Basty bet
«Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекеттің мызғымас тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өтіп, қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып отырғанының да өзіндік мәні бар. Себебі, Заң – барлығымызға ортақ. Заңды сыйлау және қоғамдық тәртіпті қадағалау – басты міндет.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесі. 2007 жылдың 5 маусымы күні Президенттің Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.
Қазақстан полициясы күні – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы да жемісті қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларының ерен еңбегін дәріптейтін маңызды мерекелердің бірі екені белгілі. Бұл күні қоғамның игілігі жолында қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы ерен еңбегі лайықты бағаланады.
Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі болып табылады. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта беретіні даусыз.
Қазақстан полициясының абыройын арттырып, өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында Жуалы аудандық полиция бөлімінің ұжымы да ұзақ жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жамбыл облыстық полиция департаментіне қарасты Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков өз сөзінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтырып, заң талаптарын қатаң сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыстарды болдырмау, ең бастысы – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады.
Қай саланың болсын, жұмысты жүйелеп, тірлікті алға бастырып, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін білікті кадрлардың ауадай қажет екенін жақсы білеміз. Әсіресе, құқық қорғау органдарында темірдей тәртіп орнатып, қызметкерлерді ел игілігіне бағытталған ортақ іске жұмылдыра білу – маңызды міндеттердің бірі. Айта кету керек, соңғы екі-үш жылдың көлемінде Жуалы аудандық полиция бөліміне басшы тұрақтамай, соның салдарынан аталған бөлім жұмысының біршама босаңсып кеткені бар. Әлбетте, мұның өңірде құқықбұзушылық пен қылмыстың өсуіне тікелей әсері барын айтқан жөн. Биыл жыл басында полиция бөліміндегі осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында құқық қорғау саласының жұмысында мол тәжірибесі бар білікті маман, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков аудандық полиция бөліміне бастық болып тағайындалды.
Сәбит Мамытбеков құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері табан аудармай абыройлы қызмет атқарып келе жатқан өз ісінің терең білгір маманы. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысының Меркі аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып бастаған ол әр жылдары (2003 жылдан бастап) Шу аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, Шу, Тараз қалалық полиция бөлімдерінде бастық, Жамбыл облысының полиция департаменті кадр басқармасының бастығы, теміржол полициясы басқармасының бастығы, соңғы жылдары Талас және Меркі аудандық полиция бөлімдерінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. С.Мамытбеков 2025 жылдың қаңтар айында ротация тәртібімен Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Сәбит Мұсабекұлы аудандық полиция бөлімінің жұмысын қолға алысымен ең бірінші кезекте жеке құрамның арасындағы ішкі тәртіпті жолға қою арқылы жүйелі жұмыс атқаруға кірісті десек, артық емес. Мұның ішінде полиция бөлімі қызметкерлерінің жергілікті тұрғындармен күнделікті тығыз байланыс орнатып, қызметтік этиканы қатаң сақтау мәселесіне баса назар аударылғанын атап өткен жөн. Осының нәтижесінде, 2025 жылдың бес айының қорытындысында саланың жұмысында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізіліп отыр.
– Атап айтқанда, ауданда қылмыстың тіркелуі – 52,8 пайызға төмендегені байқалады. Мұның ішінде, ауыр санаттағы қылмыстар 33 пайызға төмендеп, адам өлтіру, қасақана өлтіру, адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге, т.б. жол берілген жоқ. Ұрлық, мал ұрлығы деректері де өткен жылмен салыстырғанда, біршама азайған деуге болады. Қазір қоғамда ең маңызды болып отырғаны – интернет алаяқтықпен күрес мәселесі. Мемлекет пен қоғам болып алаяқтық әрекеттерге қарсы күрес жүйелі жүргізіліп келеді. Соған қарамастан алаяқтық фактілері азаймай отыр. Азаматтардың арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде, алаяқтық дерегі былтырмен салыстырғанда, биыл екі дерекке азайған. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аудан аумағында қаңтар айынан бастап жүйелі жұмыстар атқарылып, жол-көлік оқиғасынан қайтыс болып, дене жарақатын алғандар былтырмен салыстырғанда, 26-дан 21 дерекке азайып отыр. Аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында азаматтардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізу үстінде. Осының нәтижесінде өңірде жол-көлік оқиғалары біршама азайды деуге болады,- дейді АПБ-ның бастығы Сәбит Мамытбеков.
Құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыстарды болдырмау қай саланың жұмысында болсын, маңызды орын алады. Бұл орайда кәмелетке толмағандармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, аудандағы білім беретін 39 мектепте полиция бөлімінің бастығынан бастап, оның орынбасарлары, салаға жауапты басқа да қызметкерлер оқушылармен кездесулер өткізіп, оларға арнайы дәрістер оқылып, т.б. ағарту-түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бес айдың қорытындысында кәмелетке толмағандармен құқықбұзушылық орын алған жоқ. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкен, бұрын сотты болған азаматтармен қайталама қылмыс жасаудың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Ал топ болып қылмыс жасау бойынша орын алған үш бірдей дерек ашылып, қылмыс жасаған азаматтар заңды жазасын алғанын айтады полиция бөлімінің басшылығы.
– Президент айрықша атап өткендей, қоғам құндылықтарының ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа «Заң және тәртіп» қағидатын текке ұсынып отырған жоқ. Қоғам мен мемлекеттің дамуында мұның маңызы өте зор. Биыл шілде айында қолданысқа енгізілетін ел Конституциясында да заң мен тәртіп қағидатына ерекше мән беріліп отырғаны да жайдан жай емес. Олай болатыны, қазір елімізде әділетті қоғам құруға қажетті алғышарттар жасалып жатыр. Таяу жылдары әділетті де ашық қоғам құрып, құқықтық мемлекетке айналу үшін заң мен тәртіп қағидатының маңызы өте зор. Заңның алдында – азаматтардың барлығы бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида екені дау тудырмайды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мақсатында полиция бөлімінің ұжымы ортақ мақсатқа жұмылып жұмыс атқарып келеді. Осынау құндылықтарды тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстардың өз нәтижесін беріп отырғаны көңіл қуантады. Ел заңдарына құрметпен қарап, тәртіпті сақтауды біз ең бірінші өзімізден бастауымыз қажет. «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында аудан әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесулерінде тиісті түсіндірме жұмыстары да тұрақты жүргізіліп жатыр. Бүгінгі жас буын – Тәуелсіз елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан, жастардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы – өте маңызды.
Құқық қорғау органдарында қызмет атқару – абыройлы іс және жоғары жауапкершілік. Полицейлерге Отанның алдындағы антқа адал болу одан да маңыздырақ. Біздің негізгі міндетіміз – өңірдің қоғамдық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін, жол жүрісінің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
Ендігі кезекте аудандық полиция бөлімімен атқарылған нақты жұмыстарды зерделесек, есепті кезеңде полиция бөлімінде барлығы – 30 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, қылмыс саны 49-дан 30-ға дейін немесе 38,8 пайызға төмендеген. Тіркелген қылмыстардың 15-і өндіріспен аяқталып, ашылу деңгейі 60 пайызды құрап отыр.
Қылмыс құрылымына талдау жасағанда ауыр қылмыстардың саны – 9-дан 6-ға дейін төмендегені байқалады. Ауыр қылмыстар бойынша 7 іс аяқталып, ашылу көрсеткіші 77,8 пайызды құраған. Аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 12-ден 4-ке дейін азайып, онша ауыр емес қылмыстар 15-тен 7-ге дейін төмендеді. Қылмыстық теріс қылықтар саны өткен жылдың деңгейінде қалып, 13 деректі құрап отыр.
– Есепті кезеңде адам өлтіру, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. Бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 4 дерек тіркеліп, олардың басым бөлігі бойынша тиісті процессуалдық шешімдер қабылданған. Мал ұрлығы бойынша 2 дерек тіркеліп, оларды ашу және кінәлі тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда.
Алаяқтық қылмыстары бойынша 6 дерек тіркеліп, оның ішінде интернет-алаяқтықтың 2 фактісі орын алған. Интернет кеңістігінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде бұзақылық қылмыстар тіркелген жоқ. Өткен жылдардағы және бұрын жасалған қылмыстарды ашу жұмыстары тұрақты бақылауда. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған бір алаяқтық қылмысы ашылды. Сонымен қатар соңғы жылдардан қалған ашылмаған қылмыстық істерге талдау жүргізіліп, перспективалы қылмыстар бойынша жедел-тергеу жұмыстары жалғасуда,- дегенді айтады полиция бөлімінің бастығы.
Бір сөзбен айтқанда, аудандық полиция бөлімінің жұмыс бағыты ауқымды әрі күрделі. Осыған қарамастан, өңірдің тәртіп сақшылары уақытпен санаспай жедел әрекет етіп, жедел профилактикалық іс-шараларды қолға алудың нәтижесінде құқықбұзушылық пен қылмыстар санының едәуір азайғаны байқалады. Өңірде ахуал тұрақты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Басты мақсат – «Заң және тәртіп» идеологиясын қоғамда терең орнықтырып, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалау. Полиция бөлімінің қызметкерлері бұған әркез дайын.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»