Basty bet
«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында 2026 жылғы 15-20 тамыз аралығында ауданда республикалық «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ, қараусыз және бақылаусыз жүрген жасөспірімдерді анықтау.
Іс-шара аясында аудандық полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының қызметкерлері жасөспірімдер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кездесулерде балаларға құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, ата-аналарға да баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау қажеттігі ескертілуде. Өйткені, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана немесе заңды өкіл жауапты.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қайда және кіммен жүргенін үнемі бақылауда ұстаған жөн. Жасөспірімнің кешкі және түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бермей, оның қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеңіздер.
Баланың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының емес, ата-ана мен бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жіті көңіл бөліп, профилактикалық талаптарды сақтауы маңызды.
Балалардың амандығы – баршаға ортақ міндет. Қауіпсіздікке бірге жауапкершілікпен қарайық!
Меруерт Тәжібаева,
Жуалы АПБ ҚҚб ЮПТ КТІж
аға УПИ, полиция майоры