Basty bet

Жаңа Конституция: ел дамуының жаңа кезеңі

Қазақстанда Конституциялық реформалардың жаңа кезеңі басталды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия еліміздің жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Құжатты әзірлеу барысында азаматтардың, саяси партиялар мен сарапшылардың, саясаткерлердің ұсыныстары кеңінен ескеріліп, ашық қоғамдық талқылаулар жүргізілгені анық.
Конституциялық өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Президент бір палаталы Парламент құру идеясын 2025 жылғы халыққа Жолдауында көтеріп, бұл қадам елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және басқару тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Осы бастама аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындардан мыңдаған ұсыныстар қабылданған.
2026 жылғы қаңтарда құрылған Конституциялық комиссияның құрамына елдің барлық өңірлерінен өкілдер кірген. Комиссия жұмысы ашық форматта өтіп, қолданыстағы Конституция нормаларының басым бөлігіне өзгерістер енгізу ұсынылған. Соның нәтижесінде мазмұны жаңарған жаңа Конституция жобасы әзірленіп отыр.
Жаңа Ата Заңның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілуі. Конституцияда әділеттілік, заң мен тәртіп, ұлттық бірлік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық негізгі құндылықтар ретінде бекітілген. Сонымен қатар, білім, ғылым және инновация ел дамуының басты тірегі деп айқындалған.
Маңызды жаңалықтардың бірі – азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау нормасының енгізілуі. Сондай-ақ дін мен мемлекеттің зайырлы сипаты нақты айқындалып, неке ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде белгіленген.
Институционалдық өзгерістер қатарында 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу, адвокаттық қызмет пен зияткерлік меншік құқықтарын Конституциялық деңгейде бекіту көзделіп отыр.
Жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Бұл – ел болашағы үшін маңызды әрі жауапты таңдау.

Серік Қойбақов,
аудандық мәслихат
аппаратының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close