Basty bet
Ата-ана және отбасының тәрбиесі – ел болашағының негізі!
Бала – отбасының қуанышы ғана емес, елдің ертеңі, мемлекеттің жарқын болашағы да жас ұрпақпен тығыз байланысты. Әрбір баланың бойындағы ізгі қасиеттердің бастауында отбасының тәрбиесі тұратын анық. Бала ең алғаш рет мейірімділікті де, сыйластықты да, жауапкершілікті де, еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді де өзінің туған шаңырағынан үйренеді. Мұндайда дана халқымыз: «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп қысқа ғана қайырған. Сондықтан, елдің жарқын болашағы саналатын жас ұрпақтың тәрбиесі мәселесіне баса назар аударып, көңіл бөлу,
Өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Ата-ана тәрбиесі – ел болашағының негізі!» тақырыбында аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Жас ұрпақтың тәрбиесіне арналған тағылымды жиынды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды негізге ала отырып, саналы, тәрбиелі, білімді әрі жауапты ұрпақ қалыптастыру ісіне ата-аналарды белсенді тарту болып табылады. Ұрпақ тәрбиесінде маңызы бар жиынға Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты мектептің директорлары, директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және ата-аналар шақырылды.
Ата-аналар форумында ең алғаш болып сөз алған Жуалы ауданының прокуроры Жомарт Науатов, жасөспірімдердің құқығын қорғау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін айта келіп, балалардың құқығын қорғап, оларға қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызы зор екеніне тоқталды. Аудан прокуроры өз сөзінде, 2026 жылдың 8 айының қорытындысында жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылық фактілерінің орын алмағанын және ахуал тұрақты екенін айтып, бұл бағытта белгіленген жоспарға сәйкес, іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті. Сөз соңында жасөспірімдердің тәрбиесі қоғамның ортақ міндеті мен жауапкершілігі екенін де қоса жеткізді.
Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мәселесінде және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Нүрила Мәлібекова сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесіне байланысты құнды ой-пікірлерімен кеңінен бөлісіп, балалардың құқығын қорғаумен бірге, оларға қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызы зор екенін айтып, тиісінше, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеумен қатар, отбасындағы тәлім-тәрбие мәселесіне баса назар аудару және оны жаңа заманның ағымына сай жетілдіру мәселелерін кеңінен сөз етіп, бірқатар пайдалы ұсыныстарымен де бөлісті.
– Бүгін біз қоғам үшін аса маңызды тақырыптардың бірі – баланың қауіпсіздігі, оның әл-ауқаты және оларға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі туралы ой бөлісу үшін осында жиналып отырмыз.
Ең алдымен, осында отырған ата-аналардың атынан ұстаздарға ерекше алғыс білдіргім келеді. Ұстаздар – балаға тек білім беріп қана қоймай, оның мінез-құлқын қалыптастыруға, өмірге деген көзқарасын дамытуға, қиындықты жеңуіне және өз мүмкіндігіне сенуіне ықпал ететін тұлға. Бала күнінің үлкен бөлігін мектепте өткізетіндіктен, ұстаздың балаға деген жылы сөзі, оқушыға дер кезінде берген ақыл-кеңесі, баланың көңіл-күйіндегі өзгерісті байқауы кейде ата-ана байқамаған маңызды дүниенің алдын алуы мүмкін. Сондықтан, біз Сіздер атқарған еңбекті жоғары бағалаймыз. Бала тәрбиесінде бізбен бірге үлкен жауапкершілік арқалап, әрбір баланың тағдырына алаңдағандарыңыз үшін Сіздерге шын жүректен рақмет айтамыз!
Ұстаз бен ата-ана бір мақсатта болған кезде ғана баланың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптасатыны сөзсіз. Бала қауіпсіздігі дегенде біз көбіне жол қауіпсіздігін, тұрмыстық қауіптерді немесе интернеттегі қатерлерді ойлаймыз. Алайда баланың қауіпсіздігі тек физикалық қауіптен қорғану емес. Кейде бала қандай да бір қиындыққа тап болғанда оны бірден ата-анасына немесе ұстазына айта бермейді. Ол ұялуы мүмкін, қорқуы мүмкін, өзін кінәлі сезінуі мүмкін немесе «мені бәрібір түсінбейді» деп ойлауы мүмкін. Сондықтан баланы өз мәселесімен жалғыз қалдыруға болмайды. Бала қандай жағдайға тап болса да, оның жанында оны тыңдайтын, қолдайтын, дұрыс бағыт көрсететін ересек адам болуы керек.
Біз балалармен тек сабақ үлгерімі, тәртібі немесе алған бағасы туралы сөйлесіп қана қоймай, олардың көңіл-күйі, араласатын достары, қызығушылығы, қорқынышы, қуанышы және күнделікті өмірі туралы да әңгімелесуіміз қажет. Кейде баламен он минуттық шынайы әңгіме оның ішіндегі үлкен мәселені анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігінің тағы бір маңызды бағыты – цифрлық қауіпсіздік. Бүгінде смартфон мен интернет баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бала интернет арқылы білім алады, достарымен сөйлесіп, ақпарат іздейді. Бірақ, мұнда кибербуллинг, орынсыз контент, бейтаныс адамдармен қауіпті қарым-қатынас, жеке мәліметтердің таралуы сияқты тәуекелдер де бар.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне назар аударып, ата-ана бақылауы функцияларын пайдалануды ұсынады. Бұл ретте «Ата-ана бақылауы» қосымшасының маңызы ерекше. Бақылаудың басты мақсаты – түрлі қауіптің алдын алу. Ата-ана баласының қайда жүргенін, кімдермен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білгені дұрыс,- деді Нүрила Мәлібекова.
Аудандық ата-аналар форумын аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылап: «Мемлекеттің басты құндылығы – адам, ал, елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан бала тәрбиесі мәселесі әрдайым қоғам назарында болуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет!» деп атап өткені белгілі.
Осы ретте аудандағы барша ата-аналарға бала тәрбиесіне жоғары жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақтың болашағына дұрыс бағыт-бағдар беруді ұсынумен бірге, ата-аналарға және жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен қалыптасуында үлкен рөлге ие ұстаздар қауымына өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие берудегі қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіремін.
Ата-ананың бала тәрбиесіне белсенді араласуы, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруы және мектеппен тұрақты байланыс орнатуы оң нәтижеге жеткізетін маңызды қадамдар екені даусыз. Ата-аналар форумының аясында көтерілген мәселелер мен айтылған ұтымды ұсыныстар алда бірлесіп атқарылатын жұмысқа берік негіз болып, бала тәрбиесіне қатысты байыпты бастамалардың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді деп сенемін. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы ортақ еңбегіміз жемісті болсын! Балалардың болашағы жарқын, Тәуелсіз елдің келешегі кемел болсын» деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Айта кету керек, аудандық ата-аналар форумында ұрпақ тәрбиесіне құрылған сахналық қойылым мен бейнероликтер көрсетіліп, ата-аналар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер де назарға алынды.
дің маңызы зор.