Qoǵam

Бурнооктябрьск 1 (Жылқышытөбе) қалашығы

Ауданымыздағы Бурнооктябрьск қалашығында археологиялық қазба жұмыстары 2018 ж. сол кездегі аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың тікелей қолдауымен басталған. Зерттеу жұмысының мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, Теріс, Мыңбұлақ өңірінің киелі орындарын осы күнгі ұрпаққа уағыздау болған.
2019 жылы Жылқышытөбедегі зерттеу жұмыстары ауданның жаңа әкімі Нарбай Ергебековтың қолдауымен қайта жалғасты.
Ескерткіштің зерттелуі жайлы қысқаша мәлімет
Бурнооктябрьск (Жылқышытөбе) қалашығы жайлы алғашқы мәліметі әйгілі шығыстанушы В.В. Бартольд жазған болатын. Ол 1893-1894 жылдары іс-сапармен Қазақстанның оңтүстік аудандарына келген. Орта Азияның ортағасырлық тарихын, соның ішінде Қазақстанның тарихын араб, парсы, түрік, соғды, т.б. тілдерде жазылған жазба деректер негізінде түгендеп, 9 томдық еңбек жазып кеткен ғалым, сол сапарында атқарған зерттеулері жайлы «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью в 1893-1894 гг.» атты қомақты мақаласында жарияланған. Осы мақалада Теріс өзенінің бойындағы ортағасырлық қала орындары жайлы алғаш айтқан. Кейіннен, 1939 ж. Жамбыл археологиялық пунктінің директоры, белгілі археолог Г.И. Пацевич Теріс өзенінің оң жағалауындағы Бартольд айтқан үш қалашықтың орындарын анықтап, олардың орналасқан жерін, топографиялық құрылымын сипаттап, жобасын қағазға түсірген. Үстінен табылған ыдыс сынықтары негізінде қалашықтардың өмір сүрген уақытын шартты түрде көрсетіп, мемлекеттік есепке алған. Ескерткіштерге сол кездегі жергілікті мекеннің аталуы бойынша Бурнооктябрьск 1,2 және 3 деп құжат толтырған. Сол кезде Х – ХІІ ғғ. мерзімделген Бурнооктябрьск 2 және ХІ – ХІІ ғғ. мерзімделген Бурнооктябрьск 3 қала орындары кейіннен шаруашылық жұмыстары мен ауыл құрылыстары барысында жойылып кеткен. Бұл күнде Бурнооктябрьск 3 егістіктің, ал Бурнооктябрьск 2 ауыл үйлерінің астында жатыр.
Г.И. Пацевич үстінен табылған ыдыс сынықтары негізінде VІІ-ІХ ғғ. мерзімдеген Бурнооктябрьск 1 (Жылқышытөбе) қалашығында екі маусымда жүргізілген қазба жұмыстары барысында биіктігі 17-18 м. болатын төбенің астында екі қабатты (алғашқы болжау бойынша), көп бөлмелі құрылыс кешенінің орны анықталды. Құрылыс шамамен 90% сақталған. Төбенің жоғарғы бөлігінен қабырғалары қалың (2-3 м), биіктігі 2,5-3,5 м биіктікте сақталған 6 бөлме ашылды. Орталық бөлмелері батыстан шығысқа қарай ұзын жағымен созыла қатар салынған. Төбесі күмбезделіп жабылған. Өкінішке орай, жоғарғы жабыны құлап кеткен. Дегенмен, кей жерлерінде қабырғаның иығынан иілдіре қырынан қаланған жабынның бөліктері сақталған. Оларды еппен орнына келтіріп, сауатты сәйкестендіру арқылы бастапқы қалпына келтіруге болады. Қазіргі кезде 1-ші және 6-шы бөлмелердің опырыла құлаған еденінің астыңғы жағындағы төменгі қабаттың бөлмелері ашылып жатыр. Бөлмелердің жоғарғы жағында күмбезделіп жабылған жабынының құламай қалған бөліктері анық байқалады. Қалыңдығы 2 м, биіктігі 3-3,5 м болатын қабырғалардан түзілген үстіңгі қабаттағы ауыр құрылысты көтере алмаған кешен кезінде оңтүстікке қарай қисая отырған. Сол себепті бөлмелердің ішкі жағынан қосымша қорғау қабырғалары тұрғызылған. Бірнеше бөлмеде қабырғаға тақап қаланған осындай қорғау қабырғалары анықталды.
Археологиялық зерттеулер қорытындысы кешенді ежелгі Қаңлы дәуіріне, яғни І-V ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді. Бұндай тұжырым жасауға жазба және заттай деректер мәліметтері мен ескерткіштің топографиялық құрылымы негіз болады.
Деректер бойынша Қаңлы мемлекеті (қытайша Канзю) б.ж.д. ІІІ – б.ж. ІІІ ғасырлары аралығында Орта Азияда едәуір гүлденген, қуатты патшалық болған. Б.ж.д. ІІ ғ. (138 ж) елшілік сапармен келген Хан әулетінің сол кездегі императоры У-Дидің жіберген елшісі Жань Шанның жазбаларында «Батыста Әмудариядан шығыста Талас өңіріне дейінгі аралықты жайлаған Қаңлы мемлекетінің астанасы Бетен қаласы болған және ол бес патшалықтан құралған» деп жазылған. Сонымен қатар Жань Шань қытайдың астанасы Шаннаннан Бетен арасындағы және бес патшалық арасындағы қашықтық өлшемін де көрсеткен. Кеңестік тарихшы Л.А. Боровкова өзінің «Запад Центральной Азии во ІІ в. до н.э – VІІ в н.э.» атты еңбегінде Бетеннің орны Талас өңірінде болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Бірақ ол болжам Қаңлы тарихын зерттеуші мамандар тарапынан қолдау таппаған.
1964-1968 жылдары Талас өңірінде қаңлы дәуіріне жататын ескерткіштер Шөлтөбе мен Көкқайнартөбе зерттелді. Қазба нәтижелері мекенжайлардың І-ІV ғасырлар аралығымен мерзімделетінін анықтаған. Табылған заттай деректер мен құрылыс салу ерекшеліктері де қаңлы дәуіріне сәйкес келетіндігін көрсетті. Біз қазба жүргізіп жатқан Жылқышытөбенің материалдары Шөлтөбе мен Көкқайнартөбенің заттарымен өте ұқсас. Кешендердегі құрылыс салу дәстүрі де қайталанады. Тағы бір ұқсастығы – бұл үш төбе де археологияда шартты түрде «алаңды төбе» деп аталатын мекенжайлар қатарына жатады. Ал «алаңды төбелер» ерте ортағасырлық мекендердің орны болып есептеледі.
Зерттеу нәтижелерінің осындай сәйкестіктері Жылқышытөбенің І ғасырлар шамасында салынып, V ғ. дейін өмір сүргендігін толық растайды. Осы жылғы қазбалар барысында алынған археологиялық мәліметтер Жылқышытөбеде VІ-ІХ ғғ. аралығында да тіршілік болғандығын аңғартты. Яғни ескерткіштің үстіңгі қабатынан айтылған уақыт аралығына жататын құрылыс іздері мен қыш ыдыстардың сынықтары шықты. Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар Г.И. Пацевичтің ескерткіштерді мерзімдеу болжамының дұрыстығын растайды.
Ал енді Жылқышытөбеде жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының нәтижелері жайлы қорыта айтатын болсақ, Бурнооктябрьск 1 қалашығындағы тіршілік ІХ-ХІІ ғғ. аралығында осы күні орындары жойылып кеткен Бурнооктябрьск 2 және 3 қала жұрттарында жалғасқан. Көне қаланың орнына түскен Теріс ауылының тұрғындары өздерінің ауласынан, бау-бақша ішінен, көне ыдыстар мен құрылыс іздерін жиі кездестіретінін айтады. Бағдат халифатының сарай шенеунігі Кудам ибн Жафар (Х ғ) жазған Баркуабтың (Теріс) бойындағы пошта бекеті осы қала орындарының бірі болуы әбден мүмкін. Өкінішке орай, оны растау мүмкіндігі (қазба жүргізу) қиын болып тұр. Дегенмен жақында ғана кездейсоқ анықталған мәлімет бұл жерде шаруашылығы мен мәдениеті жақсы дамыған орталық болғандығын білдіреді. Ол қалашықтың шығысында бір шақырым жердегі Шойбексайдағы бұлақтан жер астымен тартылған су құбырының (кәріз құбыры) жүйесі. Қала кезінде ауызсуды бұлақтан тартылған кәріз жүйесі арқылы алған. Мұндай жүйе археологияда өркениеттің ерекше белгісі ретінде есептеледі.
Тамыз айының басында арнайы сапармен біздің қазбаға ат басын бұрған ҚР Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев зерттеу нәтижелерімен танысып, жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына ризашылығын білдірді. Кездесу соңында іссапардан оралғаннан кейін Жуалы жерінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының маңыздылығы жайлы депутаттық сұраныс жасап, келесі зерттеулерге мемлекет тарапынан қаржы бөлуді ұсынатындығын айтты.
Екі мың жыл бұрын салынған тарихи кешеннің ашылар құпиялары алда болары сөзсіз. Зерттеу жалғасуда.
Дөкей Талеев,
Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог.

Таңдаулы материалдар

Close