Basty bet

Бірлік пен сыйластық – өмірдің мықты тірегі

Елімізде әртүрлі этнос өкілдері бір мақсат, бір мүдде жолында тату-тәтті өмір сүріп, адал еңбек етіп, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Мұндай жарасымды өмір салтын Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын Заварыкиндер отбасынан анық көруге болады.
Осындай берекелі шаңырақтың мүшелері – қарапайым еңбек адамдары. Яғни, отағасы Сергей Сергеевич Тараз қаласындағы жанармай құю бекетінде оператор болып еңбек етсе, жұбайы Евгения Владимировна «Жуалы- Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында бақылаушы қызметін атқарады. Екеуі де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғам игілігі жолында аянбай тер төгіп келеді.
Олардың отбасында екі бала тәрбиеленуде. Ұлдары Артем 2014 жылы дүниеге келген. Ол футболды ерекше жақсы көреді. Бос уақытында әкесімен бірге табиғат аясына шығып, балық аулағанды ұнатады. Ал, 2020 жылы туған қызы Ева би билеп, сурет салуға қызығады. Ата-анасы балаларының әрқайсысының қызығушылығына мән беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді.
Евгения үшін отбасы – өмірдегі ең үлкен байлық.
– Отбасым – менің ең қымбат қазынам. Қандай жағдай болмасын, үйде мені күтіп отырған жақындарым бар екенін сезіну ерекше қуаныш сыйлайды. Сол себепті жұмыс пен отбасының арасында тепе-теңдікті сақтауға тырысамын, – дейді ол.
Шынында да, қазіргі таңда қызмет пен отбасы арасындағы үйлесімді сақтау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, Евгения бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Оның кәсіби қызметі отбасы тіршілігіне кедергі келтірмейді. Себебі, бұл шаңырақта әрбір іс өзара түсіністікпен атқарылады. Сергей үй шаруасын тек әйелдің міндеті деп қарамайды. Қажет кезде жұбайына сүйеніш болып, үй тірлігіне де белсене араласады. Әкесінен үлгі алған Артем де отбасы шаруасына көмектесуге тырысады. Ал, кішкентай Ева да қолынан келгенше үлкендерге жәрдем беруді үйреніп келеді.
Балаларды тәрбиелеуде ерлі-зайыптылардың ұстанымы ортақ. Олар ең алдымен мейірімділікке, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға және жан-жануарларға жанашырлық танытуға баулиды. Өйткені, адам бойындағы асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады деп есептейді.
– Балалар бізге қарап өседі. Сондықтан қандай тәрбие бергіміз келсе, алдымен өзіміз сондай болуға тырысамыз. Бізді ата-анамыз қалай тәрбиелесе, сол өнегені балаларымызға жеткізуге ұмтыламыз, – дейді Евгения.
Бұл отбасының жарасымын арттырып отырған тағы бір құндылық – ене мен келін арасындағы сыйластық. Евгенияның енесі Светлана Алексеевна да «Жуалы- Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында еңбек етеді.
Светлана Алексеевна көрші көшеде тұрғанымен, күн сайын таңертең ұлы Сергейдің үйіне келіп, келіні мен немерелерін бірге алып шығады. Алдымен кішкентай Еваны балабақшаға апарып, содан кейін бәрі бірге жұмыс орнына бет алады. Әже немерелерінің тәрбиесіне белсене араласып, келініне әрдайым сүйеніш болады. Ал Евгения енесін туған анасындай құрметтейді.
Отбасындағы осындай жарасымды қарым-қатынас әулеттің басқа мүшелеріне де тән. Сергейдің егіз бауыры да осы ауылда тұрады. Оның жұбайы да Евгениямен бірге қызмет етеді. Бір ұжымда еңбек ететін абысындар жұмыста да, тұрмыста да бір-біріне демеу болып, қуанышты да, қиындықты да бірге бөліседі.
Бұл отбасындағы тағы бір ерекшелік – ағайын арасындағы ауызбіршіліктің беріктігі. Бұл әулеттегі татулық пен ұйымшылдық күнделікті өмірден анық байқалады. Туыстар бір-бірінің қуанышына ортақтасып, қиын жағдайда жанынан табылады. Үй шаруасы, аула тазалығы, бау-бақша жұмыстары немесе басқа да тіршілік қамы болсын, бәрін бірігіп атқарады. Бірінің қолы тимей жатса, екіншісі көмекке келеді. Әсіресе, аналарды ардақтау – олардың өмірлік басты қағидаларының бірі.
Заварыкиндер отбасы мереке сайын үлкен дастарқан басына жиналып, туған-туыстарымен бірге уақыт өткізуді дәстүрге айналдырған. Осындай басқосуларда үлкендер ақылын айтып, жастар ізет білдіріп, балалар туыстық қарым-қатынастың қадірін түсініп өседі.
Евгения мен Сергей 2013 жылдың 30 тамызында шаңырақ көтерген. Биыл олар отбасылық өмірлерінің он үшінші жылын қарсы алып отыр. Осы уақыт ішінде олар өзара сенім мен сыйластықты сақтап, үлгілі отбасы ретінде қалыптасты.
Көпұлтты мемлекетіміздегі татулықтың қадірін жақсы түсінетін бұл отбасы үшін бейбітшілік – ең үлкен байлық.
– Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз! Осында өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ұжымда да, ауылда да барлығымен сыйластықтамыз. Отбасымыз үлкен болғандықтан, айналадағы адамдармен де тығыз қарым-қатынастамыз. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Әрқашан елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын деп тілейміз. Біз туған ауылымызды жақсы көреміз,- дейді Евгения Владимировна.
Міне, Заварыкиндер отбасының өмір жолы – Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ құндылықтарды қадірлейтінінің айқын көрінісі. Олар үшін татулық тек сөз емес, күнделікті қарым-қатынастан, көршімен сыйластықтан, туған жерге деген құрметтен басталады. Бұл отбасының өнегелі тіршілігі бірлік пен сыйластықтың ұлтқа бөлінбейтінін, адамды жақындастыратын ең үлкен күш – өзара құрмет пен мейірім екенін көрсетеді. Осындай үлгілі шаңырақтар көбейген сайын қоғамдағы келісім нығайып, ел бірлігінің беки түсетіні сөзсіз…

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close