Basty bet
Тамақтан уланудың алдын алған дұрыс!
Тамақтан улану – ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, белгілі микроорганизмдердің тірі қоздырғыштары немесе олардың тіршілік өнімдерімен (токсиндері) зарарланған асты тұтынумен байланысты организмнің әлсіз не айқын улану белгілерімен өтетін ауру. Тамақтан улануды қалай анықтауға болады?
– 6-24 сағат ішінде кенеттен басталады.
– Санитариялық кемшіліктер жіберілген тағамдық мекемеде әзірленген не таратылған тағаммен аурудың айқын байланысының болуы.
– «Күмәнді азықты» қолданудан алып тастағанда, аурудың таралуы тоқталады.
– Жанұямен бірігіп не жеке асты тұтынған топ адамдардың бір мезгілде жаппай ауруы.
– Ауру адамнан сау адамға тұрмыстық қатынастарда жұқпауы.
– Көп жағдайда улануға балалар мен жасы ұлғайған кісілер сезімтал болып келеді, оларда ауыр ағыммен өтеді.
– Микроорганизмдер көбеюінен тамақтың сыртқы түрі, дәмі өзгермейді.
Тамақтан уланудың белгілері:
– Құсу, лоқсу
– Іш аймағының ауруы
– Іштің өтуі(ботулизм кезінде іштің қатуы байқалуы мүмкін)
– Дене қызуының көтерілуі
– Әлсіздік
Тамақтан улану тудыратын факторлар:
– Микробтармен тұқымданған дайын өнімдер, ет, балық тағамдарын қайта термиялық өңдеусіз пайдалану;
– Жарамдылық мерзімі өткен дайын тағамдар мен тез бұзылатын өнімдерді қолдану;
– Ас дайындауда жеткіліксіз жылумен өңдеу және дұрыс салқындатпау;
– Ас даярлайтын адамның/қызметкердің қолдарында іріңді жаралар мен жарақаттың болуы;
– Ыдыс, құрал-жабдықтардың тазартылуында санитариялық-дезинфекциялық тәртіптің сақталмауы;
– Азық-түлікті сақтау және тасымалдау ережесінің бұзылуы;
– Тағам дайындайтын адамның/қызметкердің бактерия тасымалдаушы болуы;
Тамақтан улану кезінде не істеу керек!
– Егер жоғарыда айтылған клиникалық белгілер болса, дәрігерге барыңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз.
Азық-түлік қауіпсіздендіру бойынша кеңестер:
– Азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексеріңіз, мерзімі өткен өнімді сатып алмаңыз.
– Азық қаптамасының бүтіндігіне көз жеткізіп, майысқан, мыжылған, жыртылып-шытынаған қорабы бар өнімнен аулақ болыңыз.
– Салқындатқыш сөресіндегі қорабы томпайып, ісінген қаптамадан және консерв өнімдерінен сақ болыңыз.
– Төмен температурада тұрып сатылатын, бірақ жеткілікті салқындатылмаған өнімді сатып алмаңыз.
– Мұздатылуы жеткіліксіз өңделген өнімдерді сатып алмаңыз.
– Ыстық күйінде сатылатын тағамдар жеткілікті қыздырылмаған жағдайда алмаңыз.
– Сатып алғанда шикі ет өнімдерін басқа өнімдермен қанаспайтындай басқа өімдердің ылғалы тимейтіндей бөлек сақтаңыз.
– Салқын мұздатылған азық-түлік алсаңыз, үйге дереу жеткізуге тырысыңыз.
– Үйге келген салқын азықты тоңазытқыштың тиісті сөресіне бөлек жайғастырыңыз.
– Сатып алынған азық-түлікті балғын күйінде сақтап, ауру шақыратын микроорганизмдерден дұрыс сақтаңыз:әрбір азықтың қорабының сыртындағы сақталу талаптарымен танысыңыз.
– Мұздатылған ет пен құстың толық ерігеніне көз жеткізіңіз.
– Мұздатылған азықты ешқашан микротолқынды пеште ерітпеңіз, тоңазытқыштың төменгі бөлімінде не бөлме температурасында ерітіңіз.
– Ет фаршы, сосискалардан тамақ дайындағанда жеткілікті қуырыңыз.Толық піспеген, қуырылмаған тағамды тұтынбаңыз!
– Жеміс-көкөністерді қолданар алдында мұқият жуыңыз.
– Дайын асты бірден қолданып , бөлмеде ұзақ уақытқа қалдырмаңыз.
– Ас дайындар алдында және одан кейін, шикі азық ұстағаннан кейін, әжетқанадан кейін, үй жануарларын ұстағаннан кейін, бақшада жұмыс істегеннен кейін, қоқыс төккеннен соң міндетті түрде жуыңыз!
Осы кеңестерді ұстану – аурудың алдын алып тамақтан улану жағдайларынан сақтануға көмектеседі.
М.МҰхаметрахимов,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
департаменті басшысының орынбасары