Basty bet

Есірткі – ұлт болашағына төнген қауіп

Есірткі – адам өміріне, денсаулығына және қоғамның дамуына зор қауіп төндіретін ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіліп келеді. Әсіресе жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу – қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Есірткі алғашында адамға уақытша рахат сезімін сыйлағандай болып көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары өте ауыр. Есірткіге тәуелді болған адамның денсаулығы күрт нашарлап, жүйке жүйесі әлсірейді, есте сақтау қабілеті төмендейді. Уақыт өте келе адам өз денсаулығынан ғана емес, отбасынан, достарынан, білімінен және жұмысынан айырылуы мүмкін.
Осыған орай өткен аптаның жұма күні Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Coworking» залында «Есірткісіз – болашақ жастардың жарқын өмірі» тақырыбында кездесу өтті.
Шараға аудандық орталық аурухананың нарколог-дәрігері Зоя Бердіхожаева, «Сенім» жастар денсаулық кабинетінің психологі Венера Сейтаева және саламатты өмір салтын қалыптастыру маманы Людмила Грекова қатысты. Мамандар жиналған қауымға есірткінің адам ағзасына, психологиялық жағдайына және қоғамға тигізетін зияны туралы жан-жақты мәлімет беріп, оның алдын алу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Есірткі тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға да орасан зор зиян келтіреді. Оның салдарынан қылмыс деңгейі артып, көптеген отбасылар күйзеліске ұшырайды, жастардың жарқын болашағына қауіп төнеді. Сондықтан бұл мәселеге әрбір азамат бейжай қарамауы тиіс.
Жастардың есірткіге әуестенуінің негізгі себептерінің бірі – қызығушылық, құрбы-құрдастарының теріс ықпалы, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және зиянды әдеттердің салдарын толық түсінбеуі. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтер және қоғам өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет. Балалармен ашық әңгімелесу, оларды спортқа, өнерге және шығармашылыққа баулу – зиянды әдеттердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
Саламатты өмір салтын ұстанатын адам өз денсаулығын бағалайды, дұрыс тамақтанады, спортпен айналысады және уақытын пайдалы іске жұмсайды. Денсаулық – адамға берілген ең қымбат байлық. Оны сақтау әркімнің өз қолында.
Қазақстан Республикасында есірткінің заңсыз айналымына, оны сақтауға, тасымалдауға және таратуға қатысты қатаң заң талаптары белгіленген. Заң талаптарын бұзу ауыр құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан заңды құрметтеу және зиянды әрекеттерден аулақ болу – әрбір азаматтың міндеті.
Қазіргі таңда елімізде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында көптеген ақпараттық кездесулер, түсіндіру жұмыстары, спорттық жарыстар, акциялар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар жастардың дұрыс таңдау жасауына, өмірге деген жауапкершілігін арттыруға және салауатты өмір салтын ұстануына оң ықпал етеді.
Әрбір жас өз өмірінің жарқын болашағын таңдауы керек. Есірткі ешқашан бақытқа жеткізбейді. Керісінше, ол адамның өмірін, армандары мен мақсаттарын жоққа шығарып, болашағына балта шабады. Сондықтан зиянды әдеттерден аулақ болып, білімге ұмтылып, адал еңбек етіп, спортпен айналысып, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосайық.
Қорытындылай келе, есірткі – адам өмірін құрдымға кетіретін аса қауіпті індет. Оған қарсы күресу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өзімізді, жақындарымызды және болашақ ұрпақты қорғау үшін салауатты өмір салтын насихаттап, есірткіден үзілді-кесілді бас тартуымыз қажет!
Өмірді таңда! Денсаулықты таңда! Болашақты таңда!

Назерке Мақтабаева,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның
психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close