Basty bet

Заңды сақтау – әрбір азаматтың борышы

Ата Заңымыз – Конституция күні әр адамның, ел азаматының өмірінде ерекше маңызға ие. Өйткені азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылығы деп жарияланған Конституция мемлекеттің табысты дамуының негізі болып табылады. Заң қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуының кепілі.
Бүгінде Қазақстан Республикасы өзінің тарихи дамуының жаңа сатысына көтерілуде. Соған сай еліміздегі қоғамдық сана да өзгеріс үстінде. Әрбіріміздің санамыздағы өзгермейтін сенім мен мақсат бұл – Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтау болса керек. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының мазмұнымен үнемі санамызды жаңғыртып отыру артық болмас еді. Аталған мақалада Президентіміз «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – жеріміз, тіліміз және қоғамдағы береке – бірлігіміз…» екені туралы толғана айтқаны белгілі. Ол пікірлермен көпшілік келіседі. Ендігі жерде ел боламыз, халқымызды өркениет жолына түсіреміз десек сол Президент атап көрсеткен «мәңгілік мәселелерге» жалаң эмоция арқылы қарау емес, заңды жолдармен келу, сақтау, тіпті қажет тұсында жанымызды сала қорғау керек болады. Иә, елдігімізді таныту мен сақтау үшін әрбірімізге отаншылдық сезімдерге қоса ең алдымен құқықтық білім мен өркениеттілік жолына түсудің ең ұтымды жолдарын меңгеру қажет.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру кезінде маңызды болып табылатын конституциялық, саяси қайта құруларға бастама берген референдум өтті. Бұл референдум Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші референдум болды. Жалпы еліміздің қолданыстағы негізгі заңы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған болатын. Оны қабылдаудың алдында қазақстандықтардың Конституция жобасын кеңінен талқылауы болды. Конституцияның қазіргі нұсқасын қабылдау үшін көптеген шет елдердің тәжірибесі зерттелді.
Әрине, өткен уақыт ішінде Негізгі Заңға түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Қазіргі шындық, Конституцияға жаһандық өзгерістерсіз мүмкін болмады, өйткені бәрі Конституцияға байланысты және ол уақыт талаптарына сәйкес келуі керек.
Былтыр референдум 5 маусымда өтті және оған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шығарылды. Референдумға дейін ел азаматтары ұсынылған түзетулерді талқылап, «Сіз Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген дауыс беру барысында жарияланған сауалнамаға референдумға келгендердің әрқайсысы нақты жауап бере алды. Жалпыхалықтық референдум өткізілгеннен кейін де еліміздің Негізгі заңына енген түзетулер күшіне енді.
Референдумнан кейін саяси, сайлау процестерінің динамикасы мен мазмұнына қатысты түзетулер жасалды. Электораттың саяси белсенділігіне партияны тіркеу шегінің төмендеуі, Президенттің барлық партиялардан тең қашықтығы әсер етеді. Бұл дегеніміз, жоғары бәсекелестік және таңдаудың кең мүмкіндігінің болуына байланысты заңға өзгеріс енгізуге ниеттестердің көп екенінде білдіреді.
Маңызды және уақтылы түзетулердің бірі құқық қорғау саласына әсер ететіндер болып табылады. Азаматтардың өз құқықтарын қорғауға көбірек мүмкіндіктері болатыны және парасаттылық жағынан өсулері де ерекше назар аудартады. Бұл туралы Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, өлім жазасына толық тыйым салу туралы мәселелер қарастырылады.
Ел Конституциясы барлық тең құқықтар мен мүмкіндіктер береді, бірақ азаматтар жауапкершілікті, адал орындалуы тиіс міндеттерді ұмытпауы керек. Заң үстемдігінің, адам құқықтарының сақталуының, әрбір қазақстандықтың жауапкершілікті, елдегі бейбітшілік пен келісімді дұрыс түсінуінің арқасында ғана біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдыға қойылған барлық міндеттерін жүзеге асыра аламыз, «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз. Олай болса, қолданыстағы заңдарды білу, сақтау еліміздің азаматтарының басты борышы, құқықтық міндеті. Солай еткенде ғана азаматтардың бүгінгі құқығын қорғап, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпай өркениетті ел боламыз.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close