Basty bet

Ата жолын ардақтаған айтулы азамат

Алдыңғы толқын аға буынның ішінде қасиетті Жуалы өңіріне үлгілі қызметімен танылған адал азаматтың бірі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы және облыстың Құрметті ардагері – Шәкіржан Мамаджанов. Жалпы Мамаджановтар әулетінің киелі Жуалы жерін құтты қоныс еткеніне 110 жылға уақыт болды.
Кеңес Одағы тұсында және Тәуелсіздік жылдарында ауданның дамып, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбексүйгіш азамат Шәкіржан Мамаджановты өңір халқы жақсы таниды. Оның бір себебін айтсақ, Әулеттің үлкені Маткаримов Мамаджан ақсақалдың есімі ауданға белгілі болғанын оның көзін көріп, сыйласқан аға буынның өкілдері жақсы білсе керек. Мамаджан ата әйгілі «Түркістан-Сібір» (Түрксіб) теміржолының Жуалы ауданының аумағын кесіп өтетін бөлігінің құрылысына атсалысып және оған басшылық жасаған санаулы кісілердің бірі. Ал, Шәкіржанның өз әкесі Хаджи Мамаджановтың да негізгі мамандығы теміржолшы. Ол өмірінің елеулі бөлігін теміржол саласына арнаған. Әкелі-балалы азаматтардың екеуі де «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағына ие.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, шаруа отбасында туып-өскен Шәкіржан Хаджиұлы жастайынан ата өнегесін бойына молынан сіңіріп, еңбекке жақын болып өсті. Үлкен отбасының отағасы болған Хаджи Мамаджанұлы осындағы «Боранды» теміржол бекетінде, одан кейін «Луговой» бекетінде (екі жыл уақыт) станция бастығы, кейіннен денсаулығына байланысты билет кассасында аға кассир болып істесе, ал отанасы Мұхлиса апай ұзақ жыл аудан мекемелерінде жұмыс атқарған. Осындай үлгілі жанұяда тәрбие алған Шәкіржанның да еңбекке бейім болмауы мүмкін емес еді…

Еңбектің ебін, жүзімдіктің бабын тапқан бағбан қария

«Ер – егіз, еңбексіз – жалғыз» дегенді дана бабаларымыз тегіннен тегін айтпаса керек. Бүгінде сексен жасты алқымдаған Шәкіржан Мамаджановтың та саналы ғұмыры еңбекпен өріліп келеді. Жұмыстан тыс уақытта үйде қол қусырып қарап отырмай, шаруаның ісімен айналысқанды өмірлік мақсат еткен қария ұзақ жылдан бері аудан орталығында орналасқан өз үйінің алдындағы шағын ғана жерді күтіп-баптап, оған жыл сайын бау-бақша егуді дәстүрге айналдырған.
Жүзімдік егіп, оны күтіп-баптау да қарияның жаны сүйіп айналысатын жұмысының бірі. Ол жүзім баптаумен 1980 жылдан бері тұрақты айналысады. Алғаш рет көршілес Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылынан жүзімнің бірнеше көшетін сатып әкеліп, есіктің алдындағы күн сәулесі жақсы түсетін алаңқайға егіп, жерсіндіргенін айтады.
– Мұндағы бой алып, өсіп тұрған жүзім ағаштарының жасы 45 жылдан асып барады. Мұның алдында үйде аздап бау-бақша өсіретінмін. Содан жүзім көшетін егіп көрсем деген ниетпен Қарабұлақ ауылынан төрт көшет әкеліп, ектім. Мұны өзбек халқы «Хусайн жүзім» деп атайды. Жүзімнің бұдан да басқа түрлері өте көп. Жүзімдік баптауды өз алдына бір өнер десе де болады. Тәжірибеден байқанымдай, жүзім көшеті егілгеннен бастап екі жылдан кейін ғана алғашқы өнімін бере бастайды. Бұған тұрақты күтім қажет.
Қар кетіп, көктемнің шуақты жылы күндерінің лебі анық байқала бастаған сәуір айының орта тұсында жүзім ағаштарын топырақтан аршып алып, оны темір шарбаққа жоғары көтеріп байлап қою қажет. Жүзім ағашы жоғары өрмелеп өскенді жақсы көреді. Содан кейін жүзімдік ағашының түбіндегі топырақты жақсылап қопсытып, оның айналасына сиырдың жас тезегін сумен араластырып құю қажет. Жүзімдіктің ағашын тұрақты түрде қоректендіріп отырудың маңызы өте зор. Сонда ғана одан мол өнім алуға болады. Алғашқыда жеміс ағашы «Топаз», «Скор», т.б. препараттармен жақсылап өңделеді. Бұл – мол өнімнің кепілі. Одан бөлек, жоғарыға өрмелеп өскен жүзім сабақтарының артығын кесіп отыру да маңызды. Артық өскен сабақтар жүзімнің түйін салуын тежеп, азықтың көбісін жеп қояды. Содан кейін жүзімдік ағашы да жақсы өнім бермейді. Айта берсе, жүзімдік баптаудың қыр-сыры өте көп. Жас бала сияқты мәпелеп қарасаң ғана кез келген жеміс ағашынан мол өнім алуға болады. Бұл – тәжірибеде дәлелденген дүние. Жүзімдіктің бабын тауып, уақтылы күтіп-баптағанның нәтижесі болар, ағаштар жыл сайын жеміс салып, одан бұйырған өнімді жинаудамын. Бұл бір жағынан табиғаттың сыйы болса керек. Биыл да өнім жақсы. Бұйырса, тамыз айының соңында және қыркүйек айының орта тұсында алғашқы өнім жиналады,- дейді тәжірибелі бағбан Шәкіржан ата.
Қарияның өз өтінішімен сәрсенбі күні жайқалып өскен жүзімдікті, оның қалай мол жеміс салғанын көзбен көріп қайттық. «Бағыңда өскен бәйтерек, күтімін тапсаң солмайды» деген. Жүзімдіктің бабы келіскені көрініп-ақ тұр. Оны биыл салған мол жемісінен-ақ байқауға болады. Мұнда «Хусайн жүзімнің» екі түрі бар екенін айтады Шәкіржан ата.
Сөздің басында Б.Момышұлы ауылында тұратын еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджановты «бағбан» деп бекер атаған жоқпыз. Ол үйінің шағын шарбағына бау-бақша дақылдарын өсіреді. Картоп, қызылша, пияз, сарымсақ, қызанақ, қияр, құлпынай сияқты бақша өнімдерімен қатар, биыл шағын жерге қауынның бірнеше түрін еккенін айтады. Сарғыш тартып, күннің қызуынан нәр алып уылжып піскен қауын мен әңгелектің иісі қандай жағымды десеңші… Иә, айта берсе тәжірибелі бағбаннның шағын ғана бағында күздік алманың «Превосходное» сияқты бірнеше түрі, одан бөлек, алмұрт, шие, т.б. жыл сайын жеміс беріп келеді. Шырша, туя, раушан гүлдің бірнеше түрі шағын үйдің ауласына ерекше эстетикалық көрік беріп тұрғанын да айта кеткен жөн.

Батырдың асқақ бейнесі көз алдында

Иә, қасиетті Жуалы жерін бір ғасырдан астам уақыттан бері құтты қоныс етіп келе жатқан Мамаджановтар әулеті даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін ардақ тұтып, оның асқақ рухын тағзым еткенді парыз санайды. Атаның тағылымын алып өскен Шәкіржан Мамаджанов та қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының асқақ бейнесі мен ел қорғаудағы ерен ерлік істерін ел арасында насихаттаудан жалыққан емес. «Даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы жас кезінде (1930-шы жылдары) аудандық партия комитетінде, басқа да мекемелерде қызмет атқарған тұста бабамның үйінде тұрған. Баукең Мамаджан ақсақалмен жақсы сыйластық қарым-қатынаста болған. Бауыржан Момышұлының Мамаджан ақсақалмен өзара сыйластығы және оның үйінде тұрғаны жайында 1998 жылы баспадан шыққан «Жері, суы дуалы – Жуалы!» кітабында және басқа да кітаптарда дерек жеткілікті» дейді еңбек ардагері.
Шәкіржан аға аудандық автобус паркінде жұмыс істеп жүргенде (1981 жылы) аудандық «Достық» мәдениет үйінде Батыр Бауыржан Момышұлымен болған кездесуді өмірінің естен кетпес сәулелі сәті деп санайтынын айтады.
Шәкіржан Хаджиұлы аудан орталығында бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы орыс мектебінен кейін осындағы автомектепте жүргізуші мамандығында оқиды. 1966 жылы №8 автобазаға жүргізуші болып жұмысқа қабылданған ол келер жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын Түркіменстанның Казанжик қаласында өтеген. 1969 жылы әскерден келіп аудандық автобус паркіне («Бурненская» ПАТП») механик болып қабылданады. Ол аталған мекемеде 30 жыл механик, гараж меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Аудан мекемелеріндегі жалпы еңбек өтілі – 45 жыл.
Қасиетті Жуалы жерінде тұратын ұлттар арасындағы татулық пен достықтың, өзара сыйластықтың орнығуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ардагері, өз ісінің майталманы, ауданның Құрметті азаматы, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті ардагері – Шәкіржан Мамаджанов қазір аудандық және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік және еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге атсалысып келеді. Бұл да көпті көрген тәжірибелі азаматтың бір қыры болса керек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close