Basty bet
Таңғы дене жаттығуы және жаяу жүру адам денсаулығына өте пайдалы
Көпшілік арасында саламатты өмір салтын ұстану бүгінде жақсы үрдіске айналып келеді. Бұл – әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, түрлі аурудың алдын алуға және денсаулықты нығайтуға ұмтылысының көрінісі. Осы ретте әлеуметтік желілерде де денсаулыққа пайдалы ақпараттар жиі жарияланып, жұртшылықты белсенді өмір салтын ұстануға үндейтін кеңестер кеңінен таралуда. Соның ішінде күніне 10 мың қадам жүру, жаяу серуендеу, таңғы жаттығу жасау секілді қарапайым әдеттердің адам ағзасына пайдасы жиі айтылады. Мұндай пайдалы әдеттерді күнделікті өміріне енгізіп жүрген жандардың қатары да артып келеді. Әсіресе, таңмен таласа тұрып, саябақтарда таза ауада серуендеп, жеңіл жаттығу жасау зейнеткерлер арасында қалыптасқан жақсы дағдыға айналған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын журналист Майра Төлепбергеннің Instagram парақшасында Астана қаласында саламатты өмір салтын берік ұстанатын 74 жастағы зейнеткер туралы бейнежазба тараған еді. Спорт алаңында түрлі жаттығулар жасап жүрген ақ жаулықты ананың белсенділігі көпшіліктің назарын аударып, желі қолданушыларының ыстық ықыласына ие болған. Міне, денсаулықты күтуді өмір салтына айналдырған осындай ақ жаулықты аналар мен аға буын өкілдерін Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақтан күн сайын таңертең көптеп кездестіруге болады. Олар үшін таңғы серуен мен дене жаттығуы – уақыт өткізудің ғана емес, сергек жүрудің, денсаулықты нығайтудың және белсенді өмір сүрудің қалыпты дағдысына айналған.
Таңғы сағат алты. Саябақтың стадионында тіршілік әлдеқашан басталып кеткен. Бірі жалғыз, енді бірі екі-екіден, ал кейбір ерлі-зайыптылар қатарласа жүріп, стадионды айналып келеді. Бірі екі-үш айналым жасап тоқтаса, енді бірі он ретке дейін жүріп өтеді. Арасында жаяу жүруді асықпай жүріспен бастап, денесін қыздырып алған соң жүгіруге көшкендер де бар. Солардың бірі – Көлбастау ауылының тұрғыны Абсалям Нарбаев. Ол саябаққа кірген бетте бірден жүгіріп кетпей, алдымен жай ғана жүріспен жүріп, денесін қыздырып алды. Біраз уақыттан кейін жүгіруге көшіп, стадионды бірнеше рет айналып шықты. Адамдардың таңғы жаттығуына кедергі келтірмей, әңгімелесуге қолайлы сәтті күткенді жөн көрдім. Сондықтан өзім де олардың қатарына қосылып, бірге жүре бастадым. Бірнеше айналымнан кейін Абсалям аға маған жақындай түсті. Осы сәтті пайдаланып, оны әңгімеге тарттым.
– Жалпы алғанда, спорттың адам денсаулығына пайдасы көп. Дегенмен әр адам өзіне лайықты спорт түрін таңдап, шамасына қарай айналысқаны дұрыс. Өзім осы саябаққа таңертең келіп, бір-екі сағаттай жаттығу жасап, жаяу жүремін. Бір кездері инсульт алып, біраз уақыт сырқаттанып қалдым. Содан бері денсаулығымды қалпына келтіру үшін осы жерге тұрақты түрде келіп жүрмін. Жаяу жүру мен жаттығудың арқасында жағдайым біртіндеп жақсарып келеді. Таза ауада серуендегенде тынысым ашылып, өкпемнің жұмысы да реттеліп келе жатқанын сеземін. Аяқ-қолымның қимылы қалыпқа түсіп, сөз сөйлеуім де біртіндеп дұрысталып келеді. Мұның барлығы – күнделікті қозғалысқа мән беріп, саламатты өмір салтын ұстанудың нәтижесі деп ойлаймын.
Бұл саябақта жаяу жүретін адамдар қысы-жазы үзілмейді. Таңертең ерте келіп, денсаулығын күтіп жүрген жандарды жиі кездестіреміз. Сондықтан саябақтың бұдан да көркейіп, дами түскенін қалаймыз. Тағы бір өтінішіміз бар. Футбол алаңының жанында орналасқан тренажер алаңының төбесін жауып берсе екен дейміз. Себебі, біз секілді адамдар таңертең осында келіп, жаяу жүріп болған соң міндетті түрде сол жерге барып жаттығу жасайды. Жаздың ыстығында, жаңбырлы күндері немесе қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығы жаттығу жасауға кедергі келтіреді. Сондықтан тренажер алаңының шатыры жабылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалса, бұл саябаққа келіп жүрген тұрғындар үшін үлкен көмек болар еді, – дейді Абсалям аға.
Ал, Қайрат ауылының тұрғыны, статистика саласының ардагері Мақұлбек Қуанышбековтың де бұл саябаққа келіп, таңертеңгі жаттығу жасап жүргеніне бірнеше жыл болған.
– Қайрат ауылының Абай көшесінде тұрамын. Үйіміз саябаққа жақын болғандықтан, күн сайын таң намазынан кейін осында келіп, таңғы жаттығу жасаймын. Одан кейін бір сағаттай осы саябақта таза ауада серуендеп, жаяу жүремін. Бұл маңның ауасы да ерекше. Таңғы жаттығудың пайдасы көп. Қазір бұрынғыдай тез шаршамаймын, жөтелмеймін. Күні бойы өзімді сергек сезінемін, – дейді ардагер.
Ал, Көлбастау ауылының 70 жастағы тұрғыны Әтіркүл Кемелбаева жаяу жүрісті асықпай, жай қалыппен бастады. Ол күнделікті жаяу жүруді бірнеше жыл бұрын әдетке айналдырған. Айтуынша, бұл жерге өзімен бірге көршілері де таңертең жиі шығады.
– Адам өз денсаулығын өзі күтуі керек. Қазіргі таңда бұрынғыдай ауыр жұмыс жоқ. Көп адам күні бойы бір орында отырып жұмыс істейді. Яғни, қимыл-қозғалыс азайды. Ал қимыл-қозғалыс аз болса, қан айналымы да дұрыс болмайды. Оның салдарынан түрлі аурулар көбейеді. Сол себепті таңертең жаяу жүріп, денені қимылдатып тұрған дұрыс. Бірақ жаяу жүруді де бірден көп мөлшерден бастауға болмайды. Алдымен ақырындап, бір айналымнан бастаған жөн. Кейін күн сайын шамасына қарай бір айналымнан қосып отырған дұрыс. Сонда адам ағзасына бірден салмақ түспей, адам таңғы жаяу жүріске біртіндеп бейімделеді.
Жолдасым Диханбай да осында келіп, міндетті түрде жаттығу жасайды. Саябақтың ішін аралап шығады. Шүкір, қазір сергек әрі жеңіл жүреді. Одан кейін қол-аяқ бұлшықеттерін қыздыру үшін жаттығу алаңына барып, жаттығулар жасаймыз. Әр жаттығуды рет-ретімен, шамамыз келгенше орындауға тырысамыз, – дейді Әтіркүл Кемелбаева.
Сонымен қатар, 70 жастағы зейнеткер Рзақия Балтабаева мен педагог Гаухар Тәжікенова да бұл саябаққа күн сайын келіп, таңғы жаттығуларын жасайды екен. Екеуінің де жаяу жүрісті тұрақты әдетке айналдырғанына бірнеше жыл болған. Рзақия апаның айтуынша, оның қан қысымы жоғары. Бұдан бөлек, жүрегі мен буындары да ауыратын көрінеді. Соған қарамастан ол таңғы сағат 5-те тұрып, Гаухар Тәжікеновамен бірге саябаққа қарай асығады. Мұндағы мақсаттары – ағзаны дәрі-дәрмекке тәуелді етпей, дене шынықтыруды күнделікті дағдыға айналдыру. Апа таңертең саябақта 5-6 айналым жаяу жүргеннен кейін өзін сергек сезініп, денсаулығының жақсарғанын байқайды.
Ал, педагог Гаухар Тәжікенова таңғы жаяу жүрісті бастағандарына 3-4 жыл болғанын айтады.
–Біз қысы-жазы осында келеміз. Тіпті, жаңбырлы күндерде де ауа райына қарамай, жаттығуымызды жалғастырамыз. Бұл маңның ауасы да ерекше. Көлік аз жүретіндіктен, ауасы таза. Әсіресе, мына қылқан жапырақты ағаштардың тыныс алу жолдарына пайдасы мол деп ойлаймыз. Қазір адамдар саябырсығанымен, жаз айларында мұнда адам өте көп болатын. Балалар да келіп, жүгіріп, жаттығу жасап жүретін. Өзіміз күн сайын 5-6 айналым жаяу жүреміз. Бізге Абсалям ағаның күш-жігері және өмірге деген құлшынысы мотивация береді. Оның осы саябаққа алғаш келіп, жаттығу жасай бастағаны әлі есімізде.
Қазір, шүкір, сол қиын кезеңдерді артқа тастап, денсаулығын қалпына келтіріп келеді. Ағаның жағдайының жақсарғанын көріп, таңғы жаттығудың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екеніне көзіміз жетуде. Аға тіпті қар жауған кезде қолына күрек алып, осындағы адамдармен бірге жолды қардан тазалап, ашып қоятын. Оның еңбекқорлығы мен белсенділігі бізге де үлгі. Ендігі тілегіміз – саябақтағы жаттығу алаңының төбесі жабылса екен. Себебі, алда күн суытады. Біз жаттығуды үзгіміз келмейді. Жаңбырлы әрі қарлы күндері төбесі жабық жерде жаттығу жасап, күнделікті әдетімізге айналған дене шынықтыруды жалғастыра берер едік, – дейді Гаухар Тәжікенова.
Саябаққа таңертең келіп жүрген тұрғындардың ортақ тілегі де бар екеніне көзіміз жетті. Олар жаттығу алаңының үсті жабылып, қолайсыз ауа райында да дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік жасалғанын қалайды
Саябақта дене-бітімі шағын, жүрісі ширақ, өзі сергек Роза апа да ерекше көзге түсті. Оның бірнеше айналымды жылдам жүріп өткені, тынысының бірқалыпты болғаны, денесін тік ұстап, ширақ қимылдайтыны бірден аңғарылды. Тренажер алаңына келгенде де әр жаттығуды асықпай, баппен, өз ретімен еркін орындап жатты. Ақ жаулығын басына әдемілеп орап, спорттық киімін жарастыра киген апаның осылайша саламатты өмір салтын ұстанып жүргеніне сүйсініп қарадым.
Одан бөлек, саябаққа күн сайын келіп, дене шынықтыруды әдетке айналдырған жандардың қатарында ерлі-зайыпты Ербол мен Күлмаш Дербісалиевтер, Карима Толыбаева, Мира Өскенбаева және тағы да басқа белсенді тұрғындар бар. Олардың саябақтағы тұрақты жаттығуы мен сергек қалпы саламатты өмір салтын ұстанудың жақсы үлгісін көрсеткендей.
«Денсаулық – зор байлық» дейді халқымыз. Ал оны сақтау үшін міндетті түрде күрделі жаттығулардың қажеті жоқ. Күн сайынғы қарапайым қозғалыс, жаяу жүру, таза ауада серуендеу – денсаулыққа көңіл бөлудің тиімді әдеттерінің бірі. Қайрат ауылындағы саябақтағы аға буын өкілдерінің таңғы тіршілігі де осыны көрсетеді. Олар үшін саябақтағы әрбір таң – қозғалыс пен сергектіктің, белсенді өмір салтының бастауы. Бұл аудан тұрғындары үшін жақсы бастама екені анық.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”