Basty bet

Сәуір айында жасалатын ырымдар

Қазақтың әрбір айының өз ерекшелігі бар. «Сәуір болмай тәуір болмас» дейтін қазақ табиғаттағы өзгерістерге бей-жай қарамаған.
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты болғандықтан, әр айдың өзіне тән ғұрыптары, дәстүрлері мен ырымдары қалыптасқан. Соның бірі – көктемнің қызған шағы саналатын сәуір айына қатысты салт-дәстүрлер.
Бұл кезеңде табиғат жаңарып, жер бусанып, тіршілік жандана бастайды. Сондықтан сәуір айы халық арасында береке мен жаңарудың белгісі ретінде қабылданған.
Сәуір айында табиғат өз өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Бұл айда жаңбыр жауады, ауа райы жылынып, топырақ жібиді. Сонымен қатар, сәуірде ағаштар бүршік жара бастайды, гүлдер ашылады. Көктемнің басы ретінде сәуір айы жаңа өмірдің басталуының, табиғаттың қайта түлегенінің белгісі. Осы кезеңде табиғаттың оянуы мен адамның тіршілігі арасындағы байланысты терең сезінуге болады.
Сәуір айында адамдар егін егуге, жер өңдеуге дайындық жұмыстарын бастайды. Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, шаруалар, жерге алғашқы дән сепкенде жақсы тілек айтып, жаратушыдан береке тілеген. Бұл – егіннің мол болуы мен жыл ырысты болсын деген ниеттен туған ғұрыптардың бірі. Көктем мезгілінде табиғаттың оянуына байланысты түрлі ырымдар да айтылған. Мысалы, алғашқы найзағай күркірегенде немесе алғашқы жаңбыр жауған кезде адамдар оны жақсылықтың белгісі деп қабылдаған. «Сәуірдің жаңбыры – ырыстың жаңбыры» деген сөз де халық арасында кең тараған.
Сонымен қатар, сәуір айында ағаш отырғызу, аула тазалау, табиғатты күту сияқты игі істер жасау да дәстүрге айналған. Үлкендер жастарға табиғатты қорғау, жерді қадірлеу жөнінде ақыл-кеңестерін беріп отырған.
Халық арасында кейбір ырымдар да сақталған. Мысалы, сәуір айында басталған іс берекелі болады, жаңа жоспарлар құруға қолайлы уақыт деп есептелген. Сондай-ақ, бұл айда адамдар бір-біріне жақсы тілектер айтып, жаңа бастамаларға батасын берген.
«Қардың басын қар алар» деген сөзі өліараға (26-28-наурыз) дөп келетін сияқты. Ол күндері жапалақтап қар жауып, іле еріп, не жаңбыр сіркіреген. Бұл қарды ел құсқанаты деп те атаған. Наурызда (14 наурызда) жаз жұлдызы туған. Отамалыдағы ызғырық қара суық өте жайсыз.
Сол себепті «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген. Сәуірдің тууы 14 сәуірге келеді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек жаз бұлты (сәуір бұлты дейді мұны) шығады. Онан соң бір-екі күнгі жылымық, 17-19 сәуір күндеріндегі жаңбырмен не суықпен ауысады. Отамалының 25-27 күндері тобылғы жарғанның қара суығы өтеді, тобылғы бүршіктейді.
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық жел соғады. Бұл «тобылғы бүршік жарған» яғни, өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Көкек айының 17-25-тері шамасында өтетін құралайды да қазақ ырым еткен. Құралайдың жаңбырлы болуы егін-шөптің молдығының көрінісі деп те есептеген. Бұл мезгілді құралаймен байланыстыратын себебі дәл осы уақытта құралай төлдеп, лақтары қарлы жаңбырға қарсы жүгіріп тез қатаятын кезі.
“Бес қонақ” деген амал да дәл осы сәуірде болады. Ескіше Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған.
Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені, бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте аздың жайлы күндері басталады. Осы сәтте найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтуынша, ескіше он бесінші наурызда Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады.
Міне, осындай құбылыстар орын алатындықтан, қазақ халқы сәуірдің соңын күтуге, қыстың соңғы ызғарын өткізіп жіберуге тырысатын.
Сәуір айына байланысты қалыптасқан ғұрыптар мен дәстүрлер халқымыздың табиғатпен етене байланысын көрсетеді. Осындай салт-дәстүрлер арқылы адамдар табиғатты құрметтеуді, еңбекті бағалауды және бірліктің берекесін сақтауды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Жинақтаған Қайрат Сарыбаев,
еңбек ардагері.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close