Basty bet
Агроөнеркәсіп кешенінің жұмысын дамыту – басты бағыт
2026 жылы Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы саласында бірнеше маңызды инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланған
Жұртшылықтың жадында болса, 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ауыл әкімдерін елордаға жинап, диалог-платформа өткізгені белгілі. Ауыл әкімінің биік мінберден сөз алуы Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызды тетігі екенінің айқын көрінісі. Президент өз сөзінде ауылдың дамуына ерекше мән беретінін, алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын атап өтіп, алдағы атқарылатын жұмыстарға да арнайы тоқталды.
«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр» деді Мемлекет басшысы ауыл әкімдерімен болған Астана қаласындағы алқалы жиында.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын.
Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен ұлықтау рәсімінде.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған 2025 жылғы жаңа Жолдауында да ел өңірлеріне инвестиция тарту міндетті меже ретінде қойылып, әкімдердің атқаратын жұмысы инвестиция тарту ісімен бағаланатыны туралы айтылғанын жақсы білеміз.
Инвестиция тақырыбын тағы да толықтыра түссек, бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған 2025 жылғы Жолдауында да инвестиция тарту міндеті ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айрықша атап өтілгенін жақсы білеміз. «Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет» делінген бас құжатта.
Президенттің тапсырмасы Қазақстан Республикасындағы барлық деңгейдегі әкімдердің атқаратын жұмысына қатысты. Өңірлер мен аудан, ауыл-аймақтардың ахуалын, халықтың тұрмыс-тіршілігін ең алдымен сол өңірлерге инвестиция тарту арқылы жақсартуға болады. Инвестиция тартылса, елдің өңірлерінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ең алдымен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, шикізатты терең өңдеуге және сол арқылы аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндіктің де молая түсетіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіпкешенін жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта ел өңірлерінде қолға алынған маңызды жобалар арқылы жүйелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр.
Жуалы ауданында инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, салалардың ішінде ауыл шаруашылығы саласының жұмысында негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлемі де жыл санап артып келеді. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысымен ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 394 062,0 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылға ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның көлемі – 24 499,0 мың теңгені құрады. 2026 жылға белгіленген жоспар – 1,1 млрд теңге. Бүгінгі күнде – 700 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды, келесі тоқсанда сатып алынғандары картотекаға енгізілетін болады.
Тамақ өнімдері өндірісінде негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлеміне тоқталсақ, тамақ өнімдері өндірісінде негізгі капиталға тартылған инвестиция жоспар бойынша – 566 761,0 мың теңгені құраған. Орындалуы – 568 717 мың теңге (Жоспар 100,3% -ға орындалды. Ал, 2026 жылға белгіленген жоспар – 900 миллион теңге. Бүгінгі күнге 72 млн теңгеге аудан орталығындағы табиғи сүт өнімдерін шығаратын ең үлкен кәсіпорын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на сүт өндірісіне қолданылатын қондырғылар сатып алынған.
Ауыл шаруашылығы саласының жұмысын жандандыруда мал шаруашылығын дамыту арқылы сүт-тауарлы фермаларын құру ісі де басты бағыттардың біріне жататыны белгілі. Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС биыл жылдың соңына дейін 1 200 басқа арналған жалпы құны – 1 500,0 млн теңгені құрайтын сүт-тауарлы фермасын іске қосуға ниетті. Бұл жобаны 2026 жылы қаржыландырылу жоспарланған. Ал, Жетітөбе ауылдық округінде орналасқан «Сансызбай» шаруа қожалығы өз қаражатына жоба құны – 1 000,0 млн теңгені құрайтын 500 бас сауын сиырға арналған сүт-тауарлы фермасын құруды жоспарлауда.
Нұрлыкент ауылында орналасқан аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі – «Гамбург» ЖШС-ның базасында қазіргі таңда 1 200 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жолы өзіміз көзбен көргендей, атшаптырым аумақты алып жатқан үлкен кешеннің қабырғалары тұрғызылып, ендігі кезекте ғимараттың шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеннің аумағында бірнеше құрылыс нысанының жұмысы жүргізіліп жатқанын ескерсек, сүт-тауарлы фермасының орналасатын жері де өте үлкен. Кешен ғимаратының шатырын жабуға арналған құрылыс-монтаж жұмыстарын жергілікті азамат, құрылыстың білікті маманы Ахмет Сейтов басқаратын бригада өз міндетіне алып, атқару үстінде. Құрылыс бригадасының құрамында 12 адам бар. Қазір олар сүт-тауарлы фермасы кешенінің бір бөлігінің ғимаратын жабу жұмыстарын атқарып жатқанын айтады.
–Құрылыс-монтаж жұмыстарының атқарылып жатқанына да бір жарым ай уақытқа жуықтады. Жалпы біз кешеннің аумағындағы 16 000 шаршы метрге жуық аумақтың шатырын жабуды өз міндетімізге алғанбыз. Алда атқарылатын жұмыс өте көп. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жеткілікті. Шатырға метал шифер жабылмас бұрын оның астына 15х4 көлемді тақтай жабынымен қоса құрылысқа қолданылатын қара қағаз төселеді. Содан кейін ғана кез келген ауа райына төзімді профнастил жабылады. Шатыр жабу жұмыстары аяқталғаннан кейін кешеннің аумағында басқа да қосымша жұмыстар атқарылады. Жұмысшылардың еңбекақысы келісім-шарт арқылы уақтылы төленуде. Тек ауа райының жылы күндерін тиімді пайдаланып, жұмыстың негізгі бөлігін еңсеріп алсақ деген ойдамыз,- дейді құрылыс бригадасының жетекшісі Ахмет Сейтов.
«Гамбург» ЖШС базасының аумағында орналасқан сүт-тауарлы фермасының құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Жалпы құны – 1,5 миллиард теңгені құрайтын үлкен инвестициялық жобаның аясындағы жұмыстар жылдың соңына дейін толық аяқталса, серіктестікте қосымша жаңа жұмыс орындарының құрылатынына сенім мол.
Жаңа техникалардың сатып алынып, ауыл шаруашылығы техника паркінің жаңаруы – агроөнеркәсіпкешенінің жұмысын дамытуды ілгерілететіні анық. Бұл орайда ауданның ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту жұмыстарына келсек, 2025 жылға арналған жоспар – 104 бірлік техниканы (1 комбайн, 44 трактор және 59 тіркеме) құраса, ал, іс жүзінде жоспардың орындалуы есепті мерзімде – 806,2 мың теңгеге барлығы – 112 бірлік жаңа техника сатып алынды (43 трактор – 556,2 млн теңге, 69 тіркеме – 246,4 млн теңге). Орындалуы – 11,3 %. Ал, 2026 жылға арналған жоспар – 58 бірлік техника, (2 комбайн, 56 трактор). Бүгінгі күнге өңір шаруаларының тарапынан – 362 870 млн теңгеге барлығы 29 бірлік доңғалақты трактор сатып алынған.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық жұмыстардың уақтылы әрі сапалы атқарылып, межеленген инвестициялық жобалардың сәтімен жүзеге асырылып, өңірдегі агроөнеркәсіпкешенінің жұымысын ілгерілету ісінде шаруаларға ең қажеттісі жеткілікті жанар-жағармай қорының да маңызы зор. Бұл мақсатта 2026 жылы атқарылған көктемгі дала жұмыстарына – 2 279,0 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Дизель отынын таратушы оператор болып «Ақ Қайың» ЖШС бекітіліп, наурыз айына – 650 тонна бөлініп, 650 тоннасына қаражат аударылды. Оның 595,5 тоннасы шаруаларға жеткізіліп, 585,3 тоннасы 301 шаруаға таратылды. Қалдық – 10,2 тонна. Сәуір айына зауыт жөндеу жұмыстарына уақытша тоқтап, наурыз айының қалдығы таратылды. Мамыр айына – 975,0 тонна бөлініп, 390 тоннасына қаражат аударылды, 366,35 тоннасы жеткізіліп, 306,4 тоннасы 85 шаруаға таратылды. Қалдық – 60 тонна. Маусым айына 195,0 тонна бөлініп, 195,0 тоннасына қаражат аударылды, 195,0 тонна жеткізіліп, 55 тоннасы 95 шаруаға таратылды,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында да соңғы жылдары жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып келе жатқанын жақсы білеміз. Нақты атқарылған жұмыстарға келсек, бұдан бұрын ел өңірлерінде қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағытын жүзеге асыру бағытында аудан бойынша – 575,5 млн теңгеге барлығы 79 жобаны қаржыландару жоспарланған. Бұл бағытта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қарауында – 45 жоба ұсынылған (жалпы сомасы – 6 11 190 600). Оның ішінде: Мақұлданғандар саны – 27 (сомасы – 215 550 000). 02.07.2026 жылға қаржыландырылғандар саны – 28 жоба (жалпы сомасы – 30 500 100).
Жуалы ауданында 2026 жылы барлығы – 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АШӨК) құру жоспарланған. Бүгінгі күнге аудан аумағында барлығы – 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. «Тараз» ӘКК» АҚ-ның қарауындағы кооперативтер саны – 13 (сомасы – 476 000 000). Оның ішінде: мақұлданғандары – 3 кооператив (сомасы – 65 500 00). «Тараз» ӘКК» АҚ-ның қарауындағы мүшелер саны – 59 (сомасы – 610 662 310). Қаржыландырылғаны – 4 (сомасы – 38 400 000), қалған 55 кооператив мүшесінің құжаттары қаралуда.
Ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында құрылған 13 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің үшеуі ет бағытында, сүт өнімін өндіру бағытында – 8, сүт тасымалдайтын көлік алу – 2, кәсіпкерлік мақсаттағы АШӨК – 1 (Ағаш өңдеу кәсіпорнын ашу жоспарланған). Одан бөлек, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатта жеке кәсіпкерлердің – 51 жобасын іске қосу жоспарланған. Аталған кооперативтер мен жеке кәсіпкерлердің жобасын іске асыру үшін ауданға 8 милллардтан астам қаражат қажет етеді.
Инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асырумен қатар, бұл салада қолға алынған қос бірдей «Игілік», «Береке» бағдарламалары да ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіпкешенінің жұмысын дамытуға оң ықпал етеді. Жұмысқа жауапты бөлімнің мамандары бұл бағытта аталған салалық бағдарламаға қатысуға ниетті жергілікті шаруалар анықталып, құжаттарын дайындап жатқанын айтады. Атап айтқанда, ауданға қарасты Ақсай ауылдық округіндегі «Олжабай» шаруа қожалығы және Көкбастау ауылдық округінен «Елхан» шаруа қожалығы 100 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын ашуды жоспарласа, одан бөлек, Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС 500 бас сауынды сиырға арналған сүт-тауарлы фермасын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қызыларық ауылдық округінен «Сұлтан» шаруа қожалығы, Ақтөбе ауылдық округінен «Мухидин» және «АсқарТас» шаруа қожалықтары, Ақсай ауылдық округінен «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және Қошқарата ауылдық округінен «Мұрат» шаруа қожалығы 100 және 200 бас сауынды сиырға арналған сүт-тауарлы фермаларын құруды жоспарлауда.
Су үнемдеу технологияларын енгізу ісі де отандық ауыл шаруашылығы саласы жұмысының басты бағыттарының біріне жатады. Бұл мақсатта 2025 жылы аудан көлемінде су үнемдеу технологиялары енгізілген ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемі – 2 430 гектарды құрады. 2026 жылға қойылған жоспар – 3 700 гектар. Бүгінгі күнге Көкбастау ауылдық округінен «Қалдыбек» шаруа қожалығы – 1 гектар, «Бақытжан» шаруа қожалығы – 18, Қызыларық ауылдық округіндегі «Тәттәкүл» шаруа қожалығы – 16, «Олжас» шаруа қожалығы – 7, «Дәулет» шаруа қожалығы – 46, ал «Юра» шаруа қожалығының 28 гектар егістік алқабына тамшылатып суғару қондырғысы орнатылған. Жылдың соңына дейін Қарасаз ауылдық округіне қарасты «Жайық» шаруа қожалығы 40 гектар көпжылдықшөп егілген егістік алқабына жаңбырлатып суғару, Көкбастау ауылдық округіне қарасты «Ержан» шаруа қожалығы жалпы – 20 гектарға (10 гектары картоп, 10 гектары жүгері) егістік алқабына тамшылатып суғару, ал Ақтөбе ауылдық округіне қарасты «Жаңаталап» шаруа қожалығы 50 гектар көпжылдықшөп егістік алқабына жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатуды жоспарлап отырғанын да айта кеткен жөн.
2026 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласының жұмысын дамыту бағытында бірқатар инженерлік іс-шаралардың жоспары жасалып, бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылмақ. 2026 жылға республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттен қомақты қаржы-қаражат бөлініп, мұнымен бірге каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жергілікті бюджеттің есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамадан оң қорытындысы алынған.
Атап айтсақ, ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округіндегі «Көксай №10» каналы, каналдың ұзындығы – 7,5 шақырым, мұндағы суармалы жердің көлемі – 657 гектарды құрайды. Шақпақ ауылдық округіндегі «Текеқамал» каналы, каналдың ұзындығы – 5,7 шақырым, суармалы жердің көлемі – 120 гектарға тең. Қызыларық ауылдық округіндегі «Көксай №2»каналы (суармалы жер көлемі – 300 га). Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Көксай №11» каналы (каналдың ұзындығы – 9,638 шақырым, суармалы жердің көлемі – 500 гектарды құрайды). Сонымен қатар, Көкбастау ауылдық округіндегі «ГосФонд» каналы (каналдың ұзындығы – 4,077 шақырым), мұндағы суармалы жердің көлемі – 300 гектар.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары жергілікті каналдарды қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында тапсырыс беруші мен құрылыс бөлімінің арасында тиісті келісім-шарттар жасалып, құрылыс жұмыстары атқарылатынын айтады. Сонымен қатар, Қызыларық ауылдық округіндегі «Көксай №4», Мыңбұлақ ауылдық округіндегі «Ақсай №1» және Мыңбұлақ ауылдық округіндегі «Ақсай №2» каналдарының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Ауданда тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылып, бұл мақсатта Нұрлыкент ауылдық округіндегі көп жылдан бері картоп егумен айналысатын «Злиха» шаруа қожалығы Шотландиядан картоптың 20 тонна «8РВ808» суперэлита тұқымын, Қарағанды қаласынан 60 тонна «Брук» тұқымын, «ВР 808» суперэлита және Алматы ғылыми-зерттеу институтынан 3 тонна «Болашақ», 7 тонна «Жайсан» картоп тұқымын сатып алып, шаруашылықтың алқаптарына егілген.
