Basty bet
Балалық шақтың балғын естелігі
Әр адамның жүрегінде балалық шағының өшпес ізі қалады. Әсіресе, қиындық пен еңбек қатар жүрген кезеңде өскен аға буынның естеліктері кейінгі ұрпақ үшін тағылымы мол тарих. Балалықтың бал дәуренін, мектептегі алғашқы қадамдарын, ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесін сағынышпен еске алатын сондай азаматтың бірі – еңбек ардагері Қайрат Сарыбаев.
– 1942 жылы Алматы қаласынан Жуалы ауданының Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылына көшіп келген едік. Ауылға қоныстанған ата-анам ауыл тіршілігіне етене араласып кетті. Ол кезде біз бала едік. Диқан ауылында екі бөлмелі мектеп болатын. Менің бойым кішкентай болған соң, мектепке 9 жасымда, бірінші сыныпқа бардым. Мектеп бітіргеніме биыл 62 жыл болды. Сол сағым жылдар әлі күнге дейін көз алдымда.
Ол кездегі мектептің жағдайы қазіргідей емес еді. Мектеп отын, ағаш, тезек жағып жылытылатын. Қыстың қақаған күндерінде мектепке жеткенше аяқ киіміміздің іші қарға толып қалатын. Мектепке жете салысымен аяқ киімімізді шешіп, жайып кептіріп алатынбыз.
Жылдар өткен сайын көз алдымыздан сол бір сағым жылдар қайта елестеп, өткен күндерді сағынатынымыз бар. Балғын балалық шағымның ең керемет кезеңдері осы Диқан ауылында өтті. Ал алғаш қолымызға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаздарымызды ұмыту әсте мүмкін емес. Сол кезеңде маған Бекбосын Жасыбаев, Әбілда Әлімбеков, Сапарбек Аюбаев және Баймахан Тастанов есімді ұлағатты ұстаздар сабақ беріп, алғашқы әріп танытты. Ол уақытта мектепте көбінесе ер азаматтар сабақ беретін. Біз мұғалімдерді қатты құрметтейтінбіз. Ұстаздарымыз бізге «Адам болыңдар, еңбекке жандарың құмар болсын, біреуге қиянат жасамаңдар!» деп жиі айтып, ақыл-кеңесін беретін.
Бұрындары көшеде қариялар көп отыратын. Біз сол үлкендердің өнегелі әңгімелерін тыңдап өстік. Таза айран ішіп, құрт-май жеп, шымыр болып өстік. Үлкендердің әрбір сөзінен тәрбие алатынбыз.
Бесінші сыныптан кейін Бауыржан Момышұлы ауылындағы қазақ мектебіне барып, оқуымды әрі қарай жалғастырдым. Ол мектепте бізге Манап Әлімбеков, Зиятбек Төремұратов, Марзия Қияқова, Балабеков, Дүрменов секілді білікті ұстаздар сабақ берді. Біз осы мұғалімдердің үлкен тәрбие мектебінен өттік.
Сабақ уақытында балалардың мұғалімге деген құрметі, білім алуға деген ынтасы ерекше болатын. Мұғалімдер сабақ бастағанда сыныпта тыныштық орнайтын. Бізді тек білім ғана тәрбиелеген жоқ. Мектеп бізді үлкен еңбек деген өмір мектебіне де дайындады. Демалыс кезінде қырманға, егістікке еңбек етуге баратынбыз. Қой қырқуға, кенелеуге, қылша жинауға қатысатынбыз. Мұндай жұмыстан ешкім қашпайтын. Еңбегімізге қарай ақы төленетін. Сол еңбекақымызды алғандағы қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын. Бала болсақ та, «еңбектің наны тәтті» деген сөздің мәнін сол кезде түсіндік. Алғашқы табысымызды өз еңбегімізбен таптық.
Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие бізді өмір атты үлкен мектепте жалғыз қалдырған жоқ. Керісінше, қанатымыздың қатайып, қандай қиындық болса да еңбектің арқасында жеңіп шығуымызға күш-жігер берді.
Тағы бір айта кетерлігі, білімді болу үшін жақсы оқу ғана жеткіліксіз. Алған біліміңді бойыңа сіңіріп, өмірде қолдана білу үшін тазалық, еңбекқорлық, тәртіп қажет. Бізді ұстаздарымыз еңбекке, тазалыққа, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі. Осы қасиеттердің барлығы өмір бойы бізге азық болды.
Қазір менің жасым 84-те. Сыныптастарымнан алтауымыз ғана қалдық. Уақыт шіркін алға жылжи береді екен. Дегенмен, денсаулықты күтіп, еңбекпен өмір сүруге тырысып келемін. Әлі күнге дейін таңертең үш шақырым жаяу жүремін. Тазалыққа, еңбекке және кітап пен газет оқуға уақытымды арнаймын. Бұл да бала кезден бойымызға сіңген тәрбиенің жемісі деп ойлаймын.
Ендігі жастарға айтарым – қазіргі әрбір сәттеріңді тиімді пайдаланып, білімге ден қойыңдар. Еңбек етіңдер, айналаның тазалығына мән беріңдер. Білім мен тәрбие берген ұстаздарыңды әрдайым құрметтеп, сыйлаңдар. Үлкеннің ақылын тыңдап, кішіге қамқор болыңдар. Себебі, адамды өмірде биікке жеткізетін тек білім ғана емес, жақсы тәрбие, адал еңбек және адамгершілік қасиет. Бала кезіміздегі қарапайым ауыл мектебі, ақ қардың үстімен мектепке асыққан күндер, алғашқы ұстаздарымыздың өнегесі – бәрі де жүректе өшпес естелік болып қалды. Сол бір балалық шақтың сағынышы адамды өткеніне үңілдіріп, бүгінінің қадірін түсінуге үйретеді, – дейді Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қайрат Сарыбаев.
Жазып алған
Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”
