Basty bet
Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған тарихи қадам
Жаңа Конституцияның жобасын түсіндіру жұмыстары қарқын алуда
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізу үстінде. Осыған сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза апта ішінде Қарасаз ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға ауылдың қариялары мен ардагерлері және тұрғындар шақырылды.
– Жаңа Конституция жобасының жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылуын – халықтың мемлекет басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашатын, білім мен ғылымға және инновацияға негізделген Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған тарихи қадам деп айтуға болады.
Ата Заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі тіректері ретінде қарастырылып отыр. Цифрландыру үдерістерін жеделдету, ғылыми зерттеулерді қолдау, инновациялық экожүйе қалыптастыру және адами капиталдың сапасын арттыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін шешуші факторлар ретінде айқындалған. Бұл бағыттар, әсіресе, жоғары білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелердің жауапкершілігін арттырып, олардың ұлттық дамудағы рөлін күшейтеді.
Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде қойылып отыр. Біз жаңа Конституцияның жобасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» жаппай үстемдік құрған, «Әділетті әрі таза Қазақстанды құру» идеясы халықтың кең қолдауына ие болғанын анық көріп отырмыз. Бұл ретте жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы басты орынға қойылады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын орнықтыра түсетіні даусыз. Халыққа ұсынылған жаңа Конституцияның жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аудан басшысы өз сөзінде, Президенттің халыққа ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтыруға күш салу қажеттігін ерекше атап өтіп, заң үстемдік құрмаған мемлекетте ешқандай саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың болмайтынын баса айтты. Сонымен қатар, жиында адами капиталды басты орынға қою арқылы білім мен ғылымды, заманауи инновацияны дамыту үдерістерінің маңызды рөлі туралы да сөз қозғалды.
Кездесу жиынында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасындағы адам құқықтары мен бостандықтарына, адами капиталға басымдық беріліп отырғанын ерекше атап өтіп, Ата Заңға енгізілген басқа да жекелеген басым бағыттарға кеңінен тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан халқының жарқын болашағына жол ашатынын да көпшілікке жеткізді.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатындағы дәл осындай басқосу жиындары Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжінде, сонымен қатар, аудандық Ардагерлер үйінде де жалғасты. Онда кәсіптік-техникалық коллледждің оқытушылар құрамы мен өңір ардагерлеріне Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндіріліп, сұрақтарға тыңғылықты жауап берілді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»