Basty bet
Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі
Қазіргі таңда талғампаз тұтынушының сұранысына сай азық – түліктің түрі өте мол.Бірақ, тамақ өнімдерінің сақтау ережелері мен мерзіміне, дайындау мен термиялық өңделу тәртібі сақталғанына, қауіпсіздігіне аса назар аудара бермейміз. «Ауру – астан» демекші, тамақтан улану жағдайынан ешкім сақтандырылмаған. Сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын төмендегі ережелерді орындау арқылы сақтандыра аласыз.
1. Қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз, ол үшін:
– Азық-түлік сатып аларда оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сертификатқа, жарамдылық мерзіміне, сыртқы затбелгісіне көңіл аударыңыз; тауардың сапасына күмән туса, сатып алудан бас тартыңыз;
– Ұйымдастырылмаған орындардан тамақ өнімдерін сатып алмаңыз. Антисанитариялық жағдайда сатылатын тамақ өнімдері, әсіресе, термиялық өңдеуден өтпеген балық, ет пен сүт өнімдері өте қауіпті. Есіңізде болсын, қоздырғыш өнімнің дәмдік сапасын және сыртқы түрін өзгертпейді, тағамның микробпен зарарланғанын тек зертханалық әдіспен ғана дәлелдеуге болады.
2. Тамақты дайындауда ас әзірлеу технологиясын сақтаңыз.
– Шикі ет, құс етінде, шикі сүтте, жұмыртқаларда ауру шақыратын қоздырғыштар болуы мүмкін. Бактериялар жоғары температурада жеткілікті өңдеу кезінде ғана жойылады.
– Дайындаған тағамның барлық бөлігінде температура 700С-тан төмен болмауы тиіс, бұл үшін тамақты әзірлеу уақытын қадағалау (жұмыртқаны 10 минут, етті 3-3,5 сағат қайнату) керек.
– Етті, құс етін, жұмыртқаны пісіру алдында, ал шикі желінетін өнімдер-жемістер мен көкөністерді, аскөк және т.б. мұқият жуу қажет.
– Сүттің пастерленбеген түрін қайнатып барып пайдаланған жөн.
3. Пісірілген тамақты бірден пайдаланыңыз.
– Дайын тамақ бөлме температурасында ұзақ тұрса, микробтар жылдам көбейіп, адамның тамақтан улану қаупін арттырады. Өз денсаулығыңызды ойласаңыз, тамақты қажетінше ғана әзірлеп, тауысуға тырысыңыз.
4. Азық-түлікті сақтау ережесін мұқият орындаңыз.
– Егер сіз тамақты көп дайындап, қалған бөлігін сақтап қойғыңыз келсе, тамақ ыстық (600С) немесе суық (-50С) күйде сақталуы тиіс.Балаларға әзірленген тамақты сақтауға қалдырмау керек.
– Тамақтан улануға әкелетін бірден-бір қателік – көп мөлшердегі жылы тамақты тоңазытқышта сақтау. Тамақ көлемі мол болса,тоңазытқышта тез салқындай қоймайды.
5. Шикі және піскен тамақ өнімдерін бірге сақтамаңыз.
– Дұрыс дайындалған тағам шикі азықтармен қатар сақталса, микроорганизмдермен ластануы мүмкін. Ас үйіңізде шикі және піскен тағам өнімдерін салатын арнайы ыдыстар мен кесуге арналған кем дегенде 2 пышақ, 2 тақтайша болуы қажет.
6. Қолыңызды жиі жуыңыз.
– Ас әзірлеу барысында, тамақты ішер алдында, баланы тамақтанар алдында, дәретханадан кейін міндетті түрде қолыңызды сабынмен жуыңыз.
– Балық, ет, құс еті сияқты шикі өнімдерді өңдегеннен кейін, басқа өнімдерге кіріспес бұрын қолыңызды жуыңыз.
– Үй жануарлары – мысық, ит, құс қауіпті аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін, сондықтан олардан кейін қолыңызды жуыңыз.
7. Таза суды пайдаланыңыз.
– Ішкенге, тамақ дайындағанда мүмкіндігінше қайнаған не тазартылған суды пайдаланыңыз.
8. Ас үйді таза ұстаңыз.
– Ас дайындайтын орын таза болуы керек. Ас қалдығын, жуылмаған ыдыстарды бөлмеде қалдырмаңыз.
– Ыдысты, қол сүртетін орамалды уақтылы жуып, ас бөлмеңізді ылғалды тазартып отырыңыз.
Естеріңізде болсын! Осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы, Сіз өз жақындарыңызды тамақтан уланудан сақтай аласыз!
Марат Искаков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы