Basty bet

Жас спортшылар байрақты бәсекелерде жасындай жарқылдауда

Спорт – ұлт денсаулығын нығайтатын, жастарды тәртіпке, табандылыққа және саламатты өмір салтына баулитын маңызды қоғамдық құндылықтардың бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұқаралық спорттың дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді. Сондықтан спорт саласын дамыту, әсіресе, балалар мен жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың және балалар мен жастарды спортқа кеңінен тартудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Әсіресе, 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент бұқаралық спортты дамыту халық денсаулығын нығайтудың, саламатты өмір салтын қалыптастырудың және ұлттың болашағын қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін айтты. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және ұлттық спорттың түрлерін қолдау қоғамның бірлігін нығайтып, жастардың рухани және дене тәрбиесіне оң әсер етеді. Бұл бастамалар спортты ел дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді. Президент көтерген бастамалардың барлығы халықтың денсаулығын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент спорт саласындағы жүйелі өзгерістерге тоқталып өтті.
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ, кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек. Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамалары еліміздің барлық өңірлерінде өз нәтижесін беріп келеді. Соның айқын көрінісін Жуалы ауданынан да байқауға болады. Яғни, Жуалы ауданы – ел спортының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Ауданнан түлеп ұшқан талантты спортшылар халықаралық ареналарда көк Туымызды желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып келеді. Бүгінде Жуалы жұртшылығы өз спортшыларымен мақтана алады. Өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде.
Өңірден шыққан спорт саңлақтарының жетістіктері Жуалы ауданында спорттың орны ерекше екенін көрсетеді. Олар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі болып, ауданның спорттық әлеуетін танытып келеді. Аудан мақтаныштарының қатарында бокстан Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев ерекше орын алады. Сонымен қатар, самбодан Әлем кубогының иегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның таңдаулы спортшысы атанған Сәлкен Жартыбаевтың жетістіктері жас буынға үлгі. Қазақша күрестен әлем және Азияның екі дүркін чемпионы Ғани Сейділдаев, кикбокстан әлем чемпионы Ғани Досаев, кадеттер арасында бокстан әлем чемпионы Эльдар Абдрагимов аудан спортының мәртебесін көтерген саңлақтардың қатарында.
Бүгінде ауданнан шыққан талантты спортшылар республикалық, халықаралық және әлемдік ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, туған жердің абыройын асқақтатуда. Яғни, бокстан халықаралық деңгейде танылған спортшылардың қатарында Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, WSB сериясы бойынша Әлем чемпионы, Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлдың орны ерекше. Оның ізін жалғаған Сағадат Рахманқұл да жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрінді.
Ауданның ұлттық спорттағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Көкпардан Әлем чемпионы Құлажан Тоғайбаев халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан құрамасының сапында Азия чемпионы атанды. Оның ізбасарлары Азамат Құлжан, Самғат Рахметулла және Дінмұхамед Жамалбек те жастар арасындағы Қазақстан чемпионаттарында жеңіске жетіп, ұлттық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Күрес түрлерінде де Жуалы спортшылары жоғары нәтижелерімен ерекшеленеді. Қазақ күресінен және белбеу күресінен Қазақстан чемпионы Азат Рысбек республикалық деңгейдегі жарыстарда үздіктер қатарынан көрінсе, еркін күрестен ұлттық құрама мүшелері Рахат Қалжан мен Санжар Мұхтар республикалық спартакиадалардың жеңімпаздары атанды. Ал, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғасыр Тұрғынбай әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері және Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері ретінде аудан спортының беделін биіктетіп келеді.
Жуалыдан шыққан жас таланттардың да жетістіктері көңіл қуантады. Азия чемпионы атанған Әбдімансұр Жақсылық, Қазақстан чемпиондары Мұхамедали Рүстембек, Әділет Устеменко және Әл-Фараби Қалаубек өздерінің жарқын жеңістерімен болашақта ел спортының жаңа жұлдыздары болуға лайық екенін дәлелдеуде. Сонымен қатар, Артур Ашылбай мен Бейбарыс Әшірбай республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп келеді.
Самбодан Азия чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Қазыбек Ракишов халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрсе, дзюдошылар Ержігіт Дәулет пен Шапағат Дәулет Қазақстан чемпионаттары мен Азия деңгейіндегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Еркін күрестен Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы Әбдінұр Нұрланбек да Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да аудан мақтаныштары аз емес. Пара-армрестлингтен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұржауған Мұқатай мен қол күресінен республикалық жарыстардың жүлдегері Досымжан Құрмансейіт қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Командалық спорт түрлерінде де жуалылықтардың жетістігі назар аударарлық. Ұлттық құраманың мүшесі Әбдірәсіл Әбдіманапұлы футзалдан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Еуропа Чемпиондар лигасында өнер көрсетсе, аудан түлегі Абзал Таубай кәсіби футболдағы шеберлігімен танылып, «Тараз» футбол клубының намысын қорғауда.
Соңғы жылдары аралас жекпе-жек спортында да ауданның жастары жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Яғни, Анарбек Нұрғиса әлем чемпионы атанса, Нұрғазы Шыңғазы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл жетістіктер аудан спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Осылайша, Жуалы ауданында қалыптасқан спорттық дәстүр мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде жаңа чемпиондар легі өсіп келеді. Олар ел мерейін асырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жігер мен рух беретін жарқын үлгі болып отыр.
Өңірдің спорт саласының дамуы тек жеке спортшылар мен бапкерлердің жетістігімен ғана емес, сондай-ақ, жүйелі мемлекеттік қолдаумен де тығыз байланысты. Яғни, аудан көлемінде бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтырумен қамту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімін Керімхан Төреқұлов басқарады. Онымен бірге штаттан тыс спорт инспекторлары Дулат Оспан және Талант Жасұзақ еңбек етіп келеді.
Бөлім мамандарының мәліметінше, өңірде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар мен жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың спортқа қатысу деңгейін арттыруға басымдық берілуде.
Үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар саны 22 566 адамға жетіп, жалпы халық санының 43 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 44 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ауданда тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызды құрауы – жуалылықтардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалып отырғанының айқын дәлелі.
Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылында аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 2 106 оқушы спортпен шұғылдануда. Аула клубтарында 625 оқушы тіркелген. Білім беру мекемелерінде спорттың жеті түрі бойынша жұмыс істейтін 228 үйірмеге 4 190 оқушы қамтылған. Ал, «Даму Бала» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер ұйымдастырған спорт секцияларында 176 жасөспірім жаттығады. Жалпы алғанда аудан бойынша 7 097 жасөспірім түрлі спорттық секциялармен қамтылған.
Аудандағы үш балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 14 түрі дамытылып келеді. Бұл мектептерде 2 106 оқушы жаттықса, олардың дайындығына 55 білікті жаттықтырушы жетекшілік етеді. Ағымдағы жылы шорт-трек, шаңғы және самбо спорт түрлері бойынша жаңа секциялар ашылып, нәтижесінде, жас спортшылардың қатары көбейе түсті. Сондай-ақ, өңірде денсаулық жағдайына байланысты спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 887 адамды құрайды. Оның ішінде, 185 адам немесе 20,8 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл аудан көлемінде 153 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11 700-ге жуық адам қатысқан.
Ауданға қарасты 14 ауылдық округте 16 спорт нұсқаушысы мен екі әдіскер қызмет атқарып, тұрғындардың, әсіресе, жастардың спортпен тұрақты айналысуын ұйымдастыруда. Бүгінде аудан аумағында жалпы 173 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында бір стадион, төрт спорт кешені, 12 футбол алаңы, 108 спорттық алаңша және 48 спорт залы бар. Барлық спорт нысандары ауыл тұрғындарының еркін пайдалануына қолжетімді. Тұрғындардың спорт нысандарын пайдалануына арналған арнайы кестелер әзірленіп, бекітілген.
Өткен жылы Бауыржан Момышұлы және Қарасаз ауылдарында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп ауласында стрит-воркаут алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Қайрат, Теріс, Шақпақ және Т.Дүйсебайұлы ауылдарында жаңа футбол алаңшалары салынып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.
Қазіргі таңда ауданның 22 ауылы заманауи спорт алаңшаларымен қамтылған. Дегенмен әлі де 27 ауылда мұндай нысандар жоқ. Осы мәселені шешу мақсатында облыстық жоспарға сәйкес, 2026 жылы Көлбастау, Қарасаз, Бәйтерек, Көлтоған, Шыңбұлақ, Қосбөлтек, Ақбастау, Қоңыртөбе, Қызыларық және Ынтымақ ауылдарында заманауи футбол алаңшаларын салу жоспарланған.
Бүгінгі таңда Көлбастау, Бәйтерек, Ынтымақ және Қызыларық ауылдарындағы алаңшаларға қаржы қарастырылған. Алайда Қарасаз, Ақбастау, Көлтоған, Шыңбұлақ, Қосбөлтек және Қоңыртөбе ауылдарында жоспарланған нысандарды жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыру мәселесі өзекті болып отыр.
Қазіргі уақытта Көлтоған және Нұрлыкент ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң ауыл жастары үшін спортпен айналысу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңеймек.
Алдағы жылдары ауданның спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. 2026–2027 жылдары Бәйтерек, Шақпақата, Күреңбел, Көлбастау және Қарабастау ауылдарында жаңа спорт кешендерін салу жоспарланған. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалып, бұқаралық спорттың дамуына жаңа серпін береді.
Жалпы, ауданда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Тұрғындардың спортпен қамтылу деңгейінің артуы, жаңа спорт нысандарының салынуы, жасөспірімдердің спорт секцияларына кеңінен тартылуы және халықаралық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылардың жетістіктері аудан спортының әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалар мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар ауданның еліміздегі спорт саласының дамыған үздік өңірлердің қатарына шығаруға мүмкіндік бермек…

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close