Basty bet
Біздің ұстаным – заң мен тәртіпті сақтау арқылы қауіпсіз қоғам құру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды бастамаларының бірі – «Заң және тәртіп» қағидаты. Президент ұсынған бұл маңызды тұжырымдама қоғамның дамуына, адамдардың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады.
Заңға бағыну, тәртіпті сақтау – қоғамның орнықты дамуының басты ұстанымы. Қазақстанда қылмыс пен тәртіпсіздікке жол берілмейтін қауіпсіз қоғам құру жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасып келе жатқанын белгілі. Бұл ретте жастар заң үстемдігінің маңызын терең түсінуі тиіс. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі қоғамның дамуына бағытталған негізгі бағдар болуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін» деген сөзінен заңға бағынып, тәртіпті қатаң сақтағанда ғана Тәуелсіз еліміз орнықты дамудың даңғыл жолына түсетінін аңғару қиын емес.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында өткен аптаның жұма күні аудан орталығында орналасқан №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте «Заң және тәртіп – қауіпсіз мектеп» тақырыбында пайдалы жиын ұйымдастырылды. Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі жолында маңызды орын алатын жиында мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейту, алдын алу, интернет-алаяқтардан сақтану және цифрлық сауаттылықты арттыру, сонымен қатар, жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқығын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға мектеп мұғалімдерімен қатар ата-аналар шақырылған.
Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісіндегі маңызды жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашты.
– Өздеріңізге белгілі, қазір Қазақстан Республикасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» концепциясы жүзеге асырылу үстінде. Барлығы 80 маңызды бағыттан тұратын концепцияның 60 бағыты жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Ел мен қоғамның даму жолында маңызды орын алатын осынау қағидатты іске асыру мақсатында біздің ауданда да жүйелі жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Біздің ең басты міндет және басты мақсатымыз – тұрғындар үшін қауіпсіз қоғам құру. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені, халықтың сапалы өмір сүруі үшін қауіпсіз қоғам қажет. Заңдылықты нығайту арқылы қоғамның шынайы жанашыр мүшелері болып жұдырықтай жұмылғанда ғана әділетті қоғам құра аламыз.
Қазақстан Республикасының алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұрғаны белгілі. Ал бұл мақсат халықтың құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының жоғары деңгейіне ие болған, өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болған кезде ғана орындалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғам өкілдері арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды басты мақсат еткен топтың мүшелері қазіргі таңда ауданға қарасты ауылдық округтерде құқықтық жиын өткізу үстінде. Ондағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу, қауіпсіз ауыл қалыптастыру бағытында округ тұрғындарының ортақ жауапкершілігін күшейту, сонымен қатар, өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол бермеу. Ендігі кезекте дәл осындай пайдалы жиындар аудан мектептерінде де өткізіледі,- деді өз сөзінде Анар Садыққызы.
Құқықтық жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев «Тәртіпті қоғам – тұрақты қоғамның негізі» тақырыбында баяндама жасап, жас ұрпақтың тәрбиесі мәселесінде басшылыққа алынуы тиіс ұстанымдарды жан-жақты әңгімелеп, жиналғандарға отбасындағы тәлім-тәрбиенің маңызы, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жоғары рөлі туралы пайдалы ақпараттарды айтты. Сейітхан Шерелханұлы өз сөзінде, ұлағатты әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу қоғамның ортақ міндеті екенін баса айтып, тақырып төңірегінде өмірлік жинаған бай тәжірибесімен де бөлісті.
Екінші кезекте ауданның бас акушер-гинекологы Ғазиза Егізбаева репродуктивті денсаулық және жасөсіпірмдердің денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын ұстанудың пайдалы тұстарына кеңінен тоқталды.
– «Ел болама десең, бесігіңді түзе!» деген даналық сөз жайдан-жай айтылмағаны белгілі. Қуатты ел болу үшін ең алдымен адамның дені сау болуы қажет. Әсіресе, жас ұрпақтың денсаулығын нығайту қазір бірінші орында тұрған маңызды мәселе. Олай дейтініміз, ұрпақтың денсаулығына зиян келтіретін факторлар өте көп. Біз ең бірінші зиянды әдеттердің алдын алып, жастардың арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттап, қоғам мүшелерін осыған бейімдеуіміз қажет.
Репродуктивті денсаулық дегеніміз не? Ең алдымен осыған тоқталайықшы. Осы сұраққа жауап бермес бұрын, халкымызда өсиет болып айтылып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлағатты сөздер еске түседі. Ол ұлағатты сөздердің бірқатарына тоқталсақ, «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», «Дені сау ұрпақ – ұлттың болашағы!», «Дені сау анадан дені сау бала дүниеге келеді», тектілік, саналы ұрпақ, жеті ата, «Дені саудың – жаны сау», «Ауру аштан емес – астан», деген өсиетті сөздермен ұштасады. Ал, кәсіби тілмен түсіндірсек, репродуктивті денсаулык дегеніміз – бұл адамның бала сүю қабілетіне, жүктілікті көтере алуына, босануына және отбасындағы психологиялық үйлесімді қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік беретін физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқаты. Ол тек жыныстық аурулардың болмауы емес, сонымен қатар, ұрпақ өрбіту қабілетінің толыққандылығы.
Қазіргі таңда өкінішке қарай, жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсуі, ерте отбасын құру, түсік жасату және жыныстық жолмен берілетін аурулар көбеюінен елімізде бедеуліктің санын артып отыр. Әрине, бедеулікке тек қана осы айтылған мәселелер ғана емес, көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Алайда, дәл осы факторлардың әсерінен бедеулікке ұшыраған отбасы психолигиялық, эмоционалдык тұрғыда өте әлсіз, ажырасу көрсеткіштері жоғары отбасы болып саналатыны дәлелденген.
Репродуктивті денсаулыкка әсер ететін негізгі факторлар: түсік жасату, зиянды әдеттер (темекі, алкоголь, есірткі, энергетик, газдалған сусындар), жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, дұрыс емес тамақтану; жасы мен күйзеліс деңгейінің артуы, экологиялық жағдай және созылмалы аурулар.
Жуалы ауданында да осы көтеріп отырған мәселенің әлсіз тұстары бар. Мысалы, 2024 жылы ауданда 615 әйел жүктілігі бойынша тіркеуге тұрса, оның бесеуі жасөспірім, (колледж студенттері). Сол 615 әйелдің 10 пайызының жүктілігі ерте кезеңде әртүрлі медициналық көрсеткішіне байланысты үзілген 10 пайызының жүктілігі бойынша өздігінен түсік тастаған. 45 әйел ерте босанған, 10 пайыз әйел асқынумен босанған. Осы тұста адамның жанын қынжылтатын мәселе бар. Аталған әйелдер 2025 жылы тағы да жүкті болған. Осы тұста «Дені сау анадан дені сау ұрпақ өмірге келеді» деген қанатты сөздің мән-мағынасы қалмағанын айта кеткен жөн.
Репродуктивті денсаулықты сақтау болашақ ұрпақтың саулығына жол ашады. Сондықтан, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтанып, уақтылы медициналық тексеруден өтіп отырғаны жөн. Ерте жастан акпараттандыру – сау болашақтың кепілі. Сондықтан, денсаулықты сақтап, өз балаларыңыздың денсаулығын кішкентай кезінен бастап сақтағандарыңыз дұрыс болады. Дені сау ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі,- деді Ғазиза Серғазықызы.
Жиын барысында ата-аналардан түскен сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, пайдалы пікір алмасу болды. Құқықтық жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.