Basty bet
Салтқа салғырт қарамайық!
Жер жүзіндегі әрбір халықтың ұлт ретінде сақталып, ғасырлар бойы өзінің бірлігін, тұтастығын және ұлттық болмысын жоғалтпай келе жатуы – ең алдымен оның рухани құндылықтарына, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты. Өйткені, дәстүр – халықтың жүріп өткен жолы, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен ұрпақ тәрбиесінің айнасы. Ата-бабадан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы асыл құндылықтар ұлттың рухани тірегіне айналады.
Қазақ халқы да сан ғасырлық тарихында небір қиындықтар мен сындардан өтті. Жат жұрттың ықпалына да, заманның сан алуан өзгерісіне де куә болды. Соған қарамастан өзінің ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын сақтап қалды. Мұның өзі халқымыздың рухани тамырының тереңде жатқанын көрсетеді.
Ата-бабамыздан бізге жеткен дәстүрлердің әрқайсысының өзіндік орны мен тәрбиелік мәні бар. Қазақтың дүниеге сәби келуінен бастап, оны азамат қатарына қосқанға дейінгі барлық кезеңі салт-дәстүрмен сабақтасып жатыр. Шілдехана, қырқынан шығару, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той – мұның барлығы жай ғана мереке немесе жиын емес, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған ұлттық құндылықтар.
Сондықтан салт-дәстүрді өткеннің сарқыншағы деп қарауға болмайды. Ол – ұлттың рухани қазынасы, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға қызмет ететін өміршең құндылық.
Әрине, уақыт өзгерген сайын қоғам да өзгереді. Жаһандану дәуірінде түрлі мәдениеттер мен өмір салты бір-бірімен араласып, қоғамның тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді. Кеңестік кезеңде де ұлттық дәстүріміз бен діни құндылықтарымызға белгілі дәрежеде шектеулер қойылып, кейбір салттардың орындалуы әлсіреді. Дегенмен халқымыз өзінің рухани тамырынан толық ажырап қалған жоқ.
Тәуелсіздікпен бірге ұлттық құндылықтарға деген көзқарас та өзгерді. Ұмыт болған дәстүрлер қайта жаңғырып, тарихымызға, тілімізге, дінімізге деген құрмет арта түсті. Бұл – егемендіктің халқымызға берген үлкен рухани мүмкіндіктерінің бірі.
Қазақ халқы үшін отбасы – қашанда қасиетті ұғым. «Отан – отбасынан басталады» деген даналықтың өзі осыны аңғартады. Сондықтан екі жастың шаңырақ көтеруі де халқымыз үшін үлкен жауапкершілікпен қаралатын маңызды оқиға.
Қазақы ортада қыз баланың өз үйінен шығып, жаңа шаңыраққа келуі, келін болып түсуі – тек екі жастың ғана емес, екі әулеттің арасындағы сыйластық пен туыстықтың басталуы. Осыған байланысты халқымызда құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, беташар секілді сан түрлі дәстүр қалыптасқан.
Неке – отбасылық өмірдің берік бастауы. Ол екі жастың бір-біріне деген адалдығын, өзара жауапкершілігін және болашаққа бірге қадам басуға деген ниетін білдіреді. Сондықтан жас отбасылардың шаңырақ көтеруге саналы түрде қарап, заң талаптарын да, рухани құндылықтарды да құрметтеуі маңызды.
Бүгінде жастар арасында некеге тұру мәселесіне деген жауапкершілікті арттыру қажет. Отбасы – жай ғана бірге тұру емес, ол – өзара сыйластық, сенім, адалдық және үлкен жауапкершілік. Осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру – ата-ананың да, қоғамның да ортақ міндеті.
Халқымыздың дәстүрінде қуаныштың да, қайғының да өзіндік орны мен әдебі болған. Қазақ дүниеден өткен адамды соңғы сапарға шығарып салуға, оның артында қалған туған-туысына көңіл айтуға ерекше мән берген. Марқұмның рухына дұға бағыштап, садақа беру – халқымыздың адамгершілік пен бауырмалдыққа негізделген дәстүрлерінің бірі.
Алайда соңғы жылдары кейбір салттардың мәнінен гөрі сыртқы сән-салтанатына көбірек көңіл бөлініп бара жатқандай әсер қалдыратын жағдайлар кездеседі. Қуанышқа арналған дастарқан мен қайғылы жиынның дастарқанының ара-жігі ажырамай, ысырапшылдыққа жол берілетін сәттер де бар.
Қайғылы жиынның басты мақсаты – мол дастарқан жаю немесе сән-салтанат көрсету емес. Ең алдымен марқұмды құрметпен еске алып, дұға бағыштап, жақындарының қайғысына ортақтасу. Сондықтан мұндай жағдайда қарапайымдылық пен сабырлылықты сақтау – халқымыздың дәстүріне де, адамгершілік қағидаларына да сай келетін ұстаным. Халқымыз «Ысырап түбі – қасірет» деп бекер айтпаған.
Кейде бір-бірімізден қалмайық деген оймен, елден асып түсу мақсатымен орынсыз шығынға жол беріп жатамыз. Ал, шын мәнінде дастарқанның көптігі емес, ниеттің тазалығы мен берілген батаның, жасалған дұғаның шынайылығы маңызды.
Сол сияқты бүгінгі қоғамда той мәдениеті де көпшілікті ойландыратын мәселеге айналып отыр. Той – қазақ халқының қуанышы, ағайынның басын қосатын, ақ тілек айтылатын қасиетті басқосу. Бірақ тойдың қадірі жұмсалған қаражаттың көлемімен немесе дастарқанның байлығымен өлшенбеуі тиіс.
Кейде қарапайым отбасылық қуаныштың өзі бәсекеге, астамшылыққа айналып бара жатады. Бірі жасаған тойдан екіншісі асып түсуге тырысып, шамасы жетпесе де қарызға батып жататындар кездеседі. Мұндай жағдайда ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәнінен гөрі сыртқы көрініс алдыңғы орынға шығып кетуі мүмкін.
Ұлттық құндылықтарымызды сақтау дегеніміз – өткенді сол күйінде қайталау емес. Керісінше, ата-бабамыздан жеткен дәстүрлердің мәнін түсініп, оны бүгінгі өмірмен үйлестіре білу.
Әр халықтың өзіне тән салт-санасы, өмір сүру мәдениеті бар. Біз де өзге жұрттың жақсы қасиетін үйрене отырып, ұлттық болмысымызға жат әдеттерді ойланбастан қабылдай бермеуіміз керек. Өйткені, ұлттың рухани беріктігі – өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құндылықтарды қадірлейтінін ұмытпауында.
Бұл ретте жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Жас ұрпақ ұлттық дәстүрді тек кітаптан оқып немесе мерекелік шаралардан ғана көрмеуі керек. Ол отбасындағы тәрбиеден басталуы тиіс. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-ананы құрметтеу, ағайынмен араласу, қонақжайлық таныту – қазақы тәрбиенің негізі.
Ұлттық дәстүрлеріміздің ішінде шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсаукесер, сүндет той секілді ғұрыптардың тәрбиелік мәні ерекше. Бұл салттардың әрқайсысында халықтың балаға деген қамқорлығы, ұрпаққа деген үміті мен ізгі тілегі жатыр.
Осындай дәстүрлерімізді жаңғыртып, оның шынайы мазмұнын жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, ұлттық тәрбиенің де тамыры тереңдей түспек.
Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда ысырапсыз, тәртіпті, жарасымды той өткізуді кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Әсіресе, жастардың үйлену тойын ұлттық салт-дәстүрге сай, мәнді де мағыналы етіп өткізуге көңіл бөлген жөн. Той – келер ұрпаққа үлгі болатын орта. Сондықтан ол тәртіпсіздікпен емес, ақ тілекпен, жарасымды дәстүрмен, үлкеннің батасымен есте қалуы тиіс.
Ұрпақ тәрбиесі – тек мектептің немесе отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ ісі. Бүгінгі жас қандай тәрбие алса, ертеңгі қоғам да сондай болады.
Тәуелсіздік жылдары халқымыздың рухани өмірінде үлкен өзгерістер болды. Дінімізге, тілімізге, тарихымызға деген құрмет қайта оянды. Бұрын мешіт саны аз болған елді мекендерде бүгінде құлшылық үйлері салынып, халықтың рухани өміріне қызмет етіп келеді.
Бұл өзгерісті ауданымыздың тыныс-тіршілігінен де анық байқауға болады. Егемендік алғанға дейін аудан аумағында мешіттердің саны өте аз болса, тәуелсіздік жылдарында ауыл-ауылда құлшылық үйлері бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Бүгінде ауданымызда 29 мешіттің жұмыс істеуі – рухани өміріміздегі үлкен өзгерістің көрінісі.
Бұл мешіттердің бой көтеруіне ел азаматтары, кәсіпкерлер мен қайырымды жандар өз үлестерін қосты. Халық болып жұмылып, игі іске атсалысқан азаматтардың еңбегі – елдің бірлігі мен рухани құндылықтарға деген құрметінің белгісі.
Сондай-ақ, жеке азаматтардың өз қаражаттарына мешіт салып, оның халық игілігіне қызмет етуіне жағдай жасауы да – сауапты әрі өнегелі іс. Әбділім-Малдыбай мешітінің салынуына Қанатбек Әбділімовтің, Ұрзада апа мешітінің бой көтеруіне Рәсілхан есімді азаматтың, Әбдіқадыр мешітінің салынуына Жүргеновтің қосқан үлесі – туған жердің рухани өміріне жасалған қызметтің көрінісі.
Бұл – тек ғимарат салу ғана емес. Бұл – келер ұрпаққа рухани тәрбие беру, имандылық пен адамгершілікке үндейтін орта қалыптастыру.
Дін мен дәстүр – халқымыздың рухани өмірінде ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан құндылықтар.Ұлттық салт-дәстүріміздің де, діни құндылықтарымыздың да түпкі мақсаты – адамды ізгілікке, адалдыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.
Ең бастысы – дәстүрдің сыртқы көрінісіне ғана емес, оның мәні мен мазмұнына көңіл бөлу. Өйткені салттың қадірі – оның қаншалықты сәнді өткізілгенінде емес, адам тәрбиесіне тигізер пайдасында.
Біз ұрпағымызға тек материалдық байлық қалдыруды емес, рухани мұра қалдыруды да ойлауымыз керек. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық тәрбиемізді, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттерімізді кейінгі буынға жеткізу – әрбір азаматтың парызы.
Ұлттың бірлігі де, елдің тұтастығы да ортақ құндылықтар арқылы нығаяды. Сан ғасырдан бері ата-бабамыз сақтап келген салт-дәстүріміз – сол бірліктің алтын арқауы. Сондықтан асылымызды бағалап, саналы салтымызды сақтайық. Дәстүрді дарақылыққа емес, тәрбиелік мәнге негіздейік. Тойды бәсекеге емес, берекеге айналдырайық. Қуанышта шүкіршілікті, қайғыда сабырлылықты серік етейік. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы көкте желбіреп, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі мәңгі жасасын! Алла тағала елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, әр шаңыраққа береке нәсіп етсін! Саналы салтымызды сақтайық, асыл құндылықтарымызды ардақтайық!
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік
мешітінің имамы.
Б.Момышұлы ауылы