңде Қазақстан үшін саяси реформаларды кешеуілдетуге болмайтыны анық. Түптеп келгенде, Парламенттік реформаның іске асырылуын елдің болашағы мен халықтың тағдырымен тікелей байланыстыруға болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бас-тамасын көтергені белгілі. Осыған сәйкес, Парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылдың қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.
Бұл туралы Конституциялық реформаны жүзеге асыру комиссиясының екінші отырысында да жан-жақты айтылды.
«Баршаңызға мәлім, елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалуда. Бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз» деп атап өтті Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин.
Конституциялық реформаны жүзеге асыру – бір күндік жұмыс емес. Бұған дейін арнайы жұмыс тобы құрылып, қоғам өкілдерінің ой-пікірі жан-жақты сараланды. Бұл бағыттағы атқарылатын негізгі жұмыстар пісіп-жетілді деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында сөйлеген сөзінде де бұл мәселе туралы байыпты байламын жеткізді.
– Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін.
Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным,- деді Президент.
Мемлекет басшысы ерекше ден қойып атап өткендей, Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. «Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттік реформаны жүзеге асыруға байланысты ойы осындай.
Бір сөзбен айтқанда, елде жүзеге асырылып жатқан Парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар жаңа басқару жүйесінің негізін қалайтыны анық.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»