Basty bet
Басты мақсат – ауруды ерте сатыда анықтау
Жылжымалы медициналық кешен арқылы ауданға қарасты шалғай ауылдың тұрғындарына сапалы қызмет көрсетілу үстінде
Биыл күзде Жамбыл облысында шалғай елдімекеннің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылып, өңірге жалпы құны – 1,1 млрд теңге болатын екі жылжымалы медициналық кешен сатып алынғаны белгілі. Жобаны іске асыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсеткенін баса айта кеткен жөн.
Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қорының өзара ынтымақтастығы өңірдегі бірқатар әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік беріп келеді. Қазіргі таңда аталған қор облыста жалпы құны – 13,1 млрд теңгені құрайтын – 21 жобаны жүзеге асыруда. Оның 9-ы денсаулық сақтау саласына арналған. Бірлескен жобалардың аясында сирек кездесетін ауруларға шалдыққан азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, онкологиялық науқастарды емдеу, балалар нейрохирургиясын қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру бағыттарында маңызды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, ерте араласу және оңалту орталықтарының мүмкіндігі кеңейтіліп, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар қажетті құралдармен жабдықталған.
Апта ішінде ауданға қарасты Қошқарата ауылдық округінің тұрғындары «Жылжымалы медициналық кешен» арқылы профилактикалық тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Аптаның сейсенбі күні жылжымалы медициналық кешен Қошқарата ауылында болып, тұрғындарды қабылдаумен бірге, профилактикалық жұмыстарды да қоса жүргізді.
– Жақында ғана Жамбыл облысына екі су жаңа жылжымалы медициналық кешен табысталды. Енді тұрғындарға әрбір тексеру үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға барудың қажеттілігі азайып, медициналық көмек пен сапалы диагностика бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Ауруды ерте анықтау – емнің нәтижесін жақсартып қана қоймай, адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын қорғауға айрықша мән беріп отырғанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Жылжымалы медициналық кешендердің облыстың шалғай ауылдарына дейін барып, осында сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындарды диагностикалауы – мемлекет саясатының нақты іске асуының жарқын көрінісі
Жылжымалы медициналық кешен арқылы тұрғындар тұрғылықты жеріне жақын жерде заманауи тексерулерден өтіп, ауруларды, соның ішінде, онкологиялық сырқаттарды ерте анықтауға мүмкіндік алады. Жоба ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, жоғары технологиялық диагностиканы халыққа барынша жақындатуға бағытталған. Жылжымалы кешен үш бағытта жұмыс атқарады. Біріншісі – әйелдердің сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау, екінші – ішек ауруларын және үшінші – жатырмойны обырын ерте сатыда анықтау жұмысын атқарады,- деді Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуде.
Айта кету керек, жалпы құны – 1,1 млрд теңгеден асатын арнайы автокөліктердің біріне компьютерлік томограф, екіншісіне цифрлық маммограф пен сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараттары орнатылған. Жылжымалы медициналық кешендер ең алдымен онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
– Жамбыл облысындағы шалғай ауылдың тұрғындары «Жылжымалы медициналық кешен» арқылы профилактикалық тексеруден өтуде. Біз облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту, ауруларды ерте сатыда анықтау жұмыстарын облысқа қарасты Жуалы ауданының ең шалғайында орналасқан Қошқарата ауылдық округінен бастап отырмыз. Бұдан кейін Боралдай және Шақпақ ауылдық округтерінде болып, тұрғындарды қабылдайтын боламыз. Облыстың аумағында сапалы медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету, қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында бейінді мамандар «Жылжымалы медициналық кешен» арқылы жан-жақты әрі сапалы қызмет көрсетеді.
«Жылжымалы медициналық кешен» автокөлігі соңғы үлгідегі жапондық заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Кешенде жоғарғы санатты, білікті дәрігерлер пациенттерді профилактикалық тексерістерден өткізуде. Кешен пациенттерге толық медициналық тексеру жүргізу үшін қажетті барлық заманауи цифрлық зерттеу құрылғыларымен жабдықталған мамандандырылған кабинеттерден тұрады. Нақтырақ айтқанда, 128 кескінді заманауи сапалы компьютерлік томография аппараты, заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараты және маммография аппараты әйелдердің сүт безі аймағын, жатырмойнын жан-жақты тексеріп, онкологиялық аурулардың бар-жоғын анықтайды. Қабылдауға арналған бір күннің ішінде компьютерлік томография (КТ) аппаратына – 20 адам, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппаратына – 30, ал, маммогафия аппаратына орта есеппен – 10-нан астам тұрғын тексеріліп үлгерді. Біздің басты мақсатымыз – қатерлі аурулардың алдын алып, тұрғындар арасында кездесетін түрлі онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтап, науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету,- дейді «Жылжымалы медициналық кешен» автокөлігінің басшысы Досмұқан Атамбай.
Кешенде тұрғындарға скринингтен өтуге де мүмкіндік бар. Скринингтен өту – сырқаттанбай тұрып, денсаулық жағдайын тексеруге үлкен көмек. Ол ауруды ерте кезеңде анықтауға және асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Айта кетерлігі, елімізде онкологиялық скринингтер МӘМС жүйесіндегі мәртебенің бар-жоғына қарамастан, барлық азаматтарға қолжетімді.