Basty bet

Кітапхана – цифрлық дәуірдегі руханият ордасы

Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы мен жүктелер міндеті бар. Ел мәдениеті мен мемлекеттің жүйелі дамуы қоғамның уақыт талабына бейімделуімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда заманауи технологиялар адам өмірінің барлық саласына еніп, цифрландыру қоғамдық дамудың маңызды бағытына айналды. Осы үдерістен руханияттың темірқазығы саналатын кітапханалар да тыс қалмауы тиіс.
Кітапханаларды цифрландыру – қордағы құжаттарды электрондық форматқа көшіру, оларды заманауи технологиялар арқылы сақтау, жүйелеу және оқырманға қолжетімді ету үдерісі. Цифрланған құжаттардың көшірмелері электрондық дерекқорларда, арнайы ақпараттық жүйелерде және электронды кітапханаларда сақталады. Бұл, бір жағынан, құнды мұраларды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, оқырманның қажетті ақпаратқа жылдам әрі ыңғайлы қол жеткізуіне жол ашады.
Жалпы, кітапханадағы цифрлық трансформация оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, кітапхананың қоғамдағы рөлін де жаңаша айқындайды. Кітапханадағы цифрлық трансформация оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын арттырады. Алайда цифрландыру мен жасанды интеллект кеңінен қолданылатын заманда кітапхана қызметінің басты мақсаты – технологияны енгізумен ғана шектелмей, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және зерделі ұрпақ тәрбиелеу.
Бұл міндет «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы Жарлығында да айқын көрініс тапқан. Құжатта «оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру» қажеттігі атап көрсетілген. Демек, бүгінгі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен ақпаратты тоғыстыратын, жаңа технология мен рухани құндылықтарды сабақтастыратын заманауи мәдени орталық.
Соңғы жылдары кітапханалардың қызметін заман талабына сай жаңғыртып, цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше мән беріліп келеді. Біздің ауданда халыққа мәдени-ағартушылық және ақпараттық қызмет көрсететін 25 аудандық және ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда олардың барлығы компьютерлендіріліп, автоматтандырылған ақпараттық жүйелермен жабдықталған. Бұл технологиялар кітапхана қорын тиімді басқаруға, қажетті ақпаратты жедел іздеуге, оқырмандарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Сондықтан кітапханаларды цифрландыру – уақыт талабы ғана емес, ұлттық руханиятты сақтап, оны келер ұрпаққа заманауи форматта жеткізудің маңызды тетігі. Ең бастысы, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, технология мен кітап оқу мәдениетін қатар дамыту, білімге құштар, ой-өрісі кең, зерделі ұрпақ қалыптастыру – бүгінгі қоғамның ортақ міндеті.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға жаңарып, цифрлық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бүгінде жүйедегі жалпы кітап қоры 304 589 дананы құрайды. Оның 175 550 данасы – мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жылдық көрсеткіш бойынша оқырман саны – 24 814, кітап берілімі – 360 848 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап берілімі – 292 265 дана. Кітапханаларға келушілер саны 162 712 адамды құраса, жыл көлемінде 1 325 мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар кітап қорын цифрлық жүйеге енгізу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда РАБИС бағдарламасына 310 058 дана кітап пен мерзімді басылым енгізілген.
Аудандық және ауылдық кітапханалар 144 компьютермен толық қамтамасыз етілген. Заманауи компьютерлік техника мен РАБИС сияқты автоматтандырылған бағдарламалардың қолданылуы кітапхана қорын жүйелеуге, қажетті әдебиетті жедел іздеуге және оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Яғни цифрлық технологиялар кітапхана қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқырман мен кітап қоры арасындағы байланысты барынша жедел әрі қолайлы етуге жол ашуда.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл тұрғындарының мемлекеттік және электрондық қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта ауданда цифрландырылған ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Бүгінде олардың саны – 21. Оның біреуі аудандық орталық кітапханада, 20-сы ауылдық кітапханаларда орналасқан. Аталған орталықтар арқылы ауыл тұрғындары eGov.kz порталының көмегімен 25 түрлі мемлекеттік қызметті толыққанды пайдалана алады.
Ақпараттық орталықтар іске қосылған уақыттан бері тұрғындарға 54 129 анықтама берілген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 9 502-ні құрады. Сұранысқа ие қызметтердің қатарында зейнетақы жинақтары туралы анықтама, сотталмағаны туралы анықтама және жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамалар бар. Атап айтқанда, зейнетақы жинағы туралы 4 709, сотталмағандығы туралы 6 786 және жылжымайтын мүлікке қатысты 2 317 анықтама берілген. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындарға 40 587 анықтама ұсынылған. Бұл көрсеткіштердің өзі кітапханалар жанынан ашылған цифрлық орталықтардың халыққа қажетті ақпарат пен мемлекеттік қызметтерді алуда қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, кітапхана қорын цифрландыру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Құжаттарды сканерлеу, цифрланған бейнелерді өңдеу, электрондық форматта сақтау және оларды кітапхана пайдаланушыларына, соның ішінде қашықтан қол жеткізетін оқырмандарға ұсыну белгілі бір уақыт пен сапалы техникалық жұмысты қажет етеді. Осы бағытта Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің аудандық орталық кітапханасы жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылық мұрасын цифрлық форматта сақтап, көпшілікке қолжетімді етуге басымдық беріп отыр.
Осы мақсатта кітапхана жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшарттар жасасып, олардың шығармаларының электрондық көшірмелерін әзірлеуде. Бүгінгі күнге дейін 10 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісім-шарт жасалып, олардың 102 шығармасының электрондық нұсқасы дайындалды. Аталған шығармалар кітапхананың «Әдебиет әлемі» айдарына орналастырылған. Ендігі кезекте оқырмандар кітапхана сайтына кіріп, жергілікті қаламгерлердің шығармаларымен электрондық форматта таныса алады. Бұл – өңірдің әдеби мұрасын сақтаумен қатар, оны кең аудиторияға насихаттаудың тиімді жолы.
Дегенмен цифрландырудың түпкі мақсаты – кітапты технологиямен алмастыру емес, керісінше, заманауи мүмкіндіктер арқылы кітаптың адам өміріндегі орнын күшейту. Өйткені, кітапхана – ең алдымен адам еңбегіне, зияткерлік ізденіске және рухани құндылықтарға негізделген орта. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект пен smart технологиялар адам еңбегін алмастыратын емес, оны қолдайтын, қызмет сапасын арттыратын тиімді құрал болуы тиіс.
Бүгінгі кітапхана – тек кітап сақтайтын мекеме емес, білім, ақпарат пен технология тоғысқан заманауи интеллектуалдық орталық. Ал жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйелер мен smartтехнологиялар осы орталықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, оның қоғамдағы рөлін кеңейтуге қызмет етеді. Ең бастысы, цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, оқырманды кітапқа жақындату, ұлттық әдеби мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жаңа форматта жеткізу – кітапханалардың бүгінгі басты міндеттерінің бірі!

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close