Basty bet

Негізгі стратегиялық бағыт – білім мен ғылымды дамыту

Жаңа Конституцияның жобасы аудан тұрғындарына кеңінен түсіндірілді

2026 жылы Қазақстан Республикасында ауқымды конституциялық реформа жүзеге асырылып жатқаны барлығымызға белгілі. Негізгі заңға ұсынылған өзгерістер Конституцияның 77 бабын қамтып, оның жалпы мазмұнының 84 пайызын құрап отыр.

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан байқағанымыздай, Конституциялық реформаның аясындағы барлық отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп, қоғам үшін ашық әрі қолжетімді форматта өтті. Бұл үрдіс процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
Жаңа Конституцияның басты бағытына келсек, жаңа заманның талабына сай қайта жаңартылған Конституция негізінен адамға және елдің орнықты дамуына бағытталған. Ата Заңдағы негізгі басымдықтар:
Адамға бағдарлану, халық құндылықтарын бейнелеу және биліктің тиімділігін арттыру болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық реформа – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам жасап, әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға бағытталған маңызды өзгеріс.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында Жамбыл облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері өткен аптада Жуалы ауданында болып, жергілікті тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Кездесулерге ақпараттық топтың спикерлері – Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Сұлушаш Құрманбекова және Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова қатысып, жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен оның қоғам үшін маңызын жан-жақты түсіндірді.Ондағы өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталып, жалпы Ата Заң туралы түсінік берді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының алғашқы жиыны ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездесуден басталды. Маңызды басқосу Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған ардагерлермен қатар, тұрғындар шақырылған.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ашып, алғашқы сөзді спикер, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбековке берді.
– Құрметті жуалылықтар! Өздеріңізге белгілі болғандай, биылғы Жылқы жылы еліміздің өмірі көптеген саяси өзгерістерге толы жыл болғалы отыр.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбындағы сұхбатында: «Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата Заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады» деп атап өткенін де жақсы білесіздер.
Президенттің бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың ел өміріндегі маңызы өте зор. Жақында халыққа ұсынылған жаңа Конституциясының жобасында көрініс тапқан ең басты басымдықтар – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін нығайту, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған конституциялық жаңашылдықтар болып отыр.
Бұған дейін 2022 жылы Ата Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, биыл бұл үрдіс жалғасын тауып отыр. Ендігі кезекте біздің елде неге Конституцияға өзгерістер көп енгізіледі деген сұраққа келсек, Қазақстан қалыптасу кезеңіндегі жас мемлекет. Кез келген жаңа мемлекетте саяси жүйені қалыптастырып, оны жетілдіру үшін көп уақыт қажет. Біздің елде де сондай. Орнықты Конституция қабылдау үшін оған әлі де көп жылдар өтуі керек. Ал жаңа Конституцияны қабылдау – уақыттың талабы.
Саяси реформаға сәйкес, Парламенттік жүйе өзгереді деп күтілуде. Президент халыққа Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Бұл ретте Құрылтай институтына аса жауапты міндет жүктелгелі отыр. Бұл құрылым кәсіби азаматтардан құрылып, онда негізінен халықтың игілігі, елдің ертеңі үшін маңызды заңдар қабылданады деп күтіледі. Осыған сәйкес, сайлау жүйесіне де бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда кәсіби Парламент құруға алғашқы қадам жасалып отыр. Жалпы саяси реформалар азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттырып, алдағы жарқын болашаққа кеңінен жол ашпақ,- деді Махметғали Сарыбеков.
Спикер сонымен қатар, негізгі стратегиялық бағыт – білім мен ғылымды және инновацияны дамыту екенін баса айтып, Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының жобасында білім мен ғылым мәселелері ерекше орын алғанын жеткізді. Атап айтсақ, жобаның 3-ші бабында: «2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп көрсетілген. Бұл бұрын болмаған новелла. Мемлекеттің келешегі тікелей бәсекеге қабілетті білімнің сапасына және инновациялық ғылымның дамуына байланысты.
Айта кету керек, кездесу барысында сөз сөйлеген спикерлер негізінен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, адам капиталы, заң үстемдігін нығайту, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған конституциялық жаңашылдықтар туралы жиналғандарға жан-жақты ақпарат ұсынды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында Жамбыл облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері келесі кезекте аудан орталығындағы Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты мектеп директорларымен кездесіп, Ата Заңдағы негізгі өзгерістер туралы сөз қозғап, жаңа Конституция жобасының мазмұны өте терең екенін айтып, білім саласын дамытуға бағытталған жекелеген нормалар туралы да ашық әңгіме өрбітті.
Облыстың орталығынан ауданға келген спикерлер аудандық орталық кітапханының мәжіліс залында кітапхана ұжымымен кездесу өткізіп, жаңа Конституцияның жобасына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді. Аудан орталығында ұйымдастырылған жиындар негізінен ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді. Мұндай кездесулер жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіруде және қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close