Basty bet

Жамбыл өңіріндегі агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту: мемлекеттік қолдау мен инвестициялық жобалардың нәтижесі

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы облыс көлемінде 891 кәсіпорын жұмыс істейді, ал өңдеу өнеркәсібінде шамамен 46 мың адам еңбек етуде. Жуалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың мәліметінше, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның ішінде 2 орта кәсіпорын, 203 шағын бизнес субъектісі және 2600 жеке кәсіпкер бар. Қалған бөлігі ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік құрылымдар 700-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ауданда ауылдық округтерді дамытуға бағытталған мемлекеттік жобалар да нәтижесін беруде. Қазіргі таңда 6 ауылдық округ қатысып, жобаға 3263 аула тартылған. Соның нәтижесінде мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, жылқы 130 пайызға, қой-ешкі 112 пайызға көбейген. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік нысаны ашылып, 6 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, нәтижесінде 1130 жаңа жұмыс орны пайда болды. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығы кооперациясын нығайтуға және агроөнеркәсіптік инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған.

Биыл да аудан тұрғындары мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуда. Облысқа инвестиция тарту мақсатында отандық және шетелдік кәсіпкерлермен 110 кездесу өткізіліп, нәтижесінде 18 келісім-шарт жасалған. Соның негізінде 2024–2028 жылдарға арналған жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын 80 жоба дайындалды. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда шамамен 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Президент тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік осал топтарға жағдай жасау бағытында нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 500-ге жуық адам жіберіліп, оның шамамен 200-і қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастаған. Олардың арасында Жуалы ауданының тұрғындары да бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қаржылық қолдау көрсету жалғасуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы деректеріне сәйкес, өткен жылы саланы дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия берілген. Бұдан бөлек, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді.

Жамбыл облысында агроөнеркәсіптік жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы да іске асырылуда. Өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініп, 13 жоба қаржыландырылды. Ал 2019–2023 жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге қарастырылып, 8 мыңға жуық жоба несиелендірілген. 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қолдау тапты. Сонымен бірге кооперативтерге сапалы тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жанар-жағармай алу үшін 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді.

Жалпы алғанда, өңірде кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп секторын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жалғасып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және ауыл экономикасының тұрақты өсіміне ықпал етуде.

Таңдаулы материалдар

Close