Basty bet
Табиғаты тұнық, тарихы терең өлке
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясындағы мәдени шаралар легі Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарбастау ауылында жалғасын тапты. Табиғаты көркем, тарихы терең, тіршілігі берекелі Билікөл өңірінің болмысын танытуға арналған «Құт қонған мекен – Билікөл» тақырыбындағы тағылымды шара ауыл тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Қарбастау ауылдық мәдениет үйінде өткен мазмұнды кеш туған өлкенің табиғи байлығын дәріптеуді, Билікөлдің тарихы мен тыныс-тіршілігін танытуды, көлмен тағдыры сабақтас еңбек адамдарын құрметтеуді және жас ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіруді мақсат етті.
Жалпы, туған жер – әр адамның жүрегіндегі ең қастерлі ұғым. Адам баласы қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған топырағын, балалық шағы өткен өлкесін, туған жердің тау-тасын, өзен-көлін сағынады. Өйткені, туған өлке – тек географиялық мекен ғана емес, ол – ұлттың тарихы, елдің шежіресі, ұрпақтың рухани тамыры.
Қасиетті Жуалы жерінің әрбір өңірінің өзіндік тарихы, өзіндік ерекшелігі бар. Қарт Қаратаудың етегі мен асқар Алатаудың арасына орналасқан бұл өлке – табиғаттың ерекше сыйына айналған қастерлі мекендердің бірі. Сол Жуалының көрікті өңірлерінің қатарында Билікөлдің де алар орны айрықша.
Атауының өзінде айдынның тынысы сезілетін Билікөл – табиғаты мен тіршілігі жарасым тапқан мекен. Көгілдір айдыны, жағалаудағы қалың қамысы, самал желмен тербелген табиғаты, суымен бірге өрілген ауыл өмірі бұл өлкенің өзіндік келбетін айқындай түседі. Көл – тек табиғат көркі ғана емес, талай шаңырақтың несібесіне айналған ырыс көзі.
Мәдени шараға келген қонақтар алдымен арнайы ұйымдастырылған көрмелермен танысты. «Билікөл – табиғат тартуы» көрмесінде өңірдің табиғи ерекшелігі мен көркем келбеті кеңінен таныстырылса, «Табиғатты қорғайық» бұрышында қоршаған ортаны аялау, табиғи байлықты сақтау мәселесі көрініс тапты. Ал, «Көл байлығы – ел ырысы» көрмесі Билікөлдің жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі маңызын айшықтай түсті.
Сонымен қатар, балықшы Ғазиз Ошановтың еңбегі мен балықшылыққа қатысты дүниелер қойылған арнайы көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл – көлдің ырысын елдің несібесіне айналдырып жүрген қарапайым еңбек адамдарының тіршілігіне көрсетілген құрметтің бір көрінісі еді.
Мәдени шараның басталуы да ерекше әсерге толы болды. «Су – тіршілік көзі» атты бейнекөрсетілім көрсетіліп, сахна төріне Су Ана бейнесі шығып, бишілердің әсерлі композициясы ұсынылды. Бұл көрініс судың адамзат өміріндегі маңызын, табиғат пен тіршіліктің өзара сабақтастығын көркем түрде жеткізді.
Одан кейін «Билікөл» әні орындалып, кештің шымылдығы салтанатты түрде ашылды. Жүргізушілер қасиетті Жуалы жері мен Билікөл өңірінің табиғи ерекшелігін, туған жердің адам өміріндегі орнын тебірене сөз етті.
Әрбір төбе – тарих, әрбір бұлақ – шежіре, әрбір ауыл – өзіндік бір әлем. Ал, туған жер – адамның жүрегінде мәңгі сақталатын ең қастерлі мекен. Осындай жүрекжарды ойлар кештің негізгі мазмұнын айқындай түсті.
Шарада көрермендерге «Құт қонған мекен – Билікөл» тақырыбында бейнеролик ұсынылды. Онда Билікөлдің табиғи ерекшелігі, тарихы және бүгінгі тыныс-тіршілігі кеңінен көрсетілді. Көлдің өткені мен бүгіні, ел өміріндегі орны көрермен назарына ұсынылып, туған өлкенің бай тарихына тағы бір мәрте көз жүгіртуге мүмкіндік берді.
Билікөлдің тарихы мен өңірдің ерекшеліктері жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев тағылымды ойымен бөлісті. Өлке тарихын, елдің өткен жолын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталған ардагер туған жердің қадірін білу – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.
Көлдің тыныс-тіршілігін балықшы еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан сахнада ұсынылған «Балықшылар» театрландырылған көрінісі кештің мазмұнын тереңдете түсті. Көрініс арқылы балықшылардың күнделікті тіршілігі, көл жағасында еңбек еткен жандардың өмірі мен маңдай тері көркем бейнеленді.
Ауылдың ажарын ашатын – еңбек. Таңмен таласа тұрып, малын бағып, жерін баптап, елдің ырысын арттыру жолында жүрген еңбек адамдарының маңдай тері – ауыл өмірінің басты тірегі. Бірі егінмен айналысса, енді бірі мал шаруашылығын дамытады. Ал, Билікөл өңірі үшін балықшылықтың да орны ерекше.
Осы орайда ауылдың өсіп-өркендеуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарды марапаттау рәсімін өткізген ауыл әкімі Еркебұлан Қамбарбеков ауылдың берекесі мен бірлігін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылық білдірді.
Бұл – қарапайым еңбек иелерінің қоғамдағы орнын бағалап, олардың туған өлкенің өркендеуіне қосқан үлесін көпшілік алдында дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Кеш барысында Билікөл жастары да өз өнерлерін ортаға салды. Жастардың жігерлі флешмобы ауыл жастарының белсенділігі мен туған жерге деген мақтанышын көрсетті. Жастардың жалынды өнері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал, балаларға арналған танымдық бөлім де шараның мазмұнын байыта түсті. «Ақылыңнан айналдым» атты викториналық ойын барысында бүлдіршіндерге су, табиғат, Билікөл, балықшылық және туған жерге қатысты қызықты сұрақтар қойылды. Балалар табиғаттың ерекшеліктері мен судың қасиеті жөніндегі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімді әрі зерек екенін көрсетті.
«Су табиғатта неше күйде болады?», «Судың да … бар» деген мақал қалай жалғасады?» және «Сулы жер – … жер» секілді сұрақтар балалардың танымын кеңейтіп, олардың табиғатқа қатысты білімін шыңдауға бағытталды.
Шарада балалардың шығармашылығына да ерекше мән берілді. Бүлдіршіндер туған жер, табиғат және Билікөл тақырыбында сурет салып, өз қиялдарындағы көркем өлкені қағаз бетіне түсірді. Балалардың бояумен салған табиғат көріністерінен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік пен балғын жүректің тазалығы аңғарылып тұрды.
Бұл көрме үлкендер үшін де ерекше әсерлі болды. Себебі, туған өлкенің табиғатын қорғау, оны қадірлеу сезімі дәл осындай балалық шақтан басталады. Бүгін Билікөлдің көркін қағаз бетіне түсіріп отырған бүлдіршін ертең сол табиғатты қорғауға үлес қосатын азамат болып қалыптасары анық.
Тағылымды кеш одан әрі күй мен әнге ұласты. Құрманғазының әйгілі «Адай» күйі орындалып, қазақ рухының асқақтығы күй күмбірімен жеткізілді. Мәдени шараның тағы бір ерекшелігі – Билікөлдің байлығы мен қазақы қонақжайлықтың үйлесім табуы болды. Қонақтарға арнайы дастарқан жайылып, Билікөл көлінде кездесетін балықтардың түр-түрі таныстырылды. Бұл көрме келген қонақтарға өңірдің табиғи байлығын жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Ұлттық тағамдардан бауырсақ, қымыз, құрт қойылып, қазақ халқының дарқан көңілі мен қонақжай дәстүрі паш етілді. Дастарқан басындағы ұлттық дәм мен көл байлығын танытатын көрме шараның мазмұнын одан әрі толықтырды.
Бір қарағанда, бұл – жай ғана мәдени кеш сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, «Құт қонған мекен – Билікөл» шарасының астарында үлкен тағылым жатыр. Мұнда бір ғана көл туралы сөз болған жоқ. Мұнда туған жердің қадірі, табиғаттың қасиеті, еңбектің құны, ұрпаққа аманат болатын ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Су – тіршіліктің көзі. Ал, көл – сол тіршіліктің ажырамас бөлігі. Табиғаттың әрбір сыйын қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілігі.
Билікөл – табиғаттың тартуы. Ол – елдің ырысы, өңірдің көркі, талай жанның тіршілік көзі. Сондықтан көлдің айдыны тартылмай, табиғаты тозбай, байлығы ортаймай, келер ұрпаққа аман жетуі – баршаға ортақ міндет.
«Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында өткен бұл тағылымды шара туған жердің тарихы мен табиғатын танытып қана қоймай, елдің берекесі – бірлікте, ауылдың қуаты – еңбекте, ұрпақтың болашағы – туған жерге деген сүйіспеншілікте екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»
